«Бірлік» партиясы сайлауды қолдайды
«Бірлік» партиясы бүгін Астанада өткен кезектен тыс съезде Парламент Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі Елбасы Жарлығын қолдайтынын айтты.
Серік Сұлтанғали, «Бірлік» партиясының төрағасы:
Парламент Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі Елбасы Жарлығын «Бірлік» партиясы қолдайды. Бұл тактикалық тұрғыда ұтымды қадам болды. Мәжіліс көп жұмыс жасады. Депутаттар Жолдауда айтылған негізгі бағдарламалардың заңдық негізін қалады. Қысқа мерзімде қыруар жұмыстар атқарып үлгерді. Әлемде болып жатқан қауіп-қатерлердің күшейген заманында тоқтамас үшін, сайлауды өткізіп, жаңа күш, жаңа адамдар, жаңа мамандар келуі керек.
«Бірлік» саяси партиясы Мемлекет басшысы ұсынған Қазақстан мемлекеттілігін нығайтатын және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге жағдай жасайтын 5 институционалды реформаны қолдайды. Бұл туралы партияның «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» сайлауалды бағдарламасында айтылады.
«Бірлік» саяси партиясының сайлауалды бағдарламасының мақсаттары Президенттің алға қойып отырған әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру міндетіне сай келеді. Біз Мемлекет басшысы ұсынған Қазақстан мемлекеттілігін нығайтатын және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге жағдай жасайтын 5 институционалды реформаны қолдаймыз», - делінген партияның бағдарламасында.
Бағдарлама мазмұнында айтылғанындай, «Бірлік» саяси партиясы дағдарысты тез еңсеруге ықпал ететін міндетті қойып, сайлауалды бағдарламаны қоғамның барлық прогрессивті күштерімен өзара бірлесе отырып, сындарлы негізде жүзеге асыруға ниетті.
«Ұсыныстарымызды алға тарта отырып, біз, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында табысқа жетуге қабілетті партия, Қазақстан азаматтарының, жалпы, халықтың қолдауына сүйеніп, жүгінеміз», - дейді «Бірлік» партиясының мүшелері.
«Біз әзірге Қазақстан жұртшылығы үшін соншалықты танымал емеспіз. Құрылғанымызға толық екі жыл болды. Заң жүзінде берілген ең аз дауыс үлесімізді алсақ, бізге жеткілікті болар еді. Біздің мақсатымыз осы. Бұл енді өз күшімізді сынау, бізге үлкен емтиxан болайын деп тұр», - деп атап өтті С. Сұлтанғали.
Партия төрағасы атап өткендей, сайлау ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келіп, тарихи сипатқа ие болып отыр. Бұл сайлау – Елбасы ұсынған ұлтымыздың дамыған отыз елдің қатарына кіру жөніндегі жоспарды жүзеге асыруға бағытталған қажетті шара.
Серік Сұлтанғалидің айтуынша, партия мүшелері қазіргі экономикалық дағдарысты тезірек еңсеріп, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартып, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ерекше ықпал етуге ниетті.
Бүгінгі таңда «Бірлік» партиясының 53 мың мүшесі бар.
«Бірлік» саяси партиясы Мәжіліс сайлауына 8 кандидат ұсынып отыр.
Олар:
«Бірлік» партиясы төрағасы Серік Сұлтанғали;
«Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Болат Байқадамов;
«Бірлік» партиясы Ақмола облыстық филиалының басшысы Мұрат Қожамқұлов;
ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүлік және активтер басқармасының басшысы Роза Қуанышбаева;
«Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышев;
ҚазМЗУ ректорының кеңесшісі Мұрат Раев;
«Гранд ДЮК-Қазақстан» ЖШС бас директоры;
«Бірлік» партиясының Жамбыл облыстық филиалының басшысы Асқар Сыздықов;
«Бейнеу Шымкент» газ құбыры» ЖШС Қызылорда өңірі бойынша директоры;
«Бірлік» партиясының Қызылорда облыстық филиалының басшысы Нұрлан Шауқаманов.
Әзірлеген Тұмар АСЫЛ