Жаңалықтар

Бірнеше банк қосымшасын біріктіретін Open Banking жүйесі қосылады

Бұл туралы Ұлттық банк мәлім етті
Бірнеше банк қосымшасын біріктіретін Open Banking жүйесі қосылады
Фото: blog.scottlogic.com 03.02.2023 15:28 1066

Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) Қазақстан Республикасында Open API және Open Banking технологияларын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚҰБ бұл тұжырымдаманы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) қатысуымен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп әзірледі.

Құжат Қазақстанда Ашық банкингті дамыту бойынша бірыңғай реттеушілік тәсілдер мен  көзқарасты сипаттайды. Сондай-ақ ашық банктік интерфейстерді енгізу бойынша қаржылық инфрақұрылым мен заңнамалық ортаны дамыту төңірегінде нақты қадамдар мен шараларды ұсынады.

Әзірлеушілер – Ұлттық Банктің, ҚНРДА мен БҚДА бастамалары – келешекте қаржы және төлем нарығының қатысушыларына өз тұтынушыларына жеке деректерді басқарудың қағидалы жаңа, қауіпсіз нұсқаларын ұсынуға мүмкіндік береді. Ол, сондай-ақ, бірнеше төлем қызметін жеткізушілердің сервисі мен қосымшаларын бір интерфейсте біріктіру арқылы қаржылық және төлем қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Осындай өзара байланыс аясында ақпарат алмасу стандартталған ашық бағдарламалау интерфейсін пайдалана отырып, қауіпсіз ортада, үздік халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Ашық банкинг нарыққа қатысушыларға түрлі инновациялық төлем және қаржы сервистерін құруға жол ашады, олардың қолжетімділігін арттырады, операция жүргізудегі уақыт шығындарын азайтады, сол сияқты, бәсекелестікті де күшейтеді.

Құжатты дайындау аясында, 2022 жылы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қатысушыларымен бірге ҚҰБ, ҚНРДА мен БҚДА қатысуымен жұмыс барысындағы кездесулер мен бірқатар талқылау жиыны өткізілді. Кездесулер барысында Open API технологиясын қолдану арқылы қаржы секторын дамытудың заманауи үлгілерін енгізу, Open Banking тұжырымдамасы мен Қазақстанда цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру перспективалары талқыланды. Өзара байланыс орнатудың осындай  үлгідегі форматын жоба аясында әрі қарай да жалғастыру жоспарда бар.

Осылайша, 2023 жылы тұрақты жұмыс тобы құрылып, бірқатар инфрақұрылымдық және нормативтік шешімдер әзірленеді деп күтілуде. Пайдаланудың түрлі сценарийін егжей-тегжейлі әзірлеу арқылы тұтынушының пайдасын еселеуге басымдық беріледі. Тұжырымдамада көзделген барлық бастама 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға