Бітімгерлік операциялар орталығында ГФР әскери қызметшілерінің қатысуымен семинар өтті

Алматыда ҚР Қорғаныс министрлігінің бітімгерлік операциялар орталығында өткен халықаралық семинарда Қазақстан мен ГФР әскери қызметшілері көшбасшылық және азаматтық білім беру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының оқытушылары, сондай-ақ оқу орталықтарының нұсқаушылары қатысты.
Қазақстандық әріптестері үшін подполковниктер Фридрих фон Бисмарк пен Андре Шредер «Көшбасшылық пен азаматтық білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі мазмұны» және «ХХІ ғасырдағы көшбасшылыққа төнетін сын-қатерлер» тақырыптары бойынша дәріс оқыған. .
Семинарға қатысушылар офицерлерді дайындаудың түрлі үлгілерімен танысты. Сондай-ақ, қазіргі заманғы көшбасшылардың алдында тұрған сын-қатерлер, әскери мамандарды кәсіби және адамгершілік жағынан жетілдіру мәселелері талқыланды.
ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары подполковник Рүстем Сүлейменов атап өткендей, әскери қызметшілердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту, олардың өз бетінше шешім қабылдау және азаматтық жауапкершілікті сезіну қабілеті бітімгерлік контингентті дайындауда үлкен маңызға ие. Сондай-ақ, іс-шара бағдарламасына дәрістер, тренингтер, интерактивті сабақтар және пікірталастар ұйымдастырылды.
