Біз тым тойшыл, сауықшыл болып кеттік – Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан El.kz ақпарат агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында үнемшілдікке қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, елде тойхана салудан жарыс басталып кеткен.
Елге ақыл айтқандай болғым келмейді, бірақ біз керемет үнемшіл халықпыз деп айта алмаймын. Мен той-томалаққа көп бармаймын. Кей замандастарым тойдан шаршап жүрміз деп қиналады. Кім оларды қинап жатыр? Осы жерде бір нәрсені айта кетуіміз керек. Біз бұрынғыға қарағанда тым тойшыл, сауықшыл болып кеттік. Бүгінгідей салтанат сарайларын қай атамыздан көріп едік? Бізде ондай ешқашан болмаған. Мен үйленгенде тойымды ауладағы шатырда жасадым. Тамада да жалдағам жоқ. Тойды көршім жүргізіп берді. Ал қазір сәнді сарайлар әлі салынып жатыр. Бүкіл өңірде тойхана салудан жарыс басталды. Сол тойды жасайтын тек қазақтар. 300-400 адам шақырып, дүркіретіп той жасап жатқан өзге ұлт өкілін көрдіңіз бе? Белбеуді тарту керек дегенде осы мақсатты меңзеп айтып отырмын. Қазір жастардың арасында мынадай бір тренд шықты, -дейді депутат.
Ол той, туған күнді шетелде жасайтындар көбейді деп отыр.
Біреу Дубайда тойын жасаса, елден қалмайын деп соған артынып-тартынып, қарызданып баратындар бар. Жұртқа ақыл айтпас бұрын сол талапқа өзің сай болуың керек қой. Мен туған күнімді өмірімде бір-ақ рет жасаппын. Оның өзі жастықпен болды. Одан бері өзімнің немесе жарымның туған күнін мейрамханада өткізген емеспін. Міне, осындай шығындарды шектеуге болады ғой. Кез келген тойханаға хабарлассаң сенбі-жексенбі күндері біреуі бос емес. Ретсіз шығындарды шектесек, сіздің тапқан жалақыңыз жыртығыңызды жамауға жетіп, жақсы өмір сүруге жеткілікті болар еді. «Жұрт сөйлейді, жұрттан қалмау керек» дегеннен арылу керекпіз. Бұны осы қағиданы ұстанатын адам ретінде айтып отырмын, – деді Абзал Құспан.