Биыл Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй аяқталады
Осылайша, 2022 жылдың соңына қарай құрылысы ұзаққа созылған 150 үйдің 120-сында мәселе шешіледі.
«16 мың үлескер-отбасының мәселесін шешу міндеті тұрды. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтер аралап жүрген біздің тұрғындардың тағдыры, олар бұрында-ақ өз үйлеріне кіруі тиіс болған. Биыл құрылысы ұзаққа созылған тағы 30 көппәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Ұзаққа созылған құрылыстардағы жұмыстың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында. Жыл соңына дейін құрылысы аяқталған «сақалды құрылыстар» саны 120-ға жететін болады, барлығы 150 еді. Үлескерлер саны 15 мың отбасыдан 2 мың отбасыға дейін азаяды. Соған қарамастан, тағы 30 «сақалды құрылыс» қалып отыр. Олардың құрылысын аяқтау бойынша нақты жопарланған мерзім бар«, - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Қала әкімінің айтуынша, құрылысы аяқталмай қалған нысандардың проблемасы әртүрлі: бірінде тек қазылған шұңқыры болған; бірі апатты деп танылуына байланысты сүруге жатқызылды; бірінде қаржы аудиті, жобалау-сметалық құжаттамасы болмады, пәтерді екі-үш адамға сату фактілері де тіркелген.