Жаңалықтар

Биыл бірінші сыныпқа 380 000 мыңнан астам бала барады

Биыл бірінші сыныпқа 380 000 мыңнан астам бала барады
Фото: © ОКҚ 04.08.2023 14:42 3451
Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты. Оның сөзінше, биыл еліміздегі мектептерде 3 млн 500 мыңнан астам оқушы білім алады. Сондай-ақ ол мұқтаж отбасылдарға көмекке тоқталды, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.
Биыл Жалпыға бірдей міндетті білім қорынан 450 мыңнан астам мұқтаж оқушыға мектеп формасы мен оқу-құралдарын сатып алуға 18 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады. Атап айтқанда, Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқандардың балаларының әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілді.
Ағымдағы жылы әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері 40 567 теңгені құрайды. Өткен жылы Оқу-ағарту министрлігі көп балалы, аз қамтылған аналардың талаптарын ести отыра, өтініштерін орындау мақсатында есепшоттарына қаражат аударуды көздейтін ҚР Үкіметінің қаулысына өзгеріс енгізген болатын. Қабылданған өзгерістер ата-аналар мен балаларға бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын, әрі жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік бермек, - деп атап өтті Еділ Оспан.
Ағымдағы жылдың 3 тамызындағы жағдай бойынша өңірлер 201 206 баланы 43,9% қамтумен ата-аналардың есепшоттарына 8,2 млрд теңгеден астам қаражат аударды.
 
Айта кетейік, ата-аналар аталған тауарларды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек. Материалдық көмек тамыз айының соңына дейін ата-аналардың мектеп директорының атына берген өтініші негізінде ұсынылады. Республика бойынша бір балаға көмек көрсетудің ең жоғары мөлшері Павлодар облысында көзделген. Ол 47,3 мың теңгені құрап отыр. Қазір өңірлерде кәсіпкерлерді тарта отырып мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Мәселен, автодүкендерде жеңілдетілген бағамен мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын сатып алуға болады.
 
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 2008 жылдан бері жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы «Жақсылық жаса» ұранымен бастау алды. Әр баланың отбасының әлеуметтік жағдайына қармастан, сапалы білім алуға толық құқығы бар екенін атап өткен жөн.
 
Комитет төрайымы Насымжан Оспанова, акция аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ асыраушысынан айырылған ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған айтып өтті. Оның сөзінше, ата-ана үшін баласын лайықты түрде мектепке жинау оңай шаруа емес.

Биыл бірінші сыныпқа 380 000 мыңнан астам бала барады

Міне, 15 жылдан бері жалғасып келе жатқан «Мектепке жол» акциясы мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және жаңа оқу жылы қарсаңында барлық балалардың мерекелік атмосферасын құруға мүмкіндік бермек. Өткен жылы демеушілер мен меценаттар 3 млрд 781 млн теңгеге 204 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетті. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға бейжай қарамайтын, жүрегі кең азаматтардың аталған акцияға белсенді қатысуға шақырады, - деді Насымжан Оспанова.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға