Жаңалықтар

Бірнеше жылда қылмыс мүлдем тіркелмеген 4 ауыл: Полиция оның сырымен бөлісті

Бірнеше жылда қылмыс мүлдем тіркелмеген 4 ауыл: Полиция оның сырымен бөлісті
Фото: Коллаж El.kz 24.02.2024 09:00 6695

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Жусансай, Аққойлы, Төреарық және Көлтоған ауылдарында дүкен иелері ішімдік сатудан түгелдей бас тартқан. Соның нәтижесі болса керек, 2022 жылдан бері бұл елдімекендерде мүлдем қылмыс тіркелмеген. Кәсіп иелерінің мұндай шешім қабылдауына не түрткі болды? Полиция не дейді? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін аталған ауылдарға арнайы барып, қараша халықпен тілдестік. Сондай-ақ полицейлердің атқарып отырған жұмыстарымен де таныстық.

Ордабасы ауданында халық санағы бойынша 143 мың адам тұрады. Бұрын шағын ғана аудан атанған Ордабасы бүгінде Түркістан облысының орталығы мен Шымкент қаласының ортасында орналасқан. Мұнда 10 ауылдық округ бар. Аудан орталығы – Темірлан ауылы.

Бүгінгі мақаламызда Шұбар және Қараспан ауылдық округтеріндегі елдімекендер туралы сөз қозғамақпыз. 

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Шұбар ауылдық округіндегі Жусансай ауылындағы мына азық-түлік дүкені Елтайұлы Жайлымыс көшесінде орналасқан.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Сауда орны - Мұратбек және Қарлығаш Елтайға тиесілі. Отағасы 61-да. Жұбайы - 60 жаста. Ауыл тұрғындары 25 жылдан бері осы кәсіпті дөңгелетіп отыр. Соңғы 10 жылда дүкенде ішімдіктің кез келген түрі мен темекі өнімдері мүлдем сатылмайды. Оның өзіндік себебі де бар екен.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мұратбек Елтайдың айтуынша, 2014 жылы ауыл халқының қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға болған. 125 шақты отбасы тұратын ауылда екі мұғалім жол-көлік оқиғасынан мерт болған.

Марқұм болған мұғалімнің бірі менің ағамның баласы болатын. Сол жылы ҰБТ нәтижесімен біздің ауыл аудан бойынша үздік атанды. Содан ұстаздар қуанышты атап өтпек болған. Інім мен қасында тағы бір мұғалім ішімдік ішіп, рөлге отырған. Жол апатына түсіп, екеуі де қайтыс болды. Кейін ауыл ақсақалдары жиналып, ортақ мәмлеге келдік. Негізі инициатива өзімізден болды. Ауылда бізден басқа тағы бір тұрғынның дүкені бар. Өзара келісіп, спирттік ішімдік сатпайтын болдық. 10 жыл болды, бізде арақ, сыра, темекі және насыбай дегендер мүлдем жоқ,-деді дүкен иесі Мұратбек Елтай.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Әңгімемізді ауыл тұрғынының жұбайы да жалғады. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде 13 немере сүйіп отырған Қарлығаш Елтайдың айтуынша, спирттік ішімдіктен пайда жақсы түседі. Бірақ, берекесі жоқ.

Оларды ең «ходовой» тауар деп айтуға болады. Ақшаның бәрі сол жақта. Шыны керек, қазір қыс ауасы. Сауда да аса көп бола бермейді. Кейде күніне мың теңгенің заты сатылмай қалатын күндер болады. Дегенмен, Аллаға шүкір. Несібемізге қарай 5-10 теңге көрсек те, берекесі бар. Жазға қарай балмұздақ, салқын суларымыз өтеді. Негізі бұл дүкен жолдасым екеумізге ермек. Үйде құры жатқанша аз-маз қимылдап тұрған өзімізге де жақсы ғой. Балаларым өз күнін өздері көріп жүр. Ертең зейнет жасына жеткен соң дүкенді келіндер мен немерелерімізге береміз деп отырмыз,-деді Қарлығаш Елтай.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мұратбек Елтай спирттік ішімдік сатпағалы құлағымыз да тынышталды деп отыр. Өйткені жол бойында орналасқан дүкенге ары-бері көлікпен өткендер түннің кез келген уақытында келіп, ұйқыдан оятып алады екен.

Негізі біз өзіміз де алкогольдік өнімдерді сатуды доғарайық деп ойлап жүргенбіз. Үлкен ұлым да солай деп өз ұсынысын айтқан болатын. Өзі бес уақыт намазын оқиды. Кейін қаралы хабар естіп, бірден шешім қабылдадық. Харамның аты қашан да харам ғой. Бұрындары алып-ұшып, аптасына Шымкентке 4 рет барып, сыра, арақ алып келетінмін. Сауда да жақсы болды. Күніне 80-100 мыңға дейін табыс табатынбыз. Жұбайым айтып өткендей, одан түскен табыстың берекесі де болмайды. Бастысы, қазір жүрегіміз де, ұйқымыз да тыныш,-деді дүкен иесі.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Өз сөзінде Жусансай тұрғыны бұрындары ауыл адамдары соғым сойса да апталап спирттік ішімдік ішіп, көшеде жүретінін алға тартты. Қазір көшеде ішіп алып жүрген жан баласы жоқ екен. Содан да болар, соңғы жылдары бұл елдімекенде қылмыс мүлдем тіркелмеген. Мұратбек Елтай бұған учаскелік полицейлердің де еңбегі орасан деп отыр.

Қылмыс қай жерде болады? Ажырасу, ұрлық, бұзақылық дегендер көбіне сол арақ ішкеннен болады ғой. Сылқия мас болған адам кейде не істеп, не қойғанын білмей жатады. Ащы су – бар бәленің басы дер едім. Ауыл болып спирттік ішімдіктен бас тартқан соң ауызбіршілік те нығая түсті. Жастарымыз мешіттен қалмайды. Қариялардың ақылдарына, кеңестеріне құлақ асады. Бұл ретте учаскелік полицейлердің жұмысын да атап өткен жөн. Қашан көрсең, көше-көшені аралап жүреді. Бізге де жиі келіп, хабар алып тұрады. Бұл жігіттерге сондай ризамын өз басым. Негізі тәртіп сақшылары болмаса қиын ғой. Қылмыстың болмауына да осылардың септігі бар. Себебі қылмыс жасаған немесе қылмыс жасауға оқталып тұрған адам бұлардан өлердей қорқады. Рас қой? Көрсе, қаша жөнеледі. Полицейлерге Алла разы болсын! Тәртіп сақшылары барда өзімізді қауіпсіз сезінеміз,-деді ауыл тұрғыны.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Халықтың ауызбіршілігі демекші, мұнда ауылдық округ тұрғындарының Whats App мессенджерінде өз тобы бар екен. Топтың атауы да ерекше. «Ұрлық болмасын» деп аталады. Бұл топ жастардың бастамасымен ашылған.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мұратбек Елтай сөзінің дәлелі ретінде бізге ұялы телефонынан топтағы жазбаларды да көрсетті. Айтуынша, ауылда қандай да бір бөтен көлік жүрсе, дереу тұрғындар бір-біріне хабарласып, көлік кімнің үйіне, кімге келгенін анықтауға тырысады. Егер ешбір мәлімет шықпаса, дереу учаскелік полицейге хабар береді. Сондай-ақ аталған топтың малын жоғалтқан халыққа да пайдасы тиіп жатыр екен. Осыдан біраз уақыт бұрын көрші Шұбар ауылында тұратын тұрғын биесін жоғалтып алыпты. Екі күн бойы шарқ ұрып іздеген. Алайда бие адасып, көрші ауылға өтіп кеткен. Оны байқап қалған сол ауылдың тұрғыны малды қорасына байлап, суретке түсіріп, Whats App-тағы топта жариялаған. Биесін жоғалтқан адам осылайша мессенджер арқылы жоғалған биесін тапқан.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Жусансай ауылынан шыққан соң Аққойлы елдімекеніне бет алдық. Мұнда 60 шақты үй бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ауылда Тәуелсіздік алғалы бері қылмыс тіркелмеген көрінеді.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

74 жасқа келген ауыл ақсақалы Әбдімүтәлі Сыдықұлының айтуынша, қазіргі жастардың санасы өзгерген. Еңбекке бейім. Ішімдіктен мүлдем аулақ.

Ауылда той өтсе, мүлдем ішімдік болмайды. Бұрындары құдалар жақ ренжіп жататын. Қазір ауылдың тәртібі сол деп айтамыз. Ішімдік жақсылық әкелмейтінін түсінген мына жастарымызға да рахмет. Үлкендерді сыйлайды. Аптасына бір рет жастармен кездесіп, ақылымызды айтып отырамыз. Ауылда шүкір, қылмыс жоқ. Тіпті Тәуелсіздік алғалы бері қылмыс болыпты дегенді естігенім жоқ өз басым. Қылмыстың болмауы ол бірінші кезекте тәрбиеге байланысты ғой. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны істейді» деп жатады атам қазақ. Бірінші тәрбие ата-анасынан. Қала берсе, мектептен. Кеңес Үкіметі кезінде ішкілік деген болды. Қазір жоқ. Кейде ерлі-зайыптылар жанжалдасып қалса, ол мәселеге қариялар араласып, өзара шешеді. Соңғы кезде біздің ауылда ажырасу деген болмаған,-деді ауыл ақсақалы.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Қарияның сөзін жерлестері де қолдап отыр. Аққойлыда күннің шығысы мен батысында екі мешіт бар. Соның бірі – мемлекет қорғауына алынған Ишан-Базар мешіті. Жастар имандылыққа бет бұрып, игі істерді аға буын өкілдерімен бірге атқарып жүр. Ауыл жастары диқаншылықпен айналысады.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Тұрғындардың айтуынша, бұл елдімекенде де тәртіп сақшылары халықпен тұрақты түрде профилактикалық шаралар жүргізіп, заңдағы өзгерістерді тиянақты түсіндіріп, елдің батасын алып жүр.  

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Келесі аялдаған жеріміз Қараспан ауылдық округіндегі Көлтоған ауылы болды. Мұнда 1212 адам тұрады. 8 дүкен бар. Бұл елдімекендегі дүкен иелерінің спирттік ішімдікті сатудан бас тартқанына 1,5 ай болған. Жыл басында ауыл халқы жиналып, мешітте үлкен ас берген. 

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Ауылдағы «Шынар» дүкенінің иесі бұған дейін де ішімдік дегенді сатпадым деп отыр.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мешітте құран оқытып, үлкен іс-шара өткіздік. Сөйтіп ел болып, тоқтаттық. Негізі бұрын да ішімдік сатып, сауда жақсы жүрді дей алмаймын. Өзім алкоголь сатуды тоқтатқаныма бір жыл болды. Басқа-басқа, арақтан пайда таппай-ақ қояйын деп шештім. Басқа тауардан тапқан табыстың берекесін берсін. Бұйырғаны болар. Бастысы, бала-шағаны бағып отырмыз. Халқымыз ұйымшыл. Түнгі уақытта жасөспірімдерді көшеде көріп қалсақ, дереу ата-анасына хабарласамыз. Учаскелік полицей шақырамыз. Шүкір, ауылымызда тәртіп бар, қылмыс жоқ. Бізге енді мынау ауылдық округтің орталығын тоқтату керек...,-деді 48 жастағы дүкен иесі Асхат Абамүсілімов.  

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Көлтоғанды аралап жүріп, көзіміз атауы орысша «Владимир» дүкеніне түсті.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Сатушымен аз-кем тілдестік. 89 жасқа келген әжей Галина Павлова қызы мен немересіне көмектесіп, дүкеннің тірлігіне ара-тұра араласады. Жыл басынан бері дүкенде спирттік ішімдік сатылмайды. Ауыл ақсақалдарының ұсынысына дүкен иесі қуана келіскен.

Қазір халық та үйренісе бастады. Негізі біздің дүкеніміз шағын ғана. Халқымыз да аз. Ішімдіктен керемет табыс таптық дей алмаймын. Күніне 3-4 мың теңге тапсақ, соған ризамыз. Сауда бірқалыпты. Таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін ашықпыз,-деді қарт тұрғын. 

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Келесі аялдаған жеріміз Төреарық ауылы болды. Бұл елдімекендегі дүкен иелерінің ішімдік сатудан бас тартқанына 10 жылдай уақыт болған.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Ауылда 5 дүкен бар. Мұндай шешімге ауыл билері бастамашы болған. Кезінде Қараспан ауылында, кейін ауданның биі атанған Дінмұхамед Әлтаевтың айтуынша, жастарды ынтымақ-бірлікке шақыру үшін ауылдың үлкендері осындай қадамға барған.

Біреу көрсін немесе білсін деген ой болмады. Мақсатымыз – жастарға дұрыс тәрбие беру, ауылдың ауызбіршілігін сақтау. Ешқандай мәжбүрлеу болған жоқ. Дүкен иелеріне қоғамда түрлі болып жатқан қылмыстарды алға тартып, жастардың ішімдікке әуес боп жатқанын байқағаннан кейін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс айттық. Себебі бір адамның пайдасы үшін қоғамды бүлдіруге болмайды. Олар ойлана келе ұсынысты қабыл алды. Жақсы нәтиже болды. Ұрлық, бұзақылық, бірінің үстіне бірі арыз жазу деген тоқтады. Жергілікті полициямен бірге түрлі шараларды атқарып жүрміз. Арақ-шараптан ауыл болып бас тарттық, енді барлық мәселе шешіліп кетті деуге де болмайды, әрине. Бұл – бастамасы дер едім,-деді аудан биі.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Дінмұхамед Әлтаевтың сөзінше, алғашында ішімдік қанына сіңіп қалған кей тұрғындар қарсылық білдірген екен. «Біз не істейміз енді? Өзгенің жеп отырған нанынан айырып, саудасын тоқтаттыңдар» деген әңгімелер де айтылыпты. Уақыт өте ішімдіктен бас тартқан ауылдар қатары артқан. Бүгінде олардың саны төртеу болса, енді тағы 6 елдімекен солардың қатарына қосылуға ниеттеніп отыр. Тіпті ондағы қариялар «үлгілі ауылдардағы» ақсақалдарға келіп, ақыл-кеңес сұраған да екен. Аудан биі мұның бәрі әр ауылдарда билер мен полицейлердің жүргізген түсіндірме жұмыстарының нәтижесі екенін алға тартты.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Көлтоған мен Төреарық ауылдары орналасқан Қараспан ауылдық округінің жауапты аға учаскелік инспекторы - Мерей Әлиев. 14 елдімекеннен тұратын округте үш учаскелік инспектор бекітілген. Көлтоған мен Төреарықта соңғы жылдары 102 қызметіне ешқандай шақырту түспеген.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Тәртіп сақшысы бұған дейін тіркелген қылмыстар ішімдіктің кесірінен болатын деп отыр.

Бұрын майда-шүйде ұрлық, бұзақылық боп жататын. Білместікпен жасалатын әрекеттер дер едім оларды. Кейде ер адам үйіне ішіп келіп, отбасында жанжал шығаратын. Уақыт өте қылмыс та біртіндеп азайды. Екі ауылда қылмыс мүлдем жоқ. Күнделікті профилактикалық жұмыстардың арқасында осындай нәтижеге жетіп отырмыз. Әрине, бұл ретте ауыл тұрғындарының, қариялардың еңбегі орасан. Дүкен иелері «Ішімдіксіз-ақ табыс таба аламыз» деп өз еріктерімен келісімдерін берді. Ішімдіксіз ауыл деген атқа атсалысты,-деді аға учаскелік инспектор.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Айтпақшы, 15 мың халық тұратын ауылдық округте белсенді ақсақалдар полицейлермен бірге ауыл-ауылды аралап, тұрақты түрде рейдке шығады. Түнгі уақытта жасөспірімдер көшеде жүрсе, ата-анасына алғашында ескерту, кейін заң аясында шара көріледі.

Кейде балаларды ата-анасы түнгі уақытта дүкенге жұмсап жатады. Үйдің тіршілігімен қолдары тимейтін шығар. Ондай сәтте біз балалардан жөн сұрап, үйлеріне дейін жеткізіп саламыз. Біздің басты мақсат – қауіпсіздік,-дейді тәртіп сақшысы.

Өз сөзінде учаскелік полицей бекітілген аумақтағы халықты жекелей танимын деп отыр. Кей азаматтар жеке мәселесі бойынша көмек сұрап, тәртіп сақшысына келеді. Енді бірі жеке өміріне қатысты сырын айтып жатады екен.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Кейде сырын айтып, ақыл сұрап жататындар бар. Кез келген учаскелік полицей өзіне бекітілген аумақтағы әрбір тұрғынға сырттай мінездеме бере білуі керек деп санаймын. Өзім тұрғындардың бәрімен етене араласпасам да, барлығын сырттай танимын. Немен айналысады? Кіммен араласады? Бәрін бақылауда ұстап отыруға тырысамыз. Күнделікті көше-көшені аралаймыз. Әр ауылдың белсенді тұрғындары болады ғой. Солар ішімдіксіз ауылдарға қызығып, біз де ауылымызды ішімдіксіз етсек, ел тыныш болады деп кеңес сұрап жататындары бар,-деді Мерей Әлиев.

Учаскелік полицеймен әңгімелесіп болғанымыз сол полиция ғимаратына округ орталығы Қараспан ауылының биі Мамед Багиров бет алды. Ақсақалды тәртіп сақшысы күтіп алып, рейдтік жұмыстардың жоспарын талқылады. Алдағы сәрсенбі күні округке қарасты тағы бір ауылға рейдке шығу туралы өзара кеңесті. 

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Рейдтік топ құрамында полицей, ақсақалдардан бөлек жастар да бар. Әр ауылда айына екі рет рейд жүргізіледі. Кейде іс-шара түнгі сағат 2-ге дейін созылады.

Әңгіме арасында ауыл биі полицеймен округ орталығы Қараспанды да ішімдіксіз ауыл қатарына қосу мәселесін талқылады.

Біздің ауылда халық тығыз орналасқан. Орталық болған соң дүкен, кафе, тойхана дегендер көп. Орталықта екі кафе мен екі тойхана басшысы біздің ұсынысты қабылдап, алкоголь сатудан бас тартты. Қалғандарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы жақында ғана көршілес Көлтоған елдімекенінде болдық. Олар да ішімдіктен бас тартқан, нәтижесі бар ауыл. Біз де халыққа насихаттап жатырмыз. Ата-аналар қолдап отыр. Арақ бар жерде барлық проблема шығатынын халық түсінді. Арақ жоқ жерде береке-бірлік, тәртіп бар. Шалыс басқандары болса, теріс бұрылмаймыз. Қайта олармен жақын сөйлесіп, мәселесін бірге шешеміз,-деді ауыл биі.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Ақсақал Мамед Багиров аудан биі Дінмұхамед Әлтаевтың алдағы уақытта ауданда тағы 6 ауылда дүкен иелері ішімдік сатудан бас тартатын болды деген сөзін растады.

Иә, наурызда ауданымызда тағы 6 ауыл ішімдіктен бас тартатын болып, дайын отыр. Бұл негізі өте керемет бастама. Әсіресе ауылдың үлкендері қатты қуанып отыр,-деп сөзін түйді ақсақал.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Қылмыс мүлдем тіркелмеген төрт ауылды аралап жүріп, жол бойында патрульдік полицейлердің рейдтік жұмыстарымен де таныстық. Жол сақшылары көлік тізгіндеген жүргізушілерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп жатты. 

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Кейін аудандық полиция бөліміне бет алдық. Мақсат – игі бастамадан кейінгі криминогендік ахуалмен, ауылдарда қылмыс тіркелмеуінің сырымен танысу.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев бұл қызметке 2020 жылы тағайындалған. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан полиция полковнигі статистикалық деректерді де зерделеген. Соның ішінде Шұбар ауылдық округіндегі Аққойлы және Жусансай ауылдарында бірде-бір қылмыс тіркелмегенін, 102 пультіне ешбір шақырту түспегенін анықтаған. Аталған ауылдар ішімдіктен бас тартып, керемет бастаманы қолға алғанынан хабардар болған ауданның бас полицейі бұл бастаманы жүрген жерінде өзгелерге насихаттауды құп көрген.

Дәл осы мәселені өзімнің күн тәртібіме бағдарлама етіп енгізіп, халық алдында есепті кездесулерімнің барлығында айтып жүрдім. Жиналыстарда да әр аумақта бекітілген аға учаскелік полицейлерге осы бастаманы мықтап қолға алып, халыққа насихаттайық деп тікелей тапсырма бердім. Бұл бір күнде бола салған дүние емес және ол тек бір полицияның еңбегі деу қате ұғым. Біздің жұмыс – түсіндіру. Шешімді қабылдайтын халықтың өзі. Бұл жерде қоғамның қолдауы - маңызды. Осылайша 2022 жылы жұмыс қарқынды жүріп жатты. Шыны керек, кей ауыл ақсақалдары біз де үлгілі ауыл қатарына қосылсақ, онсыз да ауылда ішімдік жоқ деп өз ұсыныстарын айта бастады. 2023 жылы Төреарық ауылын көпшілікке паш етіп жарияладық. Былтыр Көлтоған ауылы дайын болды. Ырымшыл халықпыз ғой, жаңа 2024 жылды жақсылықпен бастайық деп 10 қаңтарда осы ауылды көпшілікке ұсындық. Қазір халық атынан қариялар маған келіп, үлгілі ауыл атану үшін не істеу керектігін сұрап жатады. Оның өзі керемет емес пе?,-деді полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев.

Қазіргі таңда аудандағы әр ауылда билер тұрғындармен кездесулер өткізіп, насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді екен.

Ауданның бас полицейі нәтижелі жұмыстарға тек ақсақалдар емес, жастардың да еңбегі көп екенін алға тартты. Ал төрт ауылда қылмыс тіркелмеуінің аса бір құпиясы жоқ екенін айтты.

Фото: ©El.kz/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Жалындап тұрған жастарды да атап өту керек. Олардың өз ауылына жанашырлық танытуы мақтанарлық жағдай... Елдімекендерде қылмыс тіркелмеуінің өзіндік бір сыры бар деуге келмейді. Өйткені оның бәрі халықпен етене жақын болудың, жұмыстарды тұрғындарға дұрыс жеткізіп, ел сенімін ақтай білудің жемісі дер едім. Ұсыныс полиция тарапынан болды, ауыл билері мен ақсақалдар жиналып, өздері жұмыс атқарып отыр. Бұл бастаманы қоғам да құптайды. Сол жұмыстардың нәтижесі болу керек, тағы 6 ауыл үлгілі елдімекен қатарына енуге дайын тұр. Әрине, оны бірден жариялау да – үлкен жауапкершілік. Наурыздың басында Төрткүл округіндегі Елшібек батыр және Ұялыжар ауылдарын көпшілікке таныстыруды жоспарлап отырмыз,-деді Ғалымжан Қуашбаев. 

Сұхбат соңында ауданның бас полицейінен криминогендік ахуалды да сұрап білдік. Айтуынша, ауданда жағдай тұрақты. Жылдың әр кезеңдерінде 10-15 пайызға дейін қылмыс дерегі төмендеп келеді. Соның ішінде мал ұрлығы, бұзақылық, тонау, қарақшылық, кісі өлімі секілді қылмыстар азайған. Сонымен қатар жасөспірімдер жасайтын бұзақылық пен оларға жасалатын заң бұзушылықтар да кеміген. 

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға