Жаңалықтар

Биыл Қызылорда қаласы ыстық сумен толық қамтылады

Биыл Қызылорда қаласы ыстық сумен толық қамтылады
Фото: Аңсар Әмірхан 18.02.2025 15:10 382

Қызылорда қаласында кешеге дейін орталықтандырылған ыстық су болған жоқ. Сондықтан тұрғындар көбіне аристонның көмегіне жүгінді. Бұл үйреншікті тұрмыстық жағдайға айналған соң алғашқы кезеңде ыстық су беріледі дегенге ел сене қоймаған,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іскер әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, талапшыл азамат – Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұсынысын Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдап, Үкімет резервінен 11 млрд. теңге бөлініп, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын жүзеге асырушы операторы ретінде бекітілген.

Жобаның барлық жайы шешім тапқан бойда негізгі жұмыстар екі кезеңмен жүргізілетін болды. Яғни, бірінші кезең бойынша 186 үй, ал, 2025 жылғы екінші кезеңде 250 үй орталықтандырылған ыстық суға қосылуы жосарланды. Әрине, айтуға оңай болғанмен істің ретке келтіру біршама қиындықтарды жеңуге тура келді.

Жалпы, Қызылорда қаласы дария жағасында орналасқандықтан және тозығы жеткен құбырлардан аққан сулардан тұрғын үй өжірелері ылғал тартып тұрады. Осы мәселе бойынша судан тазартылып, кептіріліп, тиісті құбырлар тартылды. Мұнан бөлек,  пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнатылды. Алдымен тәжірибе ретінде қаланың сол жақ жағалауындағы №34-ші көпқабатты үй мен Астана-1 мөлтек ауданындағы 13 көпқабатты үйлерге және С.Бейбарыс көшесінің бойындағы 9 үйге ыстық су берілді. Іс өз нәтижесін көрсетті. Тұрғындар қуанышында шек болмады. Оның да себебі бар. Айталық, ыстық су жүйесі электрлі су ысытқышқа қарағанда едәуір тиімді. Өйткені шығын аз.

Жәй ғана есеп жүргізейік. Күніне 50 литр суды ысытуға орта есеппен 2 кВт электр қуаты жұмсалады. Бұл дегеніңіз, 1 айда пайдаланған 60 кВт электрэнергиясы үшін 23 теңге тариф бойынша 1 380 теңге төлеуге міндетті деген сөз. Ал, жылу энергиясы арқылы су ысытуға бекітілген тариф 1 м3 – 172,03 теңге болса, небәрі кәріз қызметі мен су үшін  529,66 теңге жұмсалады. Екі жүйенің айырмашылығында осындай артықшылық бар.

Бұл орайда «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасының кеңесшісі Мұхитжан Кәрімбаев бұл мәселе жайлы егжей-тегжейлі тарқатты.

Мұхитжан Кәрімбаев: Нақты есептемелерге сүйенсек, Қызылорда қаласында 824 көпқабатты тұрғын бар. Оның ішінде 423 үйдің жоба-сметалық құжаты жасалды. Бірінші кезең бойынша осы үйлердің 186-сына ыстық су берілді. Енді екінші кезеңде 237 үйді қамтамасыз ету жоспарланған.

Жалпы, электрлі су ысытқыш қондырғысына қарағанда, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылу 66,2 процент тиімді болады. Неге? Бағасы арзан және тұрғындар ыстық суды тек жылу маусымында ғана емес, қысы-жазы пайдалана алады.

El.kz: Қазір бұл жұмыстарды атқару кімге жүктелген?

Мұхитжан Кәрімбаев: Мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде «Мелиратор» пен «BSG инженеринг» ЖШС және «Көкшетаугидрогеология» АҚ жеңімпаз ретінде анықталып, бүгінде аталмыш мердігер мекемелер тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта қала бойынша ыстық су толығымен жылдың соңына дейін іске қосылатын болады

El.kz: Мұндай ауқымды су қорын жылытуға жылу қазандықтарының шамасы жете ме?

Мұхитжан Кәрімбаев: Әрине, мүмкіндік жеткен соң бұл жоба қолға алынып отыр. Әзірге ешқандай кедергі келген емес. Енді біздің алдымызда үлкен мақсат жүзеге асқалы жатқанын да жасырмаймыз. Түркиялық инвестор «Акса Энерджи» компаниясы қолға алған қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы құрылысының 70 пайызы аяқталды. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жаңа станция облыс орталығын жылумен, аймақты электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді. Өндірілген электр энергиясының артылған бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға