Жаңалықтар

Биыл Түркістанда 22 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Биыл Түркістанда 22 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 13.05.2024 07:20 592

Биыл Түркістан облысында 22 мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімдігіндегілер бұл жұмыстарға жалпы 7,7 млрд. теңге қаржы қаралғанын айтты. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 2,7 млрд теңгеге 7 мектеп қамтылса, облыстық бюджеттен бөлінген 4,9 млрд теңгеге 15 мектеп жөндеуден өтпек. 5 білім ұясын биыл 1 қыркүйек пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал қалған 17 мектептегі құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Сонымен қатар облыс мәслихаты шешімімен кезек күттірмейтін Бәйдібек, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласында орналасқан жөңдеу жұмыстарын жүргізуге қосымша 3 мектеп тізімге ендіріліп,  жеңімпаз мекемелерін анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жоспарына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы облыс басшысының тікелей қадағалауында.      

Облыста 1900-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген 121 мектеп күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қажетті қаржы көлемі 80 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда 66 мектептің жобалық-сметалық құжаты дайын. Бұл білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу үшін 50,4 млрд теңге қаржы қажет. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта аймақта жалпы 1052 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алады. Мемлекеттік мектептердің 720-ы типтік ғимаратта, 159-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Оның ішінде 33 мектепте оқушылар саманды ғимаратта білім алады. Сонымен қатар облыста 5 үш ауысымды және 4 апатты мектеп бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға