Жаңалықтар

Биыл елімізде азаматтардың шағымдары бойынша 45 мыңнан астам бұзушылық анықталды

Биыл елімізде азаматтардың шағымдары бойынша 45 мыңнан астам бұзушылық анықталды
Фото: © ОКҚ 22.11.2023 15:45 844

Елімізде жыл сайын азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет саны өсіп келеді. Биыл 9 айдың ішінде 202 миллион қызмет көрсетілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көрсетілетін қызмет түрлері де ұлғаюда. Өткен жылдың мамыр айына дейін мемлекеттік аппаратпен 600-ден астам қызмет түрі көрсетілсе, бүгінгі таңда мемлекеттік аппаратпен 1353 қызмет түрі ұсынылады. Осы қатарға Президент жарлығымен бекітілген мемлекеттік басқару тұжырымдамасында аталған қоғамдық маңызы бар көрсетілетін қызметтерді қосуға болады, - деді Салауат Сыйлыбайұлы.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасарының сөзінше, қызметтердің сапасы, қолжетімділігі, азаматтардың бюрократияға және әуре-сарсаңға салынбауы басты назарда. Агенттік өз құзыреті шегінде бақылау жүргізеді.

Жыл басынан бері Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мемлекеттік органдарда профилактикалық мақсатта 195 кешенді тексеру, азаматтардың шағымдары бойынша 123 тексеру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 45 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Осы қатарда мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін бұзу фактілері көш бастап тұр. Олардың 92 пайызы немесе 19 мыңнан астамы анықталды. Барлық бұзушылықтардың артында азаматтардың жеке өтінімі мәселесі, өмірлік жағдайы тұр. Осыған орай, келіп түскен арыз-шағымдарға аса мән беріледі. Олар мұқият қаралады, - деді Салауат Мүксімов.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға