Жаңалықтар

Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздік толғауы

Азаттықтың дәмін бір татқан адам оны аңсамай тұра алмайды.
Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздік толғауы
15.12.2020 13:00 8653

Алаштың айбоз абызы, талантты ақын, талантты сыншы, талантты прозаик Әбіш Кекілбаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан бірқатар мақала, эссе, сұхбаттарын саралай отырып, киелі тәуелсіздігіміз туралы толғаған еңбектерінен үзінді жариялағанды жөн көрдік. 1997 жылы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Елдік пен ерлік киесі» атты тарихнамалық эссесінен үзінді. 

Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздік толғауы

Елдік пен ерлік киесі

Тәуелсіз даму – өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай, жүзеге аса қоймайды. Сондықтан да қалың жұртшылық бүгінгі ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің тарихи бастауларына айрықша ықылас аударуда. Тек күні кеше ел жолында жан қиған боздақтарымызбен қоса ұлан-ғайыр атамекенімізді қорғап қалған бағзы бабаларымызға, рухани тұрлаулығымызды қалыптастырған ойшылдарымыз бен пірәдарларымызға ризагер ұрпақтың атынан тағзым етіп, құрмет көрсетуде. Ондай қастерлі есімдер мен мүбарак жәдігерліктер кең-байтақ еліміздің қай шалғайында да халық назарынан қағыс қалып жатқан жоқ. Далба тауында атақты Бұхар жырау күмбезі бой көтерді. Мақаншыда Дарабоз Қабанбайға мінәжат орны салынды Жендеттік пен шолақ белсенділік жер төмпешікке айналдырған Махамбет қабірі ат басын бұрып, іздеп еңсе көтерді. Мұндай жан қуантар жақсы құбылыстар, әсірсе, халқымыздың қай ғасырда да қасиетті қара орны саналған ежелгі Қаратаудың екі бетінде өте көп. Қызылкөл маңындағы Баба Түкті Шашты Әзіздің күмбезі жаңартылды. Тұран даласында мұсылман дінін таратуда тиянақ бекеті болған Баба-Атаның көне ғимараттары археолог күрегі мен жәдігерлікті жаңғыртатын зерделі құрылысшы қалағын сағынып тұр.

Азаттық жегенің аузыңда, жемегенің алдыңда, қарқалазы боп шалқып жүруге емес, болғаның мен болмағыңды, бүгінгің мен болашағыңды өзің қарастырып, өзің қамдастырып жүру үшін керек. Кісіге қол жайып, күніңді басқаға қаратпауың үшін керек.

Азаттықтың дәмін бір татқан адам оны аңсамай тұра алмайды. Аңсағанына жетпей тынбайды. Біз бүгін бұрын да азат болған жұрттың ұрпағы болғасын азат болып отырмыз. Сондай дәуренді бастан кешкен бабалардың рухына сеніп, тәукелге бел буып отырмыз.

Жарқын бетбұрыстың жойқын беташары

(1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының 10 жылдығына орай)

Иә, одан бері де он жыл өтіпті. Келелі оқиғалар мен кемел өзгерістерге толы он жыл. Ал оған дейін ше?.. Қиялды қысыратып, сананы сарсылтқан сан ғсырлар... Біздің бабаларымыз тек кейінгі бес ғасырда ғана емес, ең байтақ Еуразияның біресе ана пұшпағына, біресе мына пұшпағына барып, одырайтып орда тігіп, желпілдетіп ту көтеріп жүрген бес мың жылдық ұзақ ғұмырдың бұрысын аңсаумен өткен шығар. Өйткені, олар өздерінің жауынгер рухын, саяси тегеурінін бір аймаққа да, құрлыққа да, тіпті іргелес жатқан қос құрлыққа да әлденеше рет мойндата алды.

1986 жылғы Желтоқсанның әлеуметтік-экономикалық және саяси астары

Дүбірлі Желтоқсан оқиғасы бұрынғы Кеңестер Одағында 1985 жылы сәуірде дүркірей жөнелген «қайта құру» дүмпуінен туындағаны мәлім. Ол күндей күркіреген Кеңестер елі мен дүйім дүниенің ғана емес, жұмырбасты пенденің ғұмыр-тіршілігінде де көп нәрселерді астын үстіне шығарып, аударып-төңкеріп тастады. Жоғарыдан басталған бұл дүмпу Кеңес қоғамындағы өзара қайшылықтарды қым-қуыт ушықтырып жіберді. Қоғамдық санада қопарылыс тудырған жариялылық пен демократияландыру, халықтың жаппай саясаттану процесі мемлекеттік монополия билеп-төстеген жоспарлы экономиканың мешеу әрекет-қарекетімен көрер көзге кереғар келіп отырады.

Реформаторлық қозғалыстардың ашық көрінісі болған 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары Мәскеудегі саяси орталыққа бағынбауды көздеген аймақтық бас көтерулер шеруін бірінші боп бастап берді.

1986 жылғы Желтоқсанның тарихи маңызы

Сөйткен Желтоқсан желпінісінің тарихи маңызы қандай? Ол өзі революция ма? Көтеріліс пе? Қозғалыс па? Әлде қатардағы оқиға ғана ма?

Желтоқсан толқуы, әрине, революция емес. Өйткені, революция дегеніміз – түбірлі әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында бұқаралық қозғалыс лидерлерінің күш көрсету жолымен мемлекеттік өкіметті басып алуы.

Республика партия ұйымының басшылығына Колбиннің тағайындалуы жастардың бас көтеруінің нағыз себебі емес, әншейін сылтауы ғана болды. Себеп анағұрлым тереңде жатты. 1986 жылдың экономикалық, саяси, әлеуметтік, ұлттық, мәдени дамуындағы кең көлемді ілгерілеушіліктер Орталық пен одақтас республикалар арасындағы қарым-қатынастың барынша шиеленісуіне әкеп ұрындырды. Ұлан-байтақ елді басқару жүйесінің шамадан тыс орталықтандырылуы сыр бере бастады. Бәрін бір өзі билеп-төстейтін оспадарсыз Орталық бұрын-соңды ешкім біліп көрмеген құбыжық құбылысқа айналды.

Дүмпудің өзге себептері ретінде адамдардың адами қасиет, демократия, адам құқығы, ұлттық мақтаныш туралы ұғымдарының айта қаларлық өзгеруін атауға болады.

Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы одақтас республикалардың Орталық өктемдігіне үнсіз қарсылығына жария сипат білдірді. «Дауыл алдындағы тыныштықтың» астан-кестеңін шығарды. Сырттай қарағанда, мызғымастай көрінетін коммунистік идеологияның сенімнен біржола айрылуын тездетіп берді. Осы орайда қозғалысты, біріншіден, ішкі ұлттық маңызы бар оқиға (ұлттық өзін-өзі тану сезімсінің оянуы) ретінде, екіншіден, жалпыодақтық деңгейдегі (одақтас республикалардың егемендігіне серпін берген) оқиға ретінде, үшіншіден, әлемдік маңызы бар (социалистік лагерьдің күйреуінің басталуы) аса салиқалы көп сипатты әлеуметтік сілкініс – атышулы тарихи феномен ретінде бағаласа да артық емес.

(«Егемен Қазақстан», 12 қараша, 1996 жыл).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға