Бізде ғылым мен өнеркәсіп арасында үлкен алшақтық бар - жас ғалым
Біздің бүгін кейіпкер – Алматы қаласының тумасы Бақытжан Сариев. 30 жастағы азамат Қытайдың Циндао қаласындағы China University of Petroleum университетінің мұнай инженериясы мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Одан кейін Шанхайдағы әлемнің жетекші университеттерінің бірі Shanghai Jiao Tong University-дің магистратурасын тәмамдаған , деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Осылайша Қытай үкіметінің грантын жеңіп, жоғары технологиялық материалдар саласындағы зерттеулерге толық көңіл бөле бастайды. Шанхайда ғылыммен кәсіби түрде айналысып, «болашақ жолым – осы» деп түсінеді. Ол күрделі инженерлік мәселелерді шешу жолында жаңа шешімдер қабылдауды қалайтынын айтады.
Сариевтің сөзінше, уақыт өте көрген-түйгенін Қазақстанның ғылымы мен технологиясын дамытуға қолданғысы келетінін түсінеді. Кейін елге оралып Назарбаев университетіне докторантураға түскен.
Таңдауыма отбасым әсер етті. Ата-анам әрдайым мені қолдап, бастаған істерімді аяқтауды, үнемі алға ұмтылуды талап етті. Маған деген сенімдерінің арқасында күрделі оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, ғылымды өмірлік миссиям еттім,-дейді Бақытжан.
El.kz: Бақытжан, Назарбаев университетінде доктарантурада оқиды екенсіз? Қазір қандай зерттеу жұмыстарымен айналысып жатырсыздар?
Бақытжан Сариев: Докторантураға түсіп, металға арналған 3D-принтерлер мен электрондық микроскоптар сияқты заманауи жабдықтармен жұмыс істеуді үйрендім. Сол арқылы қазіргі технологиялар мен материалтану әлеміне тереңірек бойлай алдым. Мен үшін Христос Спитас пен Борис Гольман тәрізді профессорлармен бірлесіп жұмыс істеу ерекше маңызды болды. Осындай кәсіби мамандардан білім алу - мен үшін үлкен бақыт.
Университетте жүргенімде Қазақстанның алдыңғы қатарлы ғалымдарын біріктіретін Жас ғалымдар альянсының жұмысымен таныстым. Осы альянс арқылы достар мен пікірлестерді кездестірдім. Олар өз кезегінде ғалым ретінде қалыптасуыма ықпал етті. Бұл қауымдастық мені жаңа идеяларға шабыттандырып, командада жұмыс істеуді үйретті. Сондай-ақ еліміздің ғылым саласын дамытуға құлшынысты оятты. Осы мүмкіндіктер аясында ғылыми дағдыларымды жетілдіріп қана қоймай, шынайы пайда әкелетін және практикалық қолданылуы бар жобаларды жасауға тырыстым. Университет әлеуетімді толық жүзеге асырып, ғылыми әрі кәсіби қызметтің сын-тегеуріндеріне дайындалуыма қолайлы жағдай жасады.
El.kz: Қытай мен АҚШ-тың білім беру жүйелерінің қазақстандық жүйеден айырмашылығын сезіндіңіз бе?
Бақытжан Сариев: Қытайдың білім беру жүйесі қатаңдығымен, құрылымдылығымен және жоғары бәсекелестік деңгейімен ерекшеленеді. Бұл жүйе тәртіпке, теориялық аспектілерді тереңдетіп оқытуға және фундаменталды әрі жаратылыстану ғылымдарын дамытуға баса назар аударады. Мұнда студенттер қатаң бәсекелестік жағдайында жұмыс істейді. Бұл олардың бойында табандылық пен шыдамдылық қасиеттерін қалыптастырады. Сондай-ақ Қытай университеттері мықты ғылыми базаны ұсынады. Бұл материалтану, инженерия және жоғары технологиялар сияқты салаларда зерттеулер жүргізу үшін қолайлы.
АҚШ-тың білім беру жүйесі мүлдем басқа бағытты ұстанады. Америкада шығармашылықты, тұлғалық ерекшелікті және пәнаралық өзара әрекеттестікті дамытуға ерекше назар аударады. Оқыту үдерісі студенттердің стандарттан тыс ойлау қабілеттерін дамытуға, жеке жобаларын жасап, инновациялық шешімдер табуға негізделеді. Мұнда теориялық білім тәжірибемен ұштасып, бұл, өз кезегінде, түлектерге кәсіби қызметке жылдам бейімделуге мүмкіндік береді. Зерттеулер жүргізу және инновацияларды енгізу айтарлықтай ресурстарды қажет етеді.
Қазақстанның білім беру жүйесі, көптеген реформаға қарамастан, әлі де Кеңес дәуірінен қалған кейбір ескі элементтерді сақтап келеді. Тұрақты әдістемелер мен тәжірибелер жаңартуды қажет етеді. Басты себеп – оқытушылар құрамының тұрақты түрде қайта даярлаудан өтпеуі. Бүгінде әлем жылдам өзгеруде. Оның екпініне ілесу қиындап барады. 5-10 жыл бұрын өзекті болған білім-қарымдардың жаһандану мен цифрландыру салдарынан әбден тозығы жетуі мүмкін.
Ерекше назар аударуды қажет ететін тағы бір маңызды мәселе – тілді білмегендіктен пайда болатын қиындықтар. Ғылыми әдебиеттердің 99%-ы ағылшын тілінде жарияланады. Сол себепті заманауи білімге қолжетімділік азаяды. Жаңа технологияларды енгізу, оқыту әдістерін жаңарту, студенттер мен оқытушылар арасында ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыру білім беру картасындағы Қазақстанның орнын екшелеп берер еді.
El.kz: АҚШ-та мансабыңызды жалғастыру мүмкіндігіне қарамастан, елге оралуға не түрткі болды?
Бақытжан Сариев: Шетелде өмір сүрген жеті жылдың ішінде бір қарапайым ақиқатты түсіндім: басқа елде қаншалықты табысты болсаң да, сол едің «адамы» болу мүмкін емес. Иә, халықаралық тәжірибе өте құнды. Ол алдыңнан жаңа көкжиектерді ашып, ой-өрісті кеңейтеді. Бірақ одан да маңызды дүниелер бар. Мәселен, өз еліңде осы тәжірибені өзгерістердің қозғаушы күші ретінде қолдану керек.
Өзгерістерді қажет ететін жүйеге оралып, оған өз уақытыңды және ресурстарыңды арнау - батыл шешім. Десе де мұның өзінде ерекше бір мақсат бар: дайын жүйені пайдаланбай, жаңасын құру. Көбінесе адамдар шетелдегі өмірді, әсіресе АҚШ сияқты елдерде өмір сүруді армандайды. Идеализация жасайды. Американы «шексіз мүмкіндіктер елі» деп айтады, бұл рас. Бірақ адамдардың 90%-ы қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінін сөз етпейді. Мысалы, бұл бейімделу мәселелері, бәсекелестіктің жоғары деңгейі, жалғыздық немесе тіпті алалаушылық болуы мүмкін. Шетелде «бөтен» болудың, күн астындағы орын үшін күрестің қиындығы туралы ашық айтуға бәрі бірдей дайын емес.
Сол себепті шетелде жинаған тәжірибемді өз елімде қолдану мүмкіндігіне қуанамын. Иә, біздің жүйеміз өзгерістерді қажет етеді. Рас. Кейде тіпті талантты жастардың өзі елде мойындалмай, шетелде ғана лайықты бағаланып жататыны қынжылтады. Сонда да осы тектес сынақтар арқылы нақты өзгерістерге қол жеткізуге болады деп сенемін.
Біз, қоғам ретінде, жаңа идеяларға ашық бола бастадық. Өз таланттарымызды бағалап, ел табысы әрқайсымыздың қолында екенін түсіне бастадық. Сондықтан елге оралып, туған жерімнің дамуына күш салуды «саналы шешім, шынайы мотивация» деп білемін.
El.kz: Докторантурадағы зерттеуіңіздің тақырыбы қандай? Еліміз үшін маңызы неде деп ойлайсыз?
Бақытжан Сариев: Зерттеу тақырыбым - «Жаңа композиттік материалдар мен металл қорытпаларын әзірлеу». Материалдардың ерекше қасиеттері оны жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолдануға жағдай жасайды. Мұның Қазақстан үшін маңызы зор. Себебі еліміз ғарыштық әлеуетін дамытып, өнеркәсіпте инновациялық шешімдерге мұқтаж.
Заманауи композиттер мен қорытпалар аэроғарыш саласында қолданылатын жабдықтардың сапасын едәуір жақсартады. Мысалы, жоғары беріктігі мен жеңілдігі бар, экстремалды температура мен тозуға төзімді материалдар спутниктер мен басқа да ғарыш аппараттарына сенімді конструкциялар жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл технологиялар энергетика мен көлік саласында қолданылып, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға үлес қосады. Менің зерттеуім функционалды-градиенттік материалдар мен композиттерді жасауға бағытталған. Олар аддитивті технологияларды қолдану арқылы өндірілуде. Бұл әдіс өнімнің сапасын арттырып қоймай, өндірісті үнемді әрі экологиялық таза етеді.
El.kz: Мұнай-газ саласына қандай инновациялар қажет деп ойлайсыз?
Бақытжан Сариев: Мұнай беру коэффициентін арттыру технологиялары – Қазақстандағы көмірсутектерді өндіру тиімділігін айтарлықтай арттыратын маңызды бағыт. Бұл технологиялар химиялық инъекциялар, буды қолдану және экологиялық қауіпсіз белсенді заттарды пайдалануды қамтиды. Мәселен, бұрын мұнай беру коэффициентін 30%-ға арттырған пакерлік құрылымды әзірледім. Мұндай тәсілдер жер қойнауын толық пайдалануға мүмкіндік беріп, қоршаған ортаға әсерін азайтады.
Фото: жеке мұрағаттан
Сондай-ақ саланың маңызды бағыты – цифрландыру. Жасанды интеллект пен үлкен деректерді пайдалану мұнай өндіру тізбегінің барлық процесін – кен орындарын зерттеуден бастап, пайдалану кезеңіне дейін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, автоматтандыру мен цифрландыру жабдықтың тоқтап қалуын азайтуға, ресурстарды тиімді пайдалануға және проблемалық аймақтарды ерте анықтауға көмектеседі. Машиналық оқыту технологиялары резервуарларды модельдеуге, ұңғымалардың өнімділігін болжауға және операциялық шығындарды азайтуға қолданылуы мүмкін.
Мұнай беру коэффициентін арттырудың инновациялық әдістерін цифрлық шешімдермен біріктіру Қазақстанның табиғи ресурстарды тиімді пайдалануына, шығындарын азайтуға және жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе экологиялық таза және тұрақты технологияларға көшу жағдайында өте өзекті.
El.kz: Қазақстанда ғылымды дамыту үшін қандай реформалар мен бастамалар қажет...
Бақытжан Сариев: Қазақстанда, өкінішке қарай, ғылым мен өнеркәсіп арасында үлкен алшақтық бар. Көптеген компания ғылыми әзірлемелерді енгізуді қажет көрмейді. Өйткені ол уақытты, ресурстар мен қалыптасқан процестерге өзгеріс енгізуді талап етеді. «Барлығы жұмыс істеп тұрса, оны жақсартудың қажеті неде?» деген логика көбінесе бизнестің де, ғылымның да дамуын тежейді.
Мемлекет отандық ғылыми әзірлемелерді енгізуді ынталандырса, өзгертуге болады деп сенемін. Мәселен, жергілікті зерттеу нәтижелерін пайдаланатын жеке компанияларға жеңілдіктер мен преференциялар беру күшті құрал болар еді. Бұл бизнес пен ғалымдардың серіктестігін арттырып, инновациялық жобалардың дамуына жол ашар еді.
Сондай-ақ әрбір ірі компанияда зерттеу және дамыту бөлімі (R&D) болуы керек деп есептеймін. Мұндай бөлімдер ғылыми қауымдастық пен өнеркәсіп арасында көпір болып, әзірлемелерді бизнестің нақты қажеттіліктеріне бейімдер еді.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев айтқандай: «Өндіріспен органикалық байланысы бар ғылым ғана оны жоғары технологиялық сатылардан өтуге итермелеп, сол арқылы өз дамуына серпін ала алады». Бұл сөздер мәселенің мән-жайын нақты аңғартып, ғылымды өнеркәсіпке интеграциялаудың маңызын айқындайды.
El.kz: Шетелде алған тәжірибе тұлға ретінде қалыптасуыңызға қалай әсер етті?
Бақытжан Сариев: Шетелде алған тәжірибем мені жаңа жағдайларға тез бейімделуді үйретті. Жат елде тұрғанда, мәдени айырмашылықтармен, тілдік кедергілермен және бейтаныс жүйемен бетпе-бет келесің. Сол арқылы икемді болып, кез келген жағдайда шешім табуды үйренесің.
Фото: жеке мұрағаттан
Бұл тәжірибе мені тәуелсіз, еркін болуға тәрбиеледі. Отбасың мен үйреншікті ортаңнан алыс жерде өз уақытыңды тиімді ұйымдастырып, барлық қиындықты өз бетіңше еңсеруге тура келеді.
Бастамашыл болуды үйрендім. Шетелде жоғары бәсекелестік жағдайында тасада қалуға болмайды. Белсенді болып, көшбасшылық қабілеттерді көрсетіп, мақсаттарыңа сенімді түрде ұмтылу керек.
Тағы бір маңызды дағды – тез және нақты шешім қабылдай білу. Жылдам өзгеретін ортада жағдайды жедел бағалап, тәуекелдерді талдап, ең жақсы жолды таңдауға тура келеді. Бұл қасиет кәсіби салада да, күнделікті өмірде де - өте құнды.
El.kz: Шетелде білім алуды армандайтын жас ғалымдар мен студенттерге берер кеңесіңіз қандай?
Бақытжан Сариев: Өміріңіз үшін жауапкершілік алыңыз және оны өзіңіз қалағандай етіп құрыңыз. Сіз үшін оны ешкім жасамайды. Есік қаққан адамға ғана ашылады. Егер бір нәрсені қаласаңыз, мүмкіндіктер өздігінен пайда болады деп күтпеңіз. Барыңыз, жасаңыз. Өсу мен дамудың жалғыз жолы – осы.
El.kz: Қазақстанның мұнай-газ секторында қандай негізгі мәселелер бар деп ойлайсыз?
Бақытжан Сариев: Негізгі мәселелерге ескірген технологиялар, шикізат экспортына тәуелділік, мамандардың төмен біліктілігі және экологияға жеткіліксіз көңіл бөлу жатады. Бұл мәселелерді шешу үшін құрал-жабдықтарды жаңарту, инновацияларды енгізу, мамандарды қайта даярлау және ел ішінде шикізатты қайта өңдеуді қолға алу қажет. Мұндай шаралар тиімділікті арттырып, экономиканы нығайтады.
El.kz: Зерттеулеріңіз еліміздің энергетика секторына қалай әсер ете алады?
Бақытжан Сариев: Зерттеу жұмысым материалдар мен өндірістік процестерді жетілдіруге бағытталған. Ол Қазақстанның энергетика секторындағы тиімділік пен тұрақтылықты айтарлықтай арттырады. Заманауи талаптарға, соның ішінде цифрландыруға, автоматтандыруға және экологиялық стандарттарға бейімделуге мүмкіндік беретін жаңа әдістер мен тәжірибелер әзірленуде.
Бұл әзірлемелер ресурстарды өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау кезінде пайдаланылатын жабдықтар үшін неғұрлым сенімді және ұзақ мерзімді материалдар жасауға көмектеседі. Бұл шығындарды азайтып қана қоймай, өнімділікті арттырады. Ал бұл ел экономикасы үшін маңызды энергетика секторына қажет.
El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!