Жаңалықтар

Біз тарихымыздың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз - Айдос Сарым

Біз тарихымыздың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз - Айдос Сарым
Фото: Ақорда 14.03.2025 15:38 108

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 2030 жылға дейінгі Ішкі саясат доктринасын қабылдауды ұсынды. Бұл ұсыныс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі саясат концепциясын қабылдау қажет. Соңғы уақытта қоғамда, баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерде Қазақстанға жаңа мемлекеттік идеология керек деген пікірлер жиі айтылуда. Идеологияға деген сұраныс белгілі бір саяси-тарихи кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Біз тарихымыздың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Қазіргі кезде «Біз кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда барамыз?» сияқты сұрақтарға жауап іздеу маңызды. Осы сұрақтарға нақты жауап бере алсақ, болашағымызды айқындап, алдағы қиындықтар мен сынақтардан сүрінбей өтеміз деп ойлаймын, — деді депутат.

Айдос Сарымның пікірінше, аталған доктрина алдыңғы құрылтайларда көтерілген маңызды бастамаларды біріктіруі тиіс. Ол мемлекет басшысының соңғы үш жылда көтерген және үш құрылтайда талқыланған құндылықтар негізінде Ішкі саясат доктринасы әзірленіп, кемінде 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтуы қажет деп санайды.

Осы уақытқа дейін елімізде бірнеше рет идеологиялық саясат тұжырымдамасын жасауға талпыныс болды. Алайда бұл бастамалар посткоммунистік инерцияның, қоғамның этно-демографиялық құрамының әртүрлілігі мен идеологиялық көзқарастардың алшақтығының салдарынан қолдау таппады. Бүгінде қоғамда совет кезеңіне қатысты оң нарративтер қалыптасқан, бірақ шын мәнінде сол кезеңде қылмыс, жемқорлық, парақорлық сияқты жағымсыз құбылыстардың басталғаны белгілі. Бұлардың нарықтық экономика мен демократияға еш қатысы жоқ, — деп қорытындылады Айдос Сарым.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға