Жаңалықтар

Біз таныған Әуезов әлемі

28 қыркүйек – қазақтың біртуар жазушысының туған күні. Бүгін Мұхтар Омарханұлы Әуезов 125 жасқа толды.
Біз таныған Әуезов әлемі
28.09.2022 10:07 4582

Әуезов есіміне қатысты қоғамда кереғар пікірдің боллып келгені рас еді. Әуезовтің Ашық хаты үшін оны күстаналағандар да болды. Алайда, Мұхтар төлеген еркіндіктің бағасы ол үшін аса қымбат болғанымен, оның одан кейін де қазақ халқына қайтарып берген Абай мұрасы теңдесі жоқ қазыналы байлық еді.

28 қыркүйек – қазақтың біртуар жазушысының туған күні. Бүгін Мұхтар Омарханұлы Әуезов 125 жасқа толды.

 

Абай ұшқынын дарытқан атасы Әуез болатын

Мұхтар Әуезовтің Абай есімін қазақ халқына қайта оралтуында туыстық мән де бар. Мұхтардың әкесі Омархан, атасы Әуез Абай елімен ауылы аралас, қойы қоралас іргелес көрші болған. Көршілігінен бұрын, анықтап ажыратып айтар болсақ, Мұхтардың туған атасы Әуез атақты Құнанбай бидің кіші тоқалы Нұрғанымның бірге туған бауыры екен.Туыстық жақындығы бар Әуез Абайдың сырлас достарының бірі болған деседі. Ол Абайдың жаңа өлеңдері жарыққа шықпай тұрып талқылайтын пікір алмасатын идеяластырының қатарынан болған. Әуез ескіше оқығанына қарамастан аса сауатты кісі болған. Бала Мұхтардың бойында Абай өлеңдеріне деген қызығушылықтың оянуына бірден бір себепкер болған да осы атасы Әуез болған-мыс.

Деректерде Абайдың Әуезді «Әукеш аға», «үлкен қожа» деп еркелегені, қадір тұтқаны айтылады. Әуез Абайдан он бес жас үлкен болған. Әуез ескіше сауатты ғана емес, сондай-ақ, парсы, араб, түркі әдебиетінен де хабары бар көзі қарақты адам болған. Ауыз әдебиетінің аңызға айналып жеткен кейбір деректерінде Абай Мұхтардың дүине есігін ашқан шілдехана тойына қатысқан деген де ақиқат айтылады. Ал Мұхтар болса, Абайды қазақ үшін сақтады, жеткізді, мойындатты, бағалатты. «Абай жолында» Құнанбай бидің Меккеге сапары туралы айтылады. Міне, осы сапардан аман-сау оралған Құнанбай өзі сыйлайтын Әуезге асыл тастан жасалған таспиқ, жайнамаз және Құран кітабын алып келген екен-мыс. Бұл Құнанбайдың Әуезді қаншалықты құрмет тұтқанын көрсетеді.

Мұхтар ауыл мектебінен сауат ашады. Ал үйінде оның жан-жақты сауат ашуына атасы Әуез еңбектенеді. Оның қазақ мәдениетімен қатар, сол уақыттағы өркениеттің озық үлгісі ретінуде дәріптелген орыс әдебиеті мен мәдениетінде білім алуына аса көңіл бөледі. Мұхтардың орыс поэзиясымен алғашқы таныстығы Абай өлеңдері арқылы болды.

Мұхтар 11 жасқа келгенде, әкесінен, ал 16 жасында анасынан көз жазып қалады. Мұхтар бұдан әрі немере ағасы Қасымбектің қолында тәрбиеленіп, білім алады. Алайда, оның бойында бала кезінде атасы мен әкесі аңыз етіп айтқан Абай туралы дерек, Абай қазынасы бір алаудың ұшқыны болып сақталып қалған еді.

Мұхтар Абаймен кездескен бе?

Әуезов Абай арқылы қазақтың тұрмысын оның тіршілігінің тыныс тамырын көрсетті. Үзеңгіден аяқ алмаған көшпелі елдің озық мәдениетінің үлгісін паш етті, қазақтың ұлттық құндылығын әлем жұртына бар жауһарымен жайып салу арқылы қазаққа мақтаныш сезімін сыйлады. Біз білетін, біз мақтанатын, біз бүгінде көзіміздің қарашығындай сақтап жүрген ұлы Абай ұлы Мұхтардың 20 жылғы еңбегінің, зерттеуінің, ұйқысыз түндері мен мазасыз күндерінің арқасында келген құнды сый.

Абай жүріп өткен жолды зерттеу, зерделеу, жазу Мұхтарға оңай тимегені анық. Ол романды қаншалықты қиналыспен, қиындықпен жазса, оның соңғы нүктесі қойылып, роман жарық көргеннен кейін де жазушы соншалықты қиындық пен қудалауға тап болған еді. Бірақ, Әуезов қиындыққа морт сынбады, Абайды сәтсіздік деп қолын сермемеді, керісінше, оны танытуға, мойындатуға, дәлелдеуге тырысты. Себебі, оның жүрегінде бала кезден атасы Әуез дарытқан Абайға, Абай әлеміне деген шексіз риясыз махаббат бар еді. Ол бұл махаббатты сол уақытта ұлттың рухани көшбасшысына зәру боялып отырған қазақ халқына сездіруге, дарытуға тырысты.

Әуезовтің Абай туған топырақта дүниеге келгені рас еді. Мұхтар жеті жасқа толған шағында ұлы Абай дүниеден өтеді. Бала Мұхтар Абаймен бірнеше рет кездескен. Мұхтардың алдын көрген Әбіштің (Кекілбайұлы) естеліктерінде Мұхтардың ұлы ақынмен кездесуін үлкен толқыныспен, толғаныспен әңгімелеп беретіні айтылады. Әбіш Кекілбайұлы Абай мұрасының мирасқоры болған Мұхтардың ұлы тұлғамен кездесуін оның өз аузынан естігендердің бірі. Мұхтар Абаймен кездескенде небары төрт жаста болған. Ол анасымен бірге Жидебайға еріп барады. Ол уақытта сыйлас адамдар бір-біріне сыбаға тарататын болған. Мұхтардың анасы да Абай шаңырағына сыбаға дәм алып барады. Бала Мұхтар анасының мазасын ауылып, үйге қайтайықшы деп қыңқылдай бергенге ұқсайды. Сол уақытта ұлы Абай «Ауылыңа барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме!» дейді бала Мұхтарға. Мұхтар Абайды былайша суреттейді «Құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі нұрлы, тақиялы кісі... Дауысы жұмсақ. Шырайы жылы». Бұл Мұхтар Әуезовтің есіңде қалған естеліктердің бірі ғана. Алайда, Әуезов өмірдерегін кейін зер салып, зейін қойған әуезовтанушылардың дерегіне сенсек, Мұхтар Абайдан бата алған. Оны атасы Абай ауылына әдейі ертіп барып, ұлы ақыннан немересіне бата сұраған екен.

Жазушының балалық шағы туралы оның аталас інісі Ахмет Әуезовтің естеліктерінде әңгімеленеді. Мұнда Абайдың өлімін атасы Әуездің үлкен қиналыспен қабылдағаны айтылады. Әуез Абай дүиеден өткеннен кейін оның әдеби мұрасы жоғалып кетпесін деп, оның өлеңдерін, қарасөздерін немерелеріне бар ыждағаттықпен жаттатып, бойларына сіңіруге бар күшін салады. Алыстағыны болжай білген ата тәрбиесі Мұхтардың кейінгі өмірінің шамшырағына айналды.

«Абай жолы» қандай жолдан өтті?

Тарихи деректерде Мұхтардың Абайды тануға 20 жасынан бастап ден қойғаны айтылады. Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін бала кезінен жатқа айтатын Мұхтар алғашқы уақытта Абайдың көзін көргендермен сұқбат барысында жинақталған деректер нгегізінде ұлы ақынның өмірбаянын бастап жазады. Ол бұл туралы өзінің деректерінде де келтірген. Ұлы ақының өмірін зерттеу кезінде ол Абай жолында есімдері аталатын Көкбаймен, Ділдәмен, Әйгеріммен, Нұрғаныммен және басқаларымен жеке-жеке кездесіп, Абай туралы сұрастырады. Ол Абай туралы жазуда Абай шыққан жердің қазағы болғаны көп көмектескенін айтады. Ол Абай туралы телегей еңбекті әр адамның айтқан аз-мұз естеліген тамшыдан құрап жазды. Және артында қазақ ұлты үшін баға жетпес құнды мұра – төрт томдық роман эпопея қалдырды. Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазуға отыз жыл ғұмырын сарп етті. Ол Абай туралы роман жазуға он тоғыз жасында бел шешеді, ол туралы он жеті жыл бойы тынымсыз ізденісте болады, деректер жинақтайды, ал он екі жыл қалам мен қағаздан бас көтермей отырып, роман эпопеяны жазып шығады. Мұхтар Әуезов Абай роман эпопеясын жазуға 1937 жылдың соңы, 1938 жылдың басында білек сыбана кіріседі. Абай жолының алғашқы томын 1940 жылдың күз айында тәмамдап, оны баспаға тапсырады. Мұхтардың өзі Абай туралы жазып шыққан алғашқы туындысы үшін жас баладай қуанады. Алайда, Мұхтарға кітаптың баспадан шығуын ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Орталық комитеттің нұсқауымен баспа басшылығы романды баспадан шығаруды ұзын арқан, кең тұсауға салып жүргенде, елде соғыс та басталып кетеді. Осылайша, Абай ұзақ уақытқа сөреге салынады. Орталық комитеттің наразылығына қарамастан, 1942 жылы өз басын бәске тіккен сол кездегі баспа директоры Бейсембай Кенжебаев, жоғарыға жақ ашпастан «Абайды» баспаханаға терімге жіберуге қол қояды. Осылайша, 1942 жылы «Абайдың» алғашқы сүйінші данасы жарыққа шығады. Және ол аз дегендей, «Социалистік Қазақстан» газетіне кітапқа рецензия да беріледі. Мұхтарға Абайдың жарыққа шыққанын халықшыл, ұлт мұрасы үшін тәуекелге барған Бейсембай Кенжебаевтың өзі көзіне жас алып тұрып жеткізеді. Әрине, арада бірер күн өтпей жатып нұсқауға бағынбаған Кенжебаевқа сөгіс жарияланып, кейін ол жұмысынан «шығарылады». Қазақ халқының Абаймен қауышу тарихы міне, осындай. Зерттеуші ғалымдар Мұхтар мен Бейсембай Кенжебаевтың арасында аға мен ініге лайық сыйластық жібінің аса берік болғанын айтады. Тіпті олардың достығын көре алмаушылардың жаққан күйелеріне қарамастан, Мұхтар үнемі «басқаға сенбеспін, бірақ Бешімге сенемін» деп айтады екен. Мұхтар Әуезов Бейсембай Кенжебаевты еркелетіп Бешім деп атаған. Деректерде Мұхтардың үйіндегі жұмыс кабинетінде жазу столының үстінде тұрған, алысқа көз тіккен қыран бүркіт туралы жиі айтылады. Мұхтар Әуезов ой толғанысына түскенде, ылғи осы бүркітке қадала қарап отырады екен. Міне, дәл осы бүркіттің өзін Мұхтарға Бешімі сыйға тартқан екен. Мұхтар мен Бейсембайдың таныстығы сонау 1939 жылдары Мәскеу қаласында басталса керек.

Абай жолы қазақ совет әдебиетіндегі кезекті дүние емес, ол құбылыс еді. Роман оқырман арасында бұрын-соңды болмаған резонанстың тууына себеп болды. Оқырыман халық Абаймен бірге Мұхтар есімін де көкке көтерді. Ал майдан даласынан жеткен Баукең – Бауыржан Момышұлының хатында Мұхтар Әуезовке «әдебиеттің полковнигі» деген ат берілді. Ол Мұхтарға есейген Абаймен таныстырғаны үшін алғыс білдіріді. Әрине, романды сынаушылар да табылды. Сынаушылар Абайдың бай баласы екенін бетіне баспақшы болады. Ал Құнанбайды Иван Грозныйға, Петр Біріншіге теңейді.

Абайдың бірінші томынан кейін Мұхтар оның екінші томын жазуға кіріседі, ол үшін Абай туған, өзі туған топыраққа қайта ат басын бұрады. 1943-1944 жылдары өзінің мұрындық болуымен Абай еліне екі қайтара ғылыми экспедиция ұйымдастырылады.

Әуезовтің Абай есімінің жарықа шығып, ұлт жадында сақталуы үшін романның кейбір тарихи кейіпкерлеріне қатысты әділетсіздікке барғаны да рас еді. Мәселен, роман эпопеяда Құнанбай қатігез адам ретінде көрсетіледі. Ал Абайдың сүйіктісі Ділдә да байдың қызы болғаны үшін кейінгі планға ысырылады. Абайдың сүйген жары кедейдің қызы болуы керек деген сыннан кейін, Абайды кедейшіл еутіп көрсету мақсатында оның сүйіктісі кедейдің қызы Әйгерім болған делінеді. Алайда, Абайдың туған ұлтымен сол кездегі қысылтаяңда қайта қауышуы үшін мұндай құрбандықтың қажет болғандығы да ақиқат. Алайда, сол кезде кітапты оқыған ел ақсақалдары Құнанбай мен Абай туралы ақиқатты білгендіктен де, Мұхтарға кінә артады. Мұхтарға бұған да шыдас беруге тура келеді.

Дегенмен, Мұхтар Әуезовтың еңбегі көзі тірісінде бағаланды. Оған 1949 жылы «Абай жолы» роман эпопеясы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы табысталды. Роман эпопея орыс тіліне ғана емес, әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, әлем оқырмандарына жол тартады. Ал бүгінде Абай есімі аталған жерде Мұхтардың, ал Мұхтар бар жерде Абайдың қатар аталатындығы олардың қазақ үшін аса қымбат егіз есімге айналғанын білдірсе керек.   

Әуезов және Алашорда

Мұхтар Әуезов сол кезеңде дүниеге келіп, әдебиет әлемін дүр сілкіндірген ат төбеліндей аз ғана қазақ зиялы қауымының жарқын өкілі. Ол Семей қаласында оқып жүрген кезінде-ақ, «Алаш жастары» одағының құрылуына ұйытқы болған халықшыл адам. 1918 жылы Омбы қаласында өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайының орталық атқару комитетінің мүшесі болған. Семей қаласында «Абай» журналының шығуына мұрындық болған. 1919 жылы Семейдегі мұғалімдер даярлайтын төрт жылдық семинарияны аяқтайды, кейін 1922 жылы Ташкент қаласына Орта Азия университетіне оқуға түседі. Мұнда да құр уақыт өткізбей, «Сана» және «Шолпан» журналдарында жұмыс жасас, өзінің тырнақалдыларын жарыққа шығарады. 1923-1925 жылдар аралығында Ленинградта тіл-әдебиет бөлімінде дәріс алады. Ол ұлы жазушы ғана емес, ғибратты ұстаз, өмірінің көп бөлігін әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметке арнайды. Бұл университетте жазушы 1934-1961 жылдар аралығында қызмет атқарады.

Ұлттық драматургияның алғашқы қарлығашы «Еңлік-Кебекті» Мұхтар Әуезов 20 жасында жазған. Және ол алғаш рет 1917 жылы Абайдың сүйіктісі Әйгерім туған ауылда сахналанады. Ал 1922 жылы Орынборда баспадан кітап болып шығарылады.

1928 жылы Әуезов атақты «Хан Кене» драмасының соңғы нүктесін қояды. Алайда, бұл туынды сиясы кеппей жатып сынға ілігеді. Осылайша, ол арада алты жыл уақыт өткеннен кейін ғана, яғни 1934 жылы сахнаға бірінші рет шығарылады.

Мұхтар жала жабылып, абақтыға қамалғанға дейін көбіне ұлт-азаттық, әлеуметтік тақырыптарда ғана қалам тербеп келген. Ол Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды арыстармен үзеңгілес болып, қазақ әдебиет майданында иық тіресе еңбек етті. Олар алашордашыл жастар болатын. Олардың ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі немен аяқталғаны тарихтан белгілі. Мұхтар 1930 жылдың 16 қыркүйегінде алашордашыл жастардың алғашқы легімен бірге тұтқындалып, оның барлық жазған-сызғандары тәркіленеді. Зерттеушілер, сол уақытта қолды болған қолжазбалардың бүгінге дейін табылмағанын айтады. Оған қазақтың басқа да көзі ашық жастарына тағылғандай, Кеңес үкіметін құлатуды мақсат етті деген айып тағылды. Абақтыда екі жыл отырған Мұхтар өзінің идеологиялық айыбын мойындауға, осылайша тарихта белгілі «Ашық хатын» жазуға мәжбүр болады. Мұнда Мұхтар Әуезов Абай зерттеулерінен, «Еңлік Кебектен», «Хан Кенеден» бас тартады. Мұхтар Әуезов үушін еркіндіктің бағасы қымбатқа түсті. Әуезов түрмеден шығарылып, қайтадан ұстаздық қызметін жалғастырады. 1937 жылы қуғын-сүргінге ілікпегенімен, ол саяси сенімсіз адам ретінде жұмыстан қуылды, одан теріс айналушылар көп болды. Осы жылдары Мұхтар Абайға қайтып оралады. Алайда, 1952-1953 жылдардағы қазақ зиялыларының басына келген тағы бір нәубет Мұхтардың да басына қара бұлт үйірген еді. Оған тілеулес жандардың бірі дереу Мәскеуге кету туралы кеңес береді. Ол Мәскеуде екі жыл тұрды, және сол жақта университетте дәріс берді. Абай жолының соңғы томын Мұхтар 1954 жылы Алматыға қайта оралған шағында тәмамдайды.

Мұхтар және отбасы

Мұхтардың жеке өміріне қатысты неше түрлі деректер айтылады. Соның ішінде Әуезовтың отбасылық жағдайы оқырманды қызықтыруы мүмкін. Мұхтар Әуезов расында төрт рет үйленген адам. Ол да қазақтың көне ғұрпының құрбаны болған. 1917 жылы атастыру дәстүрімен ол ауылында 15 жастағы Райхан деген қызға үйленеді. Отбасында екі бала дүинеге келеді. Алайда, ұлы бала шағында шетінеп кетеді. Райханмен 1920 жылы ажырасады. Ал қызы Мұғалиманы өз қамқорлығында өсіреді. Мұхтардың Абайдың немересіне үйленгені де айтылады. Алайда, бұл неке де ұзаққа созылмаған сыңайлы. Мұхтардың екінші әйелі Кәмила Абайдың ұлы Тұрағұлдың қызы болған. Ал Ленинградқа оқуға барған шағында Валентина есімді орыс қызға ғашық болады. Олар оқуларын аяқтаған соң Ташкентке қолұстасып бірге оралады. 1929 жылы Лейла есімді қыздары, ал 1935 жылы Ернар есімді ұлдары дүниеге келеді. Ал 1937-1938 жылдары репрессия салдарынан қудалауға ұшыраған жылдары Мұхтар Фатима есімді сұлумен көңіл қосады. Мұхтарға Фатима сыйлаған Мұрат Әуезов бүгінде күллі қазақтың мақтан тұтар ұлына айналып отыр. Мұхтар 1961 жылы маусымның 27-сі күні Мәскеу қаласында ауруханада жатып қайтыс болады.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға