Жаңалықтар

«Біз үшін ол ханшайым еді»: Астанада мектеп автобусы 9 жастағы қызды басып жазым етті

«Біз үшін ол ханшайым еді»: Астанада мектеп автобусы 9 жастағы қызды басып жазым етті
Фото: видеодан алынған кадр 24.02.2025 11:55 228

Астанада мектеп автобусы 9 жастағы қызды басып кетіп, мерт етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға автобус жүргізушісінің көлікті артқа айдауы кезінде орын алған. Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға қыз сабаққа бара жатқанда болған.

Біз үшін ол ханшайым еді. Үздік оқитын, өте жақсы қыз болатын. Үш баланың ішіндегі жалғыз қыз еді. Бұл – біз үшін орны толмас қайғы. Мен жүргізуші мен мектеп директорын кінәлі деп есептеймін. Себебі мектеп ауласы өте тар, сондықтан жүргізуші мен директор жауапқа тартылсын, – деді марқұмның әпкесі Айгүл Қаңтарбаева.

Ата-аналар комитетінің мүшесі Гүлнұр Аманова жүргізушінің тәжірибелі маман екенін атап өтті.

Ол – үлкен кісі, өзі де ата. Қатты қайғырып жүр. Жеке танымасам да, мектепте көретінмін. Балаларымызды тасып жүрген жақсы адам еді. Біз жүргізуші мен директорды жақтамаймыз. Барлығы заң аясында шешілуі керек, – деді Гүлнұр Аманова.

Білім басқармасы қайғылы жағдайды қатаң бақылауға алғанын хабарлады.

Ақмола облысының білім басқармасы оқушының отбасына көңіл айтады. Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. Тергеу барысында барлық қажетті шаралар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, оқушының отбасына психологиялық қолдау көрсетіледі, – делінген ресми хабарламада.

Полиция мәліметінше, автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұл қайғылы оқиға мектеп ауласындағы қауіпсіздік талаптарын қайта қарастыру қажеттігін көрсетті. Білім беру мекемелерінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі назарда болуы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға