Биыл елімізде 153 мың түлек мектеп бітіреді

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, 2022-2023 оқу жылын 3 миллион 700 мың оқушы аяқтайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Оның ішінде 280 мыңы – 9-сынып оқушылары, 153 мыңы – 11-сынып түлектері. Сондай-ақ ол жазғы каникул 90 күнді құрайтыны айтты.
11-сынып түлектері үшін жалпы орта білім туралы аттестатты салтанатты табыстау өз мектептерінде 20-22 маусымда өтеді, - деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 1 миллион 160 мыңнан аса тәрбиеленуші қамтылған.
Мектепалды даярлықты 351 518 тәрбиеленуші аяқтайды, - деді вице-министр.
Сондай-ақ ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын биыл 144 мың, педагогикалық мамандық бойынша 19 мың студент бітіретінін айтты.
Колледж түлектері үшін қорытынды аттестация 28 маусымға дейін аяқталады, - деді Шолпан Каринова.
