Биыл Жетісу облысында 88 денсаулық сақтау нысанын іске қосу жоспарланған
Биыл Жетісу облысының денсаулық сақтау саласында 88 нысан ашу жоспарланған, соның 59-ы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында, 20-сы блокты-модульді нысан, 9-ы – жаңа құрылыс. Бұл туралы Жетісу облысы әкімдігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәселен, былтыр Жетісу облысында 26 медициналық нысан, соның ішінде 24 медициналық және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 250 келушіге арналған емхана пайдалануға берілген болатын. Ал биыл 88 нысан іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартумен қатар салаға кадрлар тартуға да көп көңіл бөлініп, өткен жылы қалалық және ауылдық жерлерге келген дәрігерлерге тиісінше 5 және 10 млн. теңге көлемінде бір реттік көтермеақы беру жүйесі республикада алғашқы болып Жетісуда енгізілген еді. Соның нәтижесінде 2024 жылы облыстың медициналық мекемелеріне жұмысқа келген 75 дәрігерге біржолғы көтерме ақы берілді. Атап өтсек, бұл мамандардың 24-і ауылдық жерлерге, 51-і облыс қалаларының медициналық мекемелеріне жұмысқа келді. Оның ішінде жалпы практика дәрігерлері, хирург, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, педиатр, кардиолог, терапевт, иммунолог,травматолог, химиотерапевт, нарколог, психиатр, неонатолог, онколог, инфекционист, патологоанатом, рентгенолог, невропатолог, гематолог, нейрохирург, дерматовенеролог, УДЗ дәрігері, генетик мамандары бар.
Облысқа жұмыс істеуге келген дәрігерлердің қатарында Көксу ауданының тумасы, жас маман Жадыра Бақытқызы да бар.
С. Асфендияров атындағы Қазақ медицина университетін тәмамдаған соң жолдамамен Талдықорған қаласындағы көп салалы ауруханаға өткен жылдың қыркүйек айынан жұмысқа тұрдым. Үш айлық сынақ мерзімінен кейін жаңадан келген кадр ретінде белгіленген бір реттік көтерме ақыны алдым. Бұл мен секілді жас мамандар үшін - үлкен көмек. Аурухананың материалдық-техникалық базасы, заманауи құралдармен жабдықталуы сапалы қызмет көрсетуге үлкен септігін тигізіп отыр, - деді акушер-гинеколог Жадыра Бақытқызы.
Сондай-ақ өткен жылы неғұрлым сұранысқа ие бейіндік мамандықтар бойынша кадрлар тапшылығын төмендету үшін резидентураға оқуға 69 дәрігер түсті, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 162,7 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Және тәжірибе алмасу үшін мамандар шетелдік клиникаларға біліктілігін арттыруға жіберіледі, бұл ретте 2024 жылы 10 маман Германияның Дюссельдорф қаласындағы клиникаларда тағылымдамадан өтті. Оған қоса денсаулық сақтау мамандарына қосымша білім беру жоспарына сәйкес 614 медицина қызметкері акушерлік және гинекология, балалық кезең, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, онкологиялық, кардиологиялық, туберкулез және патологиялық қызметтер және денсаулық сақтау сияқты басым бағыттар бойынша оқудан өтті.
Тағы бір атап өтерлігі, шалғай ауылдарға сапарлайтын «Саламатты Қазақстан» арнайы медициналық пойызы өткен жылы 2,5 мың рет қызмет көрсетсе, биыл көрсетілетін медициналық қызметпен 4 мыңнан астам халықты қамту жоспарланған.