Бітімгерлік операциялар орталығының офицерлері Венгриядағы халықаралық курсқа қатысты
Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының офицерлері Венгрияның Сольнок қаласында өткен «Әскери бақылаушылар» халықаралық курсына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тренингке майор Айбар Ақтөреев нұсқаушы ретінде шақырылды. Әскери бақылаушы ретінде миссиядан өту тәжірибесінің арқасында ол мұндай сабақтарды бірінші рет өткізіп отырған жоқ. Офицер тыңдаушыларды бітімгерлік қызметтің қыр-сырымен таныстырып, олармен бірге БҰҰ мандаты шеңберіндегі міндеттерді іс жүзінде орындауды пысықтады.
Үш апталық қарқынды бағдарлама барысында курсқа қатысушылар әскери бақылаушылар жұмысының негізгі принциптерін, жанжал аймағындағы мінез-құлық ережелерін, ақпаратты жинау және талдау әдістерін, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқық негіздерін зерделеді, – деп түсіндірді майор Айбар Ақтөреев.
Бітімгерлік дайындық орталығы базасындағы оқуға Әзербайжан, Венгрия, Египет, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, Кот-д ' Ивуар, Мальдив, Марокко, Мексика, Пәкістан, Солтүстік Македония, Сербия, Словения, АҚШ, Танзания және Эквадордан 25 тыңдаушы қатысты.
Мұндай курсқа қатысу – бұл көпұлтты ортада қажетті білім мен бастапқы жұмыс тәжірибесін алудың тамаша мүмкіндігі, – деп бөлісті курсқа тыңдаушы ретінде шақырылған KAZCENT офицері медицина қызметінің майоры Ілияс Әбішев, – Тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен біз имитацияланған стандартты емес жағдайлар бойынша іс-әрекеттерді пысықтап, оларды талдауға және шешім қабылдауға үйрендік.
Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға БҰҰ әскери бақылаушылары саласындағы біліктілігін растайтын сертификаттар табысталды.