Жаңалықтар

«Бірлік –біздің қасиетті туымыз»

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Ғылыми сараптамалық тобының төрағасы Маслов Халилмен сұхбат
«Бірлік –біздің қасиетті туымыз»
30.04.2020 21:41 5581

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл мейрам еліміз тәуелсіздік алғаннан бері аталып өтіп келеді. Мереке осы жылдар аралығында өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл атаулы күнді көп ұлтты еліміздің халқы асыға күтеді. Ынтымақ күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми сараптамалық тобының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті Халил Масловпен сұхбаттасудың сәті түсті.

5b46f39a-0212-46d3-bf06-37364c83ff22.jpg

Бүгінде мемлекетіміз ұлттар мен ұлыстар мекендеген, достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың мекеніне айналды. Мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, дархан халқымыздың қарапайымдылығы мен қонақжайлылығын және бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды.

Айтулы күн Қазақстандағы барлық этнос өкілдерін жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндеп келеді. Осылайша 1 мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көп ұлтты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.

Ұлы ойшыл Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деген өсиетін негізге ала отырып, қасиетті қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерде тағдырдың тәлкегімен елімізге жер аударылған көптеген этнос өкілдерін өз бауырына басқан болатын.Сол уақыттағы қазақ халқы өзінің қиыншылықтарына қарамастан өзге ұлттардың қайғысына ортақтығын танытқан еді. Тоталитарлық езгі қыспағымен қазақ даласына бас сауғалап келіп, өз Отанын тапқан өзге ұлт өкілдері мәңгілікке қазақ жерінде тұрақтап қалып, өсіп-өніп өз ұрпақтарын жалғастырып келеді. Қазақстаннның тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы қиын кезеңдерінде жаңа қақтығыстар алаңына айналады деушілердің де саны сол уақытта көбейген болатын, – деді Халил Маслов.

Қазақ халқының даналығы мен кеңдігі және өз көршілеріне деген сыйластығы қандай да болсын этностық және де діни шығу тегіне қарамастан жас мемлекетіміздің барлық азаматтарын ұйысуына, бір ту астына бірігуіне ұйытқы бола білді. Осы ретте ең алдымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен елімізде этносаралық және конфессияаралық сыйластық пен қоғамдық келісім тұрақты түрде сақталып келді.

c1cd82fa-f1db-4c9a-8313-20596c8a25e2.jpg

(Суретте: Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы  Ғылыми сараптамалық тобының төрағасы Халил Маслов)

– Тәуелсіз Қазақстанда 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні 1996 жылдан бері тойланып келе жатқан халқымыздың негізгі мейрамдарының бірі. Бұл атаулы мерекені жыл сайын мемлекетіміздің аумағында тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері киелі шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта тойлап келеді. Еліміздегі эностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер, түрлі мерекелік іс-шаралар және де көрмелер өткізіліп келеді. Алдағы уақытта да, ұйымдастырыла береді, – деді Халил Борисович.

Еліміздегі бірліктің ынтымақ пен берекенің қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық татулықтың әрі қарай нығайуына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, дәлірек айтқанда, 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының алатын орны ерекше.

– Бүгінде Ассамблея елдің саяси жүйесіндегі барлық этностардың мүддесін ортақ Қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты. Жоғарыда айтып өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл айрықша ұйым. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – елдің жоғарғы заң шығарушы орган парламентте Қазақстанның бүкіл этностардың мақсаттарына кепілді түрде өкілдік ету болып табылады. Яғни осы жерде Ассамблея құрамынан Парламент мәжілісіне 9 депутат сайланатынын айтуға болады. 1995 жылдан 1 наурызынан Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің ішіндегі әр этностардың арасындағы тұрақтылық пен бейбітшілікті және этносаралық байланыстарды нығайтуға әрі қарай дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан теңдесі жоқ институттардың бірі деп санаймын. Мұндай институттар әлемнің барлық елдерінің назарына ілікті. Бүгінде кейбір мемлекеттер қызығушылық танытып жатса, екіншілері қызғанышпен қарап жатады, – деді кейіпкеріміз.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты институттар бүгінде басқа да мемлекеттерде де ашылған. Биылғы жылы Ассамблеямыз өзінің ширек ғасырлық мерейтойын тойлайды. Құрылған уақыттан бастап қазіргі уақытқа дейін бұл институт елдегі ұлтаралық конфессияаралық байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосып келе жатқан ұйымдардың бірі.

bf14ee5d-1f3c-4c25-82af-e4b629971dfb.jpg

– Ширек уақыт аралығында Ассамблея көптеген игі істердің басында болды. Ол тек ән, би және күй ғана емес, түрлі концерттік бағдарламаларды қоюмен шектелмей, ғылыми-сараптамалық және де аналитикалық тапсырмаларды орындауда елдегі этносаясатты, тұрақтылықты нығайтып, оны ары қарай дамытуға өз үлесін қосып келе жатыр.

2013 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында алғашқы ғылыми-сараптамалық оқу орындарындағы алғашқы білім беретін орталықтардың бірі ашылған болатын. Ол Қазақстан халықтары Ассамблеясы кафедрасы деп аталады.

– Мен – ҚХА кафедрасының доцентімін. Біздің орталықта Анатолий Афанасович Башмаков ағамыз меңгерушілік етеді. Кафедраның мақсаты – этносаясат саласымен байланысты пәндерді теориялық және әдістемесі жағынан қамтамасыз ету, этносаяси зерттеулердің әдіснамасын дамыту болып табылады. Ал міндетіне этносаясат менеджменті жүйесіндегі мемлекеттік институт пен мемлекеттік органдардың рөлін түсіндіріп, оқу үдерісі шегінде этносаралық қатынастардың мәдениеті мен әдебін қалыптастыру кіреді. Тек бұл ғана емес, өскелең ұрпаққа осы ұлтаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің Қазақстандық үлгісін ары қарай дамыту да жатады. Мұның барлығын мектеп оқушылары мен студенттерімізге түсіндіріп келеміз, – деді ҚХА Ғылыми сараптамалық тобының төрағасы Маслов Халил.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы қоғам қайраткерлерімен, депутаттармен түрлі кездесулер, басқосулар өткізіп отырады. Кафедра 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 60-қа жуық осындай шаралар өткізіп үлгеріпті. Халил Маслов осы іс-шаралардың барлығы өз жемісін беріп келе жатқандығын да жасырмады.

– Қазіргі уақытта еліміздің аумағында 40-тан астам кафедралар мен орталықтар өз жұмыстарын атқарып келеді. Сонымен бірге олардың қызметіне оқу әдістемелік шаралар ұйымдастыру да жүктелген. Ең алдымен біз оқу дәрістерін өткіземіз. 2014-2015 жылдары «Толеранттылықтың негіздері» деген тақырыпта, одан кейінгі жылдары «Мәңгілік ел құндылықтары» атты оқу дәрістері жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта олардың барлығы «Рухани жаңғыру» дәрісімен алмастырылып,1-2- курстың студенттеріне оқытылып келеді. Ассамблеяның тағы да бір іс-шарасы еліміздегі этносаралық қатынастарды нығайту мен сақтау болып табылады. Бұл ретте аймақтар мен әр облыстардағы ашылған ҚХА ұйымдары Достық үйлері үлкен рөл атқарады. Ойшыл Пифагордың «Жердің жемісін бір көрсең, достың жемісін күнде көресің» деген даналығын негізге ала отырып, әр өңірлерде әр облыстарда ашылған Достық үйлері Қоғамдық келісім мекемесімен бірге тиісті істерді атқарып келеді, – деді ҚХА кафедрасының доценті.

f6afb2e5-1ca8-4a27-a77d-796efd173dcc.jpg

Еліміздегі ұйымдар бүгінде көптеген іс-шараларды өткізумен қатар, ғылыми сараптамалық негізде жұмыстар атқаруда.

– Қазіргі кезде елордамызда орналасқан Достық үйінде 23 этно-мәдени орталықтың кабинеттері шоғырланған. Ол жерде ғылыми-сараптамалық кеңестің отырыстары өткізіледі. Жексенбілік мектептер мен көрмелер де ашылған. «Мәміле» атты тіл мектебі де бар. Әрбір этностың салт-дәстүрін, тілін, дінін үйренемін деушілерге әрдайым есік ашық. Ол үшін барлық мүмкіншіліктер жасалған. Бұл ҚХА Қоғамдық келісім коммуналық мекемесінің мұрындық болуымен жасалынып жатқан игі істердің негізгілерінің бірі. Соңғы кездері әлемді жаулаған дерттің кесірінен үйде отыруымызға байланысты түрлі онлайн курстар да жүргізілуде. Онда біз мектеп оқушыларына арналған ҚХА-ның тарихы мен қызметіне және басқа да этносаралық саяси тақырыптарда дәріс оқып келеміз..

Халил Маслов қазақ тілін өте жақсы меңгерген азамат. Ол тілді үйренуінің құпиясы туралы былай дейді:

– ҚХА мүшесі ретінде еліміздегі басты назарды мемлекеттік тіліміз қазақ тіліне аударғанды жөн көрдім. Өйткені қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Менің қазақ тілін еркін меңгергендігімнің себебі, қазақ ортасында туғанымнан болар деп ойлаймын. Қазақтың қара домалық балаларымен, қазақ жерінде қара топырақтың шаңын жұтып, аунап-қунап өскеннен кейін бұл тіл менің бойыма ана сүтімен бірге дарыды десем қателеспеймін. Менің ұлтым – беларус. Ал анам болса әзірбайжан ұлтының өкілі. Өзім жұмыс істеп жатқан университетке 2003 жылы оқуға түстім. Одан кейін жұмысқа орналастым. Бүгінге дейін осы білім ордасында жұмыс істеп келемін. 2010 жылы жарымды кездестіріп, қазақтың арғын руының қызына үйлендім. Бүгінде 4 қыздың әкесімін, – дейді кейіпкерміз.

Халил отбасында қазақтың салт-дәстүрі мен жоралғыларын ұстанатындығын айтты. Оның қыздары қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебінде білім алады. Және барлығы қазақ тілінде сөйлейді.

– Салт-дәстүрден бөлек, түрлі тамақтарды да әзірлейміз. Қазақтың ұлттық тағамы бесбармақты, одан бөлек беларус және әзірбайжанның ұлттық тамақтарын әйелім жақсы дайындайды, – деді Халил Борисович.

Оның пікірінше, елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тіліміздің деңгейі көтеріліп келеді. Ол тек қана түрлі ұлт өкілдерінің арасында ғана емес.

– Бүгінде әр ұлт өкілдері өз балаларын қазақ мектептері мен балабақшаларына беріп жатқан жайлары бар. Бұл дегеніміз Қазақстанның болашағы тек қана қазақ тілінде екенінің айғағы деп ойлаймын. Барлықтарыңызға алғыс білдіре отырып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін жоғары көтере беруге кеңес беремін. Және де тілді үйренемін деушілерге менің айтарым бар. Кез келген азамат тіл үйрену үшін, ең алдымен сол тілде сөйлейтін халыққа деген құрметі болуы керек. Сыйластық көрсетілсе, кез келген тілді үйреніп алуға болады. Мемлекеттік тіліміз елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерін біріктіруші факторға айналуы тиіс деп есептеймін, – дейді Х.Борисович.

Бүгінгі таңда халқымыздың дархан мінезі мен елдегі сындарлы саясаттың арқасында қазақ халқы қабырғасы қатайған халықараалық қауымдастықтың пікіріне құлақ асатын беделді елге айналды. Біздің ел өзінің үлгілі тәжірбиесіне ие бола отырып, толеранттылықпен мәдениетаралық диалог мәселелерін халықаралық деңгейге шығара алатын бірден бір мемлекеттердің қатарына қосылды.

– Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді. Елімізде 1996 жылдан бері тойланып келе жатқан 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесінің түпкі мәні бірлік пен ынтымаққа шақыру екені рас. Жүзі бөлек болса да жүрегі бір, тілі бөлек болса да, тілегі бір киелі елдің шаңырағында тату-тәтті өмір сүру біз үшін үлкен бақыт. Ел бірлігі мен тұрақтылығын сақталған бұл мейрам ел аумағында тұратын өзге этностардың мәдениетімен, дәстүрімен таныстырып, ұлт тұтастығын одан әрі қарай нығайта түседі деген сенім білдіремін, – деді кейіпкеріміз.

Сұхбат соңында Халил Маслов барша қазақ елін бірлік мерекесімен шын жүректен құттықтап, деніміз сау, басымыз аман болып, көк туымыз әрқашан биікте желбіресін деген тілегін білдірді.

(Суреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды )

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға