Жаңалықтар

Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы 60 пайыз өседі

Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы 60 пайыз өседі
Фото: baq.kz 05.05.2023 16:50 1373

Президент Әскери академиялардың материалдық базасын нығайтуды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы Бүкілармиялық кеңес отырысында осылай деді. Бұл тұрғыда кез келген жоғары оқу орнының мүмкіндігін пайдаланған жөн. Яғни студенттердің жауынгерлік дайындығына ректорлар тікелей жауапты болуы қажет. Президент сонымен қатар әскерде де білім мен тәрбие қатар жүру керектігін еске салды.

Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Қазіргі қақтығыстардың сипаты мүлде бөлек. Әлемде гибридті соғыс жүріп жатыр. Сондықтан Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру – өте маңызды міндет. Білім мен тәрбие әрдайым бірін-бірі толықтырып отыруы қажет, - деді Қ.Тоқаев.

Бұдан бөлек әскери қызметін өтеп келген жастарға да мүмкіндік жасалуы қажет деп отыр. Бұған дейін ел алдындағы азаматтық парызын өтеп келген жігіттерге оқу орнына түсуге жеңілдік қарастырылатыны айтылған.

Әскери қызметте «әлеуметтік лифттің» болуы маңызды. Сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік беруіміз керек. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет, - деді ол.

Президент әскерде жүрген жастардың маман болып шығуына да баса мән беру керектігін тілге тиек етті. Тиісінше әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкіметке Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осы жайтты ескеруді тапсырды.

Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30 пайызға артады. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралуда. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады. Олар тұрмысына алаңдамай, ел қорғауға сақадай сай болуы керек, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға