Биыл шамамен 1 млн қазақстандық жұмысқа орналасады
Биыл шамамен 1 млн қазақстандық жұмысқа орналасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, әлеуметтік-еңбек саласындағы қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру – басты назарда. Сол үшін 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының 5 стратегиялық бағыты жасалған.
Үшінші стратегиялық бағыт – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Қазіргі геосаяси жағдай, жастардың едәуір ағыны, күтілетін жұмыстан босату және жаңа жұмыс орындарының аз генерациясы ұлттық еңбек нарығының негізгі сын-қатерлері және халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар болып табылады. Сондықтан Министрлік жұмысының осы бағытының басты мақсаты отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтамасыз ету және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы болып айқындалды. Негізгі нәтиже жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру, - деді ведомство басшысы министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Министр Отбасының цифрлық картасынан алынған деректер негізінде келесідей негізгі нысаналы контингент қалыптастырылады деп отыр. Яғни екі және одан да көп жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар; жұмыс істемейтін жастар; денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істеуге қабілетті мүгедектігі бар адамдар. Оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын ұсынатын SMS-хабарламалар жіберіледі. Шараға қатысуға келісім берген азаматтардың ішінен өңірлерде жұмысқа орналасатын адамдардың тізілімі құралады.
Жергілікті атқарушы органдар 15 қаңтарға дейін осы контингентпен жұмыс істеуге бағдарланған өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітеді.
Жалпы республика бойынша биыл салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар шеңберінде 75 мыңға жуық жұмыс орнын, қаржыландыру көлемі 131 млрд теңгені құрайтын мемлекет субсидиялайтын 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. 780 мың адамды жеке бастамалар шеңберінде және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Құрылатын жұмыс орындарының жалпы санының шамамен 20%-ы жастар мен мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталады, - деді Тамара Дүйсенова.