Биыл 186 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді

Елімізде 22 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары биылғы оқу жылын аяқтайды. Бұл ұйымдарда 5 миллионнан астам бала білім мен тәрбие алды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, 341 мыңнан астам түлек 9-сыныпты, 186 мыңнан астам түлек 11-сыныпты бітіреді.
Мектептерде оқу мерзімі 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады. 24 мамырда республиканың барлық мектептерінде 1-10 сынып оқушыларына «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Сондай-ақ 25 мамыр күні мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізіледі, - деді Наталья Жұмаділдаева.
Биыл алғаш рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 5-8, 10 сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі.
