Биылғы сайлауда қазақстандықтардың белсенділігі төмен – Ирак Елекеев
Сайлауда қазақстандықтардың жартысы ғана дауыс берген. Бұл өте төмен көрсеткіш. Бұл туралы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Биылғы сайлауда қазақстандықтардың белсенділігі төмен, ашығын айту керек. Қазақстандықтардың жартысы ғана дауыс берген. Өз басым дауыс беру үшін сайлау учаскесіне бармадым, ондағы ахуалдың қандай екенін де білмеймін. Дегенмен жаңалықтардан барлығын естіп-біліп отырмын. Азаматтардың көбісі тіпті, қалай дауыс беру керектігін білмейтін болып шықты. Бұл дегеніміз сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмеген деген сөз. Агитация жасалмаған, халықтың еш нәрседен хабары жоқ. Қазіргі кезде онлайн сайт арқылы барлығын көрсетіп қойған. Бірақ оны қарапайым ата-әжелеріміз түсінбейді ғой. Кезінде сайлау алдында агитанттар өңірлердегі үй-үйлердің барлығын аралап, тұрғындармен жүзбе-жүз кездесіп, тілдесіп, сайлау туралы, қалай дауыс беру керектігін түсіндіретін. Қазіргі кезде ондай жоқ. Барлығы электронды жүйенің көмегіне жүгініп алған», - деді ол.
Оның айтуынша, биылғы сайлауға көп қаржы жұмсалды. Дегенмен, соған сай жағдай қарастырылмаған.
«Қазақстан енді ғана егемендігін жариялаған кезде кеңестің 12-13 шақырылымында елімізде нағыз әділ, адал сайлаудың көрінісі орын алды. Ол кездері билік басын Жұбанов, Қошанов және Шерхан Мұртаза сынды мықты нар тұлғалар болды. Бір мандатты округ атынан сайлауға қатысушылар сол кездері өте белсенді болатын. 2008 жылы партиялық сайлауды енгізгеннен кейін шындықты шырылдатып бетке айтып, қаншама мінезді азаматтар биліктен кетті. Қазіргі бір мандаттықты қайтарып жатыр. Енді нәтижесі қандай болатынын көре жатармыз», - деді Ирак Елекеев.