Биыл Қазақстан қандай халықаралық жарыстарға қатысады

Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова биыл қазақстандық спортшылар қандай халықаралық жарыстарға қатысатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Айгүл Бектенова мәліметінше, 2-12 наурыз аралығында Түркияның Эрзурум қаласында XХ қысқы Сурдлимпиада ойындары өтеді. Оған Қазақстаннан 3 спорт түрінен 30 жуық спортшы қатысады. Сонымен қатар, 25 маусым мен 7 шілде аралығында Саха Республикасында сегізінші жазғы «Азия балалары» ойындары өтеді.
Оқи отырыңыз:
- Допинг дауы: Зүлфия Чиншанлоның жүлделері мемлекетке қайтарыла ма
- «Ұлттық қор – балаларға»: Ата-аналар нені ескеруі керек және әлемдік тәжірибе
Биылғы ең басты дода - 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Францияның Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 аса спортшы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазіргі уақытта спорттың 8 түрінен 17 жолдама бар. Маусым айына дейін спортшыларымыз 90 жуық іріктеу, лицензиялық және рейтингтік жарыстарға қатысып, жолдамалар жеңіп алады деген ойдамыз, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, 28 тамыз – 8 қыркүйек аралығында Францияда жазғы Паралимпиада ойындары өтеді. Қазіргі уақытта 5 жолдама бар.
Бұдан бөлек, биыл Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Иранның Тегеран қаласында Азия-Тынық мұхиты ойындары, Қазақстанда 6 әлем чемпионаты және 7 Азия чемпионаты өтеді.
