Жаңалықтар

Біз біргеміз!

Біз біргеміз!
12.11.2019 18:45 2468

Бүгін елордада «Қазақстан этностары: еліміздің дамуына қосқан үлестері. Біз біргеміз» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталмыш шарада Қазақстан аумағын мекен еткен түрлі этностардан шыққан қоғам қайраткерлері мен тұлғалар туралы мәліметтер базасы таныстырылып, көпшілік қолданысына ұсынылды. Бұл келелі кеңестің ұйымдастырылуына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАқ мұрындық болды.

Біз біргеміз!

Конференция жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабульдинов, тарих ғылымы және этнология, этносаралық қатынастар, саяси зерттеулер саласындағы жетекші мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Біз біргеміз!

«Іс-шараның осы тақырыпқа арналуы кездейсоқ емес. Өздеріңізге белгілі, сын сағаттарда қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері біздің халқымыздың қамқорлығы мен мейірбандығына бөленді. Өз кезегінде, олар да еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты, әлі де қоса береді деп сенемін. Елбасы Н.Ә. Назарбаев көреген этносаралық саясат жүргізді, әлемде теңдесі жоқ орган – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осылайша, біздер – әр алуандығымызды артықшылығымызға айналдырдық», - деді конференция жұмысының ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Қазіргі көпұлтты Қазақстан тарихи кезеңдерден қалыптасты. Бұл үдерістің алғашқы толқыны 18 ғасырда басталған болатын.

Біз біргеміз!

«Тағдырдың айдауымен бұл жерден көптеген этностар өз Отанын тапты. Барлық қазақстандықтар ұлтына бөлінбей, елдің аяғынан тұрып, дамуына елеулі үлес қосты. Этнос өкілдерінің арасынан көптеген талантты мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, оқымыстылар, жазушылар, сәулетшілер шықты. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап этносаралық келісімді қолдау - мемлекеттік саясатта басымдық берілген маңызды мәселелердің біріне айналды. Ассамблея қызметінің арқасында мемлекеттік құрылыстан Қазақстанның барлық этностары тыс қалған емес. Және бүгін олар елдің экономикалық, әлеуметтік, ғылыми, мәдени салаларында белсенді қызмет атқаруда», - деді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағдарламаларының бірі қазақстандық этностардың халықтың мәдени құндылығына қосқан үлесін дәріптеу болып табылатындығын тілге тиек еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.

«Біздің еліміз тәуелсіз ұлттық мемлекеттіліктің өзіндік үлгісін құра алды, оның негізгі құрамдастары: патриотизм, этномәдени дәстүрлер мен қоғамдық келісім құндылықтары болып табылады. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылатын осындай жобалар ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие болады. Біздің тарихи-мәдени мұрамыз – елде тұратын барлық этностардың ортақ рухани және зияткерлік үлесінің нәтижесі екенін нақты мысалдар арқылы көрсеткіміз келеді», - деп атап өтті «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Іс-шара аясында «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының жалпы тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесін зерделеу» зерттеу жұмысының нәтижелері ел дамуына елеулі үлес қосқан 50 көрнекті тұлғадан тұратын бірегей мәліметтер базасы түрінде ұсынылады. Олардың қатарында композитор, қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Е.Г.Брусиловский, есімі аңызға айналған фольклорист, этнограф, композитор, 2 мыңнан артық қазақ әнін жазған А.В.Затаевич бар. Сондай-ақ, мұнда Герольд Бельгер, Нина Патрушева, Анатолий Храпатый, Денис Тен секілді есімі ел аузына іліккен, қазіргі Қазақстанның дамуына үлес қосқан қазақстандықтардың да еңбегі атап өтілді.

Бөлісу:


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. 

 

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға