Жаңалықтар

Биыл отандық бизнеске қандай қолдау көрсетіледі?

Биыл отандық бизнеске қандай қолдау көрсетіледі?
Фото: pixabay.com 25.04.2025 15:14 178

Қазақстан экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің рөлі жыл өткен сайын артып келеді. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі 2025 жылы отандық бизнеске қандай қолдау көрсетілетіні туралы зерттеп көрді.

Бизнес бастау оңай шаруа емес. Кәсіпкерлер бастапқы кезеңде білім мен тәжірибенің аздығынан, қаржыландыруды қайдан табуға болатынына, құжаттармен жұмыс істеу қиындықтарына тап болып жатады. Бірақ мемлекет шағын бизнестің алдынан шығатын осындай мәселелерді шешу үшін түрлі бағдарламалар қарастырып жатыр. Солардың біршамасына тоқталып өтсек.

Мемлекеттік бағдарламалар

Мемлекет шағын және орта бизнесті ең алдымен республиканың азық-түлік және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің экспорттық әлеуетін арттыру, белгілі бір халық топтарын жұмыспен қамту және басқа да маңызды бағыттар тұрғысынан басым салаларда қолдайды.

Мәселен, ауыл шаруашылығы үшін «Еңбек» бағдарламасы ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алуға субсидиялар, сондай-ақ фермерлерге арналған жеңілдетілген қаржыландыру ұсынады. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында шаруашылықтар мал, жем-шөп немесе жабдық сатып алуға жылдық 6%-ға дейінгі төмен мөлшерлемемен несие ала алады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға гранттар және агробизнесті жүргізу негіздеріне оқыту қарастырылып отыр.

Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы жұмыс орындарын құруға және экономиканың басым секторларын дамытуға бағытталған. Ол субсидиялар, гранттар, несие кепілдіктері және білім беру жобалары арқылы іске асады. Бағдарламаға қатыса алады:

- моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде тұратын жаңа кәсіпкерлер;

- экономиканың басым секторларында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер;

- сыртқы экономикалық қызмет кезінде валюталық тәуекелдерді төмендетуді қалайтын компаниялар;

- қаржылық емес қолдауға мұқтаж кәсіпкерлер, соның ішінде кеңес беру, оқыту және сервистік көмек қажет ететіндер.

Субсидиялар мен кепілдіктер алу үшін бизнес экономиканың басым секторларында болуы немесе моноқалаларда, шағын қалаларда не ауылдық жерлерде тіркелуі тиіс. Несие немесе лизинг жаңа жобаны іске асыруға немесе қолданыстағы бизнесті жаңғыртуға бағытталуы керек. Нәтижесінде кәсіпкер:

- несие немесе лизингтік шарт бойынша пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі;

- несие бойынша тәуекелдердің бір бөлігін жабатын мемлекеттік кепілдіктерге қол жеткізеді.

Грант алу үшін жоба өңір немесе сала экономикасы үшін маңызды болуы керек. Ал кәсіпкер нақты жасалған бизнес-жоспар ұсынуы қажет. Сонымен қатар грант сомасының кемінде 10%-ын құрайтын қоса қаржыландыру талап етіледі. Нәтижесінде:

- 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржыландыруды жабдықтау, технологиялар, франшиза құқықтары, материалдар немесе зерттеулер сатып алуға жұмсауға болады.

Қаржылық емес қолдау алу үшін тіркелген жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына» жүгіну жеткілікті. Нәтижесінде ол келесі қолдауға ие болады:

- тегін оқыту және біліктілікті арттыру;

- салықтар, бухгалтерия, бизнес-жоспар жасау, гранттар мен несиелерге құжаттарды тапсыру бойынша кеңес беру;

- лицензиялар мен рұқсаттарды алуға қатысты заң көмегі және сүйемелдеу;

- технологиялық даму бойынша көмек, соның ішінде жаңа технологияларды енгізу және IT-инфрақұрылым құру;

- іскерлік байланыстар орнатуға және жаңа нарықтарға шығуға жәрдемдесу.

Бизнесті дамытуға грант алу мүмкіндігімен оқыту

Кейбір ұйымдар кәсіпкерлерге оқудан өту ғана емес, өз бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін қаржыландыру алуға да мүмкіндік береді.

Мәселен, «Бастау Бизнес» бағдарламасы жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтардың өкілдерін кәсіпкерліктің негіздеріне оқытуға және жеке ісін жүргізу дағдыларын дамытуға бағытталады. Оқуды аяқтағаннан кейін қатысушы өз бизнес-жобасын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі грант түрінде қаржылай қолдауға үміткер бола алады.

Бағдарламаға қатысу үшін:

* Жұмыссыз ретінде тіркелу, жаңадан бастаған немесе қызмет етіп жүрген кәсіпкер болу немесе келесі санаттардың біріне жату:

- күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар тұлғалар, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатындар;

- отбасылық кәсіпорындардағы ақы төленбейтін жұмысшылар;

- табысы төмен кооператив мүшелері;

- бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер.

Сондай-ақ, келесі талаптар ескеріледі:

- Бұған дейін «Бастау Бизнес» бағдарламасынан өткендігі туралы жарамды сертификат болмауы керек;

- Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа белсенді шараларына қатыспауы керек;

- Соңғы 12 ай ішінде жұмыспен қамту шараларынан өз еркімен бас тартпауы тиіс.

Даму институттары

Кәсіпкерлер бизнесін дамытып, қаржылық жүктемені азайтуға қолдау алу мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ немесе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры сияқты кәсіпкерлікті қолдау институттарына жүгіне алады.

«Даму» қоры кәсіпкерлерге максималды сомасы 15 млрд теңге, 5 жыл мерзімге дейін несие түрінде қолдау көрсетеді. Қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлеме 6%-дан 10%-ға дейін, бизнес санаты мен бағдарлама шарттарына байланысты белгіленеді.

Қолдау төмендегі кәсіпкерлерге арналған:

- Микро және шағын бизнес – инвестициялар салуға және айналым қаражатын толықтыру үшін;

- Орта және ірі бизнес – ірі жобаларды жүзеге асыруға немесе қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру үшін;

- Моноқалалардан, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардан шыққан кәсіпкерлер – қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік жағдайында;

- Экологиялық және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыруға бағытталған әлеуметтік жобалар.

Исламдық қаржыландыру

Қазақстанда дәстүрлі және жеңілдетілген несиелеуден бөлек, шариғат қағидаттарына негізделген қаржыландыру да қолжетімді. Бұл қаржыландыру түрі ислам қағидаларын ұстанатын кәсіпкерлерге, тыйым салынған қызмет түрлерін (мысалы, құмар ойындар, алкоголь өнімдерін шығару) қамтымайтын басым салалардағы бизнеске, сондай-ақ дәстүрлі несиелерге балама ретінде серіктестік негізіндегі шарттарды қалайтын компанияларға арналған.

Исламдық қаржыландыру келесі қағидаларға негізделеді:

- Пайызсыз қаржыландыру – қаржы ұйымының табысы бекітілген үстеме ақы арқылы қалыптасады, ал пайызға толықтай тыйым салынған;

- Спекуляция мен белгісіздікке тыйым – қаржыландыру тек нақты активтер мен тауарлар арқылы жүзеге асырылады;

- Әлеуметтік жауапкершілік – қоғамдық пайдасы бар және этикалық қағидаларға сай жобаларға қолдау көрсетіледі.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламалары белсенді түрде дамып келеді. 2024 жылы «Даму» қоры іске қосқан «Үміт» бағдарламасы әйелдер бизнесін қаржыландыруға бағытталып отыр. Бағдарлама аясында инвестиция мен айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 16,5% мөлшерлемемен, мерзімі 7 жылға 100 млн теңгеге дейінгі қарыз ұсынылады.

Бұған қоса, елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтарда әйелдерге кеңес беру, оқыту, қаржыландыруда қолдау көрсету, сондай-ақ табысты кәсіп жүргізу үшін маңызды дағдыларды дамытуға көмек көрсетіледі.

Халықаралық бизнес қолдау

Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес-орта сапасын жақсартуға бағытталған халықаралық бағдарламалар жұмыс істейді. Бұл бастамалар әлемдік тенденцияларды және жергілікті экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып түрлі ұйымдармен жүзеге асырылады.
Мысалы, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы энергетикалық тиімділік және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға бағытталған, ал АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) жобасы Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда бизнесті қолдауға арналған.
Бұл бағдарламалар әртүрлі міндеттерді шешеді. Мәселен, осал топтарды экономикаға интеграциялау мен компанияларды халықаралық нарықтарға шығару мәселелері. Қолдау кімдерге беріледі:

- бәсекеге қабілетті экономиканың салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен компанияларға;

- кәсіпкер әйелдерге, жастарға және ұлттық экономикаға интеграциялауды қажет ететін осал топтарға;

- стартаптар мен цифрлық және жасыл экономикаға бағытталған кәсіпорындарға;

- жаңа аймақтық және әлемдік нарықтарға шығуды көздеген компанияларға.

Краудфандинг және баламалы қаржыландыру көздері

Краудфандинг кәсіпкерлерге жобаны жүзеге асыру үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Ол үшін арнайы платформалар арқылы қарапайым адамдардан қаражат тартуға болады. Мысалы, Kickstarter және Indiegogo кәсіпкерлерге өз идеяларын кең аудиторияға ұсынып, көпшілік арасынан қаржыландыруды тартуға жағдай жасайды. Бұл үшін стартаптар өз өнімін немесе қызметін, сондай-ақ табысты болған жағдайда компанияның үлесін ұсынуы мүмкін. Кейбір жобалар (әдетте, әлеуметтік маңызды жобалар) қайырымдылық ретінде қаражат тартады.

Әртүрлі бизнес-инкубаторлар мен акселераторлар қаржыландыру ғана емес, сондай-ақ менторлық қолдау, білім беру және байланыстар желісіне қол жеткізуді ұсынады. Astana Hub сияқты ұйымдардың бағдарламалары стартаптарға өсу және халықаралық нарыққа шығуға көмектеседі.

Венчурлік қаржыландыру жоғары өсу әлеуеті бар IT-стартаптар үшін қолайлы. Жеке инвесторлар мен венчурлік қорлар болашақта пайда табуды көздей отырып, болашағы зор жобаларға инвестиция салады.

Лизинг – үлкен бастапқы шығындарсыз жабдықтар немесе техника сатып алудың ыңғайлы тәсілі. Бұл құрал әсіресе активтерін жаңартуды қажет ететін шағын бизнес үшін пайдалы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға