Жаңалықтар

Биыл елімізде WorldSkills стандарттары бойынша 600-ден аса сарапшы сертификатталды

Биыл елімізде WorldSkills стандарттары бойынша 600-ден аса сарапшы сертификатталды
Фото: © ОКҚ 17.11.2023 12:50 888

Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 60 пайызында WorldSkills құралдары ескерілген бағалау жүйесі енгізілді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

WorldSkills  жобасының мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және дәріптеу. Қазақстан WorldSkills International халықаралық ұйымына 2014 жылы енді. Ал 2016 жылдан бері WorldSkills Еуропа қозғалысының мүшесі болды.

Еліміздің WorldSkills қозғалысына қосылуы жаңа талаптарға сай техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау жүйесін халықаралық деңгейге қайта қарауға негіз болды. Халықаралық чемпионаттарға қатысу жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы өзекті әлемдік трендтерді зерделеуге, сондай-ақ отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін салыстыруға және бағалауға мүмкіндік берді, - деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Ақзира Қасымованың мәліметінше, WorldSkills қозғалысын дамыту жөнінде жүйелі шаралар Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қарастырылған. Атап айтқанда, оқу процесіне WorldSkills стандарттарын енгізу, халықаралық талаптар бойынша сарапшыларды оқыту, оқу-жаттығу лагерьлерін құру, халықаралық чемпионаттарға қатысу.

2023 жылы WorldSkills стандарттары бойынша 600-ден аса сарапшы оқытылып, сертификатталды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 1901 педагог оқыту семинарларынан өтті. Жыл сайын өңірлік, республикалық деңгейлерде чемпионаттар өткізіледі және WorldSkills халықаралық чемпионатына ҚР ұлттық құрамасы қатысады, - деді ол.

Ақзира Бақтыбайқызының айтуынша, осы кезеңге дейін елімізде 90 өңірлік және 7 республикалық WSK чемпионаттары өткізіліп, құзыреттіліктерді қамту 30-дан 71-ге дейін ұлғайған. Сондай-ақ конкурсқа қатысушылар саны 309-дан 535-ке дейін, сарапшылар саны 200-ден 600-ге дейін өсті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға