Жаңалықтар

Биыл Ақмола облысында жылу құбырлары жаңартылады

Биыл Ақмола облысында жылу құбырлары жаңартылады
Фото: rostechsteel-spb.ru 10.03.2023 17:00 1040

Көктемнің алғашқы аптасы басталғаннан бері бірнеше өңірге су басу қаупі төнді. Қауіпті аймақтар арасында Ақмола облысы да бар. Бүгінде облыстағы 56 елді мекенде су алу қаупі жоғары. Ал мұндай апаттың алдын алу үшін өңірде қандай жұмыстар жасалып жатқанын El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевтен сұрап білген еді.

Ақмола облысы көктемгі су тасқынынан сақтану үшін алдын алу жұмыстарын ақпан айында бастап кеткен. Қазіргі таңда өңірде қар тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Көктемгі су тасқынын болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Қазіргі уақытта ең қауіпті деп саналатын 56 елді мекен бар. Олардың көбісі елорданың маңайында орналасқандықтан қауіп Есіл мен Нұра өзендерінен келеді. Атбасар, Сандықты, Зеренді аудандары дәл сондай қауіпті аймақтар болып саналады», – деді Малғаждар Тәткеев.

Сондай-ақ ол қауіп төніп тұрған аудандар бақылауға алынып, өзендердің арнасы тексеріліп жатқанын айтты.

«Жыл сайын дайындық жұмыстарына қаражат бөлінеді. Қазір 2,5 млрд теңге көлемінде қаражат резервте тұр. Жанармай мен арнайы техникалар тексеріліп, дайындалды. Өзендерде тұрған гидротехникалар бойынша да жұмыстар жүргізілді. 10 наурыздан мұз жару жұмыстары басталады», – деді әкім орынбасары.

Биыл Ақмола облысындағы елді мекендерден 90,3 мың м3 қар шығарылған. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 154 тонна жанармай, 15,6 мың тонна инертті материал, 63,2 мың қапшық дайындалған. Өзендердің қауіпті аймағындағы су деңгейін бақылау үшін 92 қосымша бекетке тәулік бойы күзет қою жоспарланып отыр.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына жасаған сапарында өңірдегі мәселелерге байланысты бірқатар тапсырма берген болатын. Солардың бірі – жылу электр орталығының жұмысы мен тозығы жеткен құбырлардың мәселесі. Әкім орындасарының айтуынша, биылдан бастап бірнеше ауданда құбыр ауыстыру жұмыстарына дайындық басталады. 

«Ең маңызды мәселе – жылу беру. Бүгінгі таңда өңірде жылу беру құбырлары 80%-ға дейін тозған. Мемлекет басшысы да біздің өңірге жасаған сапары барысында нақты тапсырма берді. Алдағы уақытта тозығы жеткен құбырларға жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Оған қажетті қаражының  50%-ы жекеменшік компаниялардан бөлінетін болады. Дегенмен, өңірдегі барлық құбырды бірдей жаңарту әзірге мүмкін емес. Биылғы жылы 10-15 шақырымға дейін құбырларды ауыстырамыз», – деді Малғаждар Тәткеев.  

Құбырларды ауыстыру жұмыстары күзде аяқталып, келесі қысқа дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ең алдымен Атбасар, Көкшетау және Степногорск секілді қалалардағы тозығы жетіп тұрған құбырлар ауыстырылады. Бүгінде жобалар дайындалып, қаражат мәселесі пысықталып жатыр.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде Ақмола облысының тұрғындары иесіз иттердің көбейіп кеткенін айтып, бірнеше рет шағымданған болатын. Айтуларынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шыққаннан бері қаңғыған иттер саны тіпті көбейген. Ақмола облысының ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов бұл мәселені шешу үшін биыл 96 миллион теңге бөлінетінін айтады.

Тұрғындар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап шара қолдануды сұрағанмен жаңа заң бойынша қару қолдануға тыйым салынған.

«Жақында жануарларды қорғайтын жаңа заң қабылдандып, бұрыңғыдай қару қолдануға тыйым салынды. Енді иесіз жүрген иттерді ұстап, оларға зарарсыздандыру, вакцинациялау шараларын жүргізіп, қайтадан  жіберу керек. Ол үшін ең алдымен конкурс жүргізіп, меңгеруші белгілеп, кейін 17 аймақ бойынша жұмыс жүргізеді. Тұрғындарға да меңгерушілердің байланыс нөмірлері берілген. Олар кез келген уақытта хабарласып, қаңғып жүрген иттерді зарарсыздандыруға өтініш бере алады», – дейді Малғаждар Тәткеев.

Соңғы уақытта Атбасар ауданының тұрғындары қаңғыған иттер балаларға шабуыл жасағанын айтып, жиі шағымданатын болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға