Жаңалықтар

Биыл Шымкентте 273 жасқа жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр

Биыл Шымкентте 273 жасқа жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр
Фото: gov.kz 20.01.2024 09:15 851

Биыл Шымкентте 273 жасқа жеңілдетілген несие берілетін болды. Бұл туралы қалалық әкімдік өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте өткен жылдан бастап кәсіп бастауға бет бұрған, бизнесін өркендеткісі келген жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріле бастаған болатын. Бағдарламаға қатысу үшін былтыр 500-ге жуық жастан өтінім түсіп, оның ішінде 263 үміткер шағын несиеге қол жеткізген еді. Микрокредит алып, кәсіп бастаған жастардың көбі қызмет көрсету, сауда және жеңіл өнеркәсіп салаларымен қатар  мал шаруашылығын қамтыды.

Оқи отырыңыз: 

Биыл жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 273 қатысушыға несие беру жоспарланып отыр. Жастардың бизнес жобасын арнайы құрылған комиссия өкілдері саралайды. Бұл ретте бизнес жобалардың өзектілігі, экономикалық негіздемесі, қоғамдық маңыздылығы, іс-қимыл жоспары бағаланады.

Кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Бұл орайда қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на өтінім білдіргендегі жасы ескеріледі. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, бұл микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды делінген әкімдік мәліметінде.

Жастарға микрокредит беру бойынша толығырақ ақпарат және жиі қойылатын сұрақтармен «https://www.agrocredit.kz» сайтында танысуға болады. Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға