Биыл қанша суармалы жер игеріледі
Су ресурстарын үнемдеу қазіргі кезде бүкіл әлемде маңызды. Аталған мәселе кез келген елді алаңдатады. Әсіресе, елдегі өзендердің сарқылуы жайлы жиі айтылады. Бұған егістіктердегі су тұтыну көлемінің көптігі себеп көрінеді. Сенатта Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те осы мәселе төңірегінде біраз әңгіме қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдіктерінің алдын ала деректеріне сәйкес, биыл 1,5 млн гектар суармалы жерді игеру жоспарланып отыр. Нақты алаң көлемі егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады. 1 миллион 126 мың гектар немесе жердің 75% жерүсті әдісімен суарылады. 95,2 мың гектар күріш алқаптарын су басу арқылы, 278,6 мың гектар алаңда немесе 13,3 пайызында заманауи тамшылатып суару жүйелері пайдаланылады, - дейді министр.
Ол мұнда су үнемдеу технологияларын қолданудың жоғары үлесі байқалатын Павлодар (25%), Жамбыл (18%), Түркістан (11%), Қарағанды (8,5%) облыстарын атап өту қажет деп отыр.
Министр Қазақстан аумағында жаңбырлатып суаратын құрылғылар шығаратын зауыттар салынатынын да айтты.
Өз қаражаты есебінен Қазақстанда жобаларды іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен, израильдік «METZERPLAS» (Алматы қаласында) компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр, - дейді Ербол Қарашөкеев.
Ол Қытайға жұмыс сапары аясында қытайлық VODAR компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ жаңбырлатып суару машиналары өндірісі жөніндегі жол картасына қол қойылғанын айтты.
Яғни, 2023 жылдың соңына дейін осы машиналарды жинау және құрастыру цехын құру жоспарланып жатыр. AFKO (Атырау облысында) түрік компаниясы биыл жаңбырлатып суару машиналар шығаратын зауыт ашуды жоспарлауда, - деді ведомство басшысы.
Ол жаңадан пайдалануға беріліп жатқан суармалы егіс алқаптары солтүстік өңірлерде қамтылып жатқанын айтты.
Жалпы, республикадағы жер қоры суармалы алқаптың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алайда су тапшылығы тежегіш фактор екенін ескеру қажет. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығы жерлерін суарудың жалпы алаңын 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырма берілді. Бұл бағытта Экология министрлігі мен жергілікті әкімдіктермен бірлесе тиісті жоспар іске асырылып жатыр, - деді Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша, 2019-2022 жылдары инфрақұрылым салу, суармалы жер учаскелерін беру және ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы жер түрлеріне көшіру есебінен жаңадан қосылған суармалы жерлердің алаңы жоспардағы 44 мың гектардың орнына 51 мың гектарды құрады. Аталған жаңа суармалы жерлер республиканың солтүстік бөлігінде, яғни негізінен Павлодар облысында фермерлердің қаражаты есебінен енгізілген.
Сондай-ақ биыл мақта егілетін алқаптарды 14,8 мың гектарға азайту жоспарланып отыр екен.
Суды аз қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, биыл өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алаңын 14,8 мың гектарға азайту жоспарланған. Сонымен қатар күріш дақылдары бойынша күрт төмендеу әлі байқалған жоқ. Негізгі себеп – бұл дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысы аумағында топырақтың тұздануы. Тұз басқан алқаптарда басқа тиімділігі жоғары дақылдарды егу қиын болып тұр. Бұл тұрғыда тиісті технологияны пайдалану керек- деді министр.
Бұдан бөлек ол су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарына тоқталды.
Біріншіден, инвестициялық субсидиялау аясында фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50 пайызы өтеледі. 2020-2022 жылдары 1232 жоба іске асырылып, 29,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы мақсаттар үшін өңірлердің өтінімдері бойынша 2023 жылы 18,4 млрд теңге қарастырылған, - деді ведомство басшысы.
Ол биыл егіс алқаптарында ылғалдылықты сақтау бойынша жұмыстар дер кезінде атқарылды. Қазір егін егу науқаны қызу жүріп жатыр. Осы орайда астық шығымы жақсы деңгейде болады деген пікірдеміз. Сондықтан орташа жылдық астық жиналуы мүмкін деп айтылды.
Жақсы өнім алу бағытында қазір егін егу жұмыстарын белгіленген агротехникалық мерзімде тезірек аяқтау үшін барлығын жасап жатырмыз, - дейді Ербол Қарашөкеев.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев уақыт өткен сайын суармалы жерлерге қажетті судың тапшылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз деп айтты.
Сенаторлар өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездескен кезде де осы проблема жиі көтеріледі. Сондықтан бүгін айтылған барлық ұсыныс осы отырыстың қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады. Сенат бұл саладағы басымдықтарды іске асыру үшін Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Суармалы жерлер – шаруалар мен ауылшаруашылық өндірушілері үшін өзекті мәселе.Сол себепті, Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын малата ретінде осы бағытты әрдайым назарда ұстайды, - деді Мәулен Әшімбаев.
Осы ретте депутат Әли Бектаев ауыл шаруашылығындағы ескі әдістерге және отандық тұқым шаруашылығының төмен деңгейіне қатысты проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.
Ол отандық тұқым шаруашылығындағы проблемаларға да назар аударды. Әли Бектаев қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарындағы селекциялық жұмыс деңгейінің төмендігін атап өтті. Соның салдарынан шаруалар жыл сайын шетелдік селекцияның тұқымын сеуіп келеді.
Ғалымдар мен сарапшылардың қатыстырылуымен жұмыс тобын құру арқылы Қазақстанның астық өндірісінің проблемаларын терең зерделеу керек деп есептеймін. Соның нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің басқа да мүдделі салалары интеграцияланған астық өндірісін тұрақтандыру бағдарламасы үлгісінде жүйелі шаралар әзірленуі тиіс. Аталмыш бағдарламаның жеке бөлімі отандық селекцияны және тұқым шаруашылығы жүйесін дамытуға арналуы тиіс, -деді депутат.