Жаңалықтар

Бүйрек ауруларының біз мән бермейтін белгілері

Сау бүйрек тәулігіне қанды 300 рет тазалауы тиіс
 Бүйрек ауруларының біз мән бермейтін белгілері
05.06.2019 12:12 311788

Әлемдік статистикада бүйректің созылмалы ауруы өлімге алып келетін алтыншы себеп екені көрсетілген. Жалпы бүйрек дертіне шалдыққандардың саны – 850 миллион болса, жыл сайын олардың 2,4 миллионы өмірімен қош айтысады.

Қазақстанда да бұл дерттің шырмауына түсіп, шырылдап жүрген жандар жетерлік. Сонымен, бүйрек – зәр өндіріп, оны несеп жолдары арқылы сыртқа шығарумен айналысады. Ағзадағы зат алмасу кезінде пайда болған сұйықтық пен токсиндерді сүзгіден өткізіп, зәрмен бірге айдап жібереді. Сол сияқты қанның қышқылын арттырмаудың алдын алатын қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті реттеп отырады. Бүйрек артериялық қысымды қалыпты ұстап, грмондарды өндіруге ат салысады. Эритропоэтин секілді бүйрек гормоны жілік майындағы қан жасушаларын бақылап отырады. Онымен қоса, бүйрек D дәруменін өндіріп, қандағы кальцийдің көрсеткішіне ықпал етуге қауқарлы. Бұл дәрумен сүйектің мықтылығын сақтауға көмектесетін минералдандыру әрекетіне өте қажет.

Бүйрек күніне 24 сағат артық сұйықтық пен зат алмасудан қалған токсиндерді шығарып отырады. Сау бүйрек тәулігіне қанды 300 рет тазалауға қауқарлы. Яғни, орташа есеппен 1500 литр қан әр күн сайын бүйрек арқылы өтіп тұрады.

Көбіміз ісу, бас ауруы мен шаршаудың өзі – дәрігерге көрінудің алғашқы белгілері екенін біле бермейміз. Ағзамыздың сүзгісі болған бүйрекке – инфекция, созылмалы дерттер, нашар экологиялық ахуал, дәрілер, тағамдық токсиндер, темекі тарту, алкоголь, салауатты өмір салтын сақтамаудың барлығы да өз әсерін тигізеді. Бүйрек аурулары көбінесе білінбей жүріп, пайда болады. Алайда, адамдар сол белгілердің несеп-жыныс жүйесіне тікелей қатысы барына назар аудара бермейді екен. Өкінішті-ақ!

Есте сақтаңыз. Бүйрегі ауыратын адамдардың 96%-ы уақыт өткізіп алса, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығатын болады.

Зәрдегі көбік

Зәр қатты қыстап, дәрет сындырғанда көбіктің пайда болуы – қалыпты жағдай. Ал оған қосымша аурулардың қосылуы – алаңдауыңызға жақсы себеп. Дәрігерлер көбіктің зәрдегі ақуыз бен токсиндердің болмағанынан хабар беретінін айтады. Бұл бүйректің дұрыс жұмыс жасамауынан, әртүрлі қосындылар мен қан құрамын сүзгіден өткізудегі бұзылыстардан пайда болады.

Алқызыл, қызыл және қоңыр зәр

Зәрдің түсі ақ сарыдан бастап, қою кәріптас түске (янтарный) дейін түрлене беруі мүмкін. Оның түсін өзгертуге кейбір жеген тағамдарымыз әсер етіп жатады. Мәселен, қызылша, жидек, фасоль мен дәрі-дәрмектер зәрді сарғылт, қоңыр, қызыл тіпті жасыл-көк түске бояп жібереді. Ал мұндағы басты мәселе – жоғарыдағы тағамдарсыз зәрдің қызыл түске енуі. Мұндай жағдайда жылдамырақ дәрігерге барыңыз.

Зәрдің тұнық болмауы

Бұл – бүйректегі тастан немесе несеп шығару жүйесіндегі инфекциядан хабар беретін симптом. Тұнықтығын бұзатын тағы бір себеп – зәрдің сусыздануы, яғни қоюлануы. Мұндай жайсыздықты байқасаңыз, көбірек су ішуге тырысыңыз. Бірнеше литр сұйықтық зәріңізді қайта мөлдірлік қалпына келтірсе, бәрі дұрыс деген сөз. Егер олай болмаса, міндетті түрде нефролог маманның көмегіне жүгініңіз!

Бел ауруы

Ауырсыну сезімі арқада пайда болады: қабырға астында, омыртқа жотасының оң және сол жақ бөлігіне беріледі. Ол кейде ішке және жыныс жолдарына дейін жетіп жатады. Бұл ауруды омыртқамен байланыстырып, шатасатындар көптеп кездеседі. Олай қателесуге болмайды! Ауруды одан әрмен асқындырып алмас үшін кәсіби көмекке жүгіну керек.

Созылмалы шаршау мен әлсіздік

Бүйрек – эротроциттердің құрылуын бақылайтын эритропоэтин гормонын өндіреді. Оның аздығы анемия, әлсіздік пен шаршауға алып келеді. Бұл – бүйректі тексеруден өткізуге алғашқы себеп болып тұр.

Бастың ауруы немесе бас айналуы

Бүйрек жұмысының бұзылысынан ағзаға жиналып қалған токсиндер мидың дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіреді. Бұл есте сақтау қабілетін нашарлатып, бастың ауыруы мен айналуына себеп болады. Оған дейін жеңіл атқарып жүрген жұмыстарыңыз қиынға соғып, көп күшті талап етпек. Бүйрек жұмысының нашарлауынан анемия мен басқа да асқыну процестері жүреді. Егер бұл симптомдар жиі-жиі мазаңызды алса, несеп шығару жүйесін тексеруден өткізу керек.

Жүректің айнуы мен лоқсу

Егер тамаққа дейін және кейін жүрегіңіз айныса (бұған тамақтан улану мен асқазан жолдарындағы бұзылыстардың қатысы жоқ), бүйрегіңізді тексертіңіз. Ағзаға түсіп жатқан зиянды заттарды сүзгіден өткізуге оның шамасы келмей жатқан болар? Алдымен, лоқсудың басқа да себептерін сызып тастау үшін терапевтке барып, одан соң нефрологқа көрініңіз.  

Жиі зәр шығару

Бұл жайсыздыққа несеп шығару жолдарының кез келген ауруы себепкер болуы ықтимал. Ал дәл бүйрекке қатысты айтар болсақ, инфекция (пиелонефрит), тастың пайда болуы немесе ағзадағы сұйықтықтың тепе-теңдігін сақтайтын функцияның бұзылысы адамдарды әуре-сарсаңға салады.

Ісік

Бұл – ағазада сұйықтық кідіріп қалғанда болатын жайсыздық. Соның кесірінен аяқ пен көздің айналасы ісініп шыға келеді. Ісіктің өзі сізде шынымен бір аурудың барын анықтап бере алмайды. Тұзды тамақ жеу, бір орында ұзақ отыру мен кейбір дәрі-дәрмектер адам денесінің ісініп-толынуына алып келеді. Әйелдерде ішке қабылдған су етеккір немесе аяғы ауыр кезінде ағзада ұзақ сақталуы мүмкін. Ал ісіктің беті қайтпай, жиі белгі бере беруі – бүйректегі проблемаға сілтейді.

Құрғақ, жиі қышитын тері

Бүйректің қандағы құнарлы заттар мен минералдар тепе-теңдігін сақтай алмауы, токсиндер мен артық сұйықтықтықты сыртқа шығару кезінде проблемаларға тап болуы – теріні құрғақтандырып жібереді. Әрине, теріміздің түлеуіне одан да басқа толып жатқан сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін. Бар мәселе – бүйректен болса, оны міндетті түрде шешу керек.

Артериялы қысымның лезде көтерілуі

Бүйрек – адамның гормоналды жүйесінің басты қозғаушы күштерінің бірі, ол қысым мен ағзадағы қан көлемін реттеуші. Сол себепті, олардың жұмысындағы бұзылыс гипортонияның ұстамасына алып келуі мүмкін. Айтпақшы, бұл белгі ілгеріде атап өткен белгілермен қатар пайда болса ғана, бүйректің жұмысындағы проблемалардан хабар береді.

Дене температурасының өзгерісі

Үнемі тоңып-дірілдеу мен себепсіз қысымның жоғарылап кетуі бүйректегі бұзылыстардың әсері деп біліңіз. Дәрігерлер адам температурасы бүйректің қабынуынан (әсіресе, пиелонефритте) көтеріледі дейді.

Ілгерідегі симптомдарды байқасаңыз...

Уролог немесе нефрологқа көрініп, зәр мен қанға анализ тапсырған жөн.

Сол сияқты көпшілігіміз зәрге анализ тапсырып, жақсы нәтижесін көрсек, «бүйректің халі жақсы екен» деп, іштей ой қорытуға құмармыз. Алайда, ол көрсеткіш жалпы диагностикаға жарамайды. Бүйрек жұмысына сенімді болу үшін жылына бір-екі рет зәр мен қанға анализ тапсыру қажет. Міне, содан кейін ғана бүйректің жұмысын бағалауға болады.

Көптеген бүйрек аурулары асқынып, әбден әлекке салуы мүмкін. Сол үшін жоғарыда аталған симптомдарды елемей жүрмеңіз.

Ал бүйрегіміз дұрыс жұмыс жасау үшін не істеу керек?

1. Дұрыс тамақтану

Адам ағзасының сүзгісі сіздің дұрыс тамақтанғаныңызға алғыс білдіретін болады. Сондықтан рационыңыздан қақталған, тұщы, қуырылған тағамдарды алып тастап, сәбіз, алма, тәтті бұрыш, асқабақ, шпинат пен басқа да көкіністерді көбірек енгізіңіз.

2. Таза су ішу

Күн сайын 1,5-2 л су ішуге тырысыңыз, ол бүйректің зиянды токсиндерді тезірек шығаруына көмегін тигізбек. Алайда, суды бірден көп мөлшерде ішпеу керек және түнгі уақытта аз қабылдауға тырысыңыз. Ал емдік минералды судың көмегіне тек дәрігердің тағайындауымен ғана жүгініңіз. Бүйректе тастың пайда болуына көп мөлшердегі кофе мен алкоголь де әсер етеді.

3. Балдыркөк жеу, қарбыздың қабығынан сусын әзірлеу

Бүйректі тазалауда балдыркөктің пайдасы шаш етектен. Оның шырынын бүйрек аурулары кезінде ішуге кеңес беріледі. Ал ісік пен бүйректегі тасқа қарбыздан жасалған сусынның көмегі көп болмақ. Ол үшін пеште (духовка) қарбыздың қабығын кептіріп алып, ұсақтап жібереміз де, 5 минут суға қайнатамыз. Суыған соң, күніне 2-4 рет қабылдай беруге болады.

Егер бұған дейін бүйрек ауруларының біріне шалдыққан болсаңыз, дәрігерге барып, профилактикадан өтіңіз.

4. Емделу қажет

Бүйректе дерті бар жандарға арнайы емдік шараларын қолданған дұрыс. Мәселен, судан раушаны негізінде жасалған препараттың цистит кезінде шипасы көп болмақ. Бұл өсімдік иммунитет түскенде бактериялармен күресуге ықпал етеді және суық тигенде ауру тудыратын микробтардың пайда болуының алдын алып, таралуына жол бермейді.  

5. Киім мен аяқ киім

Биік тақалы аяқ киіммен ұзақ жүру жамбас сүйегіне зиян келтірмек. Ол өз кезегінде бүйректің жұмысына әсер етеді. Сондықтан биік өкшелі туфлилерді киетін нәзікжандыларға ара-тұра аяқты демалтып тұруға кеңес беріледі. Онымен қоса, тар шалбар киюден де сақтану керек. Оның кесірінен қан айналымы кедергіге ұшырап, бүйрекке оттек қажетті деңгейде жетпей қалады.

6. Салқын тигізіп алмау

Суық ауа-райында аяқтың тоңбауын қамтамасыз ету керек. Сол сияқты жылы киімнің де маңызы зор. Ең бастысы, бүйрекке суық тигізіп алмаудың қамын жасаңыз.

7. Көп қимылдау және... билеу!

Физикалық белсенділік тек бүйректің саулығын ғана емес, барлық дене мүшелерімізге пайдасы көп екенін жақсы білеміз. Көптеген ауруларды емдеу үшін жаяу жүру мен суда жүзуге кеңес беріледі. Оған қоса, фитболмен айналысып, белге валик арқылы жаттығу жасау керек. Ал бүйректің саулығын қамтамасыз ету үшін белсенді түрде белді айналдыра билеңіз.

8. Бастысы, өз-өзіңді емдеумен айналысудың қажеті жоқ!

Тіпті, зиянды әсері болмайды деген дәрілердің өзін бүйрегіміз жақтырмай қалуы мүмкін. Сол себепті, бұл ағзамыз сыр берген сәтте дәрігерге барып, жүйелі емдік шаралардан өтіп, ол тағайындаған перпаратты ғана ішкен абзал.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға