Жаңалықтар

Биыл – Семей полигонының жабылғанына 25 жыл

Дөңгелек үстел
26.09.2016 05:48 9003

ҚР Ұлттық музейінде Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай, "Бейбітшілік пен қауіпсіздік қағидасын мұрат тұтқан Ұлы дала елі" атты дөңгелек үстел өтті.

 Биыл – Семей полигонының жабылғанына 25 жыл

Іс-шараның ашылуында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай қазақ халқының бейбіт өмірі мен жарқын болашағы үшін ел ағаларының тарапынан жасалған саяси ұтымды шешімдерге тоқталып, бұл бастаманың оңайға түспегенін айтты.

 Биыл – Семей полигонының жабылғанына 25 жыл

- Кей деректерге сүйенсек, 18 миллиондай гектар жерді сынақ алаңына айналдыруға шешім қабылданған. Семей полигоны – Совет Одағының өте үлкен стратегиялық объектісі болған. Бұл жоба аясында қаншама ғалым жұмыс істеген. 40 жыл ішінде 450-ден астам ядролық жарылыс жасалған. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Мұның бәрі де – дәлелденген фактілер. 25 жыл уақыт өтсе де, жарылыстардың жаңғырығы, 100 мыңдаған адамның тағдыры әлі есімізде. Сырқаттарға шалдығып, толық айыға алмай жүрген азаматтар әлі де бар. Мемлекет тарапынан қаншама жағдайжасалғанымен, жазылмайтын жара болып тұр. 1991 жылғы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев сынақ алаңын жабу туралы №409  Жарлыққа қол қойды. Бұл жалпы еліміздің ертеңі үшін жасалған өте үлкен қадам еді, - деді Д.Мыңбай.

 Биыл – Семей полигонының жабылғанына 25 жыл

Қазақстандық суретші және антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі Кәріпбек Күйіков еліміздегі сынақтарға қарсы құрылған қозғалыс туралы айта келе, қазақ топырағында болған апаттардың зардаптарына тоқталып өтті.

 Биыл – Семей полигонының жабылғанына 25 жыл

- Осыдан 25 жыл бұрын Антиядролық қозғалыс құрған болатынбыз. Қозғалысты жазушы Олжас Сүлейменов ағамыз басқарды. Сол кездегі белсенді азаматтардың біразы бүгінде ортамызда жоқ. Алайда олардың да бұл іске қосқан еңбегі ұмытылмауы тиіс деп ойлаймын. Ал сынақ туралы айтар болсақ, ол Қарағанды, Семей, Павлодар облыстарын қамтыған. Мен Семей ядролық полигоны орналасқан жерден100 шақырым жердегі Егіндібұлақ ауылында дүниеге келдім. Ата-анам сол сынақтарды өз көзімен көрген адамдар. Әкем көріп-білген оқиғаларын әңгімелеп беріп отырушы еді. Бірге жұмыс істеген әріптесінің 10 баласы да дүниеге науқас болып келеді де, шетінеп кете берген. Әкесінің бұл күйікке жүрегі шыдамай, есік алдында отырған жерінде дүниеден өтіп кетіпті. Бұл сынақтардың жалпы адамзат баласына тигізген зиянын айтып жеткізу өте ауыр, - деді К.Күйіков.

 Биыл – Семей полигонының жабылғанына 25 жыл

Айта кетейік, дөңгелек үстелге белгілі тарихшы-ғалымдар, қозғалыстың жетекші мүшелері және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі, суретші Кәріпбек Күйіковтың жеке көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.


Айша КЕРЕЙ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға