Биыл алты мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

1 мамырдағы жағдай бойынша 5 926 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (50,3%) Қытайдан, 33,4% – Өзбекстаннан, 6,4% – Түрікменстаннан 5,2% – Моңғолиядан , 3,4% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден келген.
Осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,6%-ды және зейнеткерлер 9,5%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 22,6%-ы орта кәсіби білімді, 55,1%-ы жалпы орта білімді, және 5,3%-ының білімі жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Жыл басынан бері 1246 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 401 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
