Жаңалықтар

Біріккен Ұлттар Ұйымына 70 жыл

Биыл әлемдегі ең беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл.
28.09.2015 06:57 8477

Біріккен Ұлттар Ұйымына 70 жыл

Биыл әлемдегі ең беделді ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл. Яғни, осыдан жетпіс жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1945 жылы 26 маусымда Сан-Франциско конференциясында КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания сынды алпауыт мемлекеттердің қолдауымен, әлемдегі барлық мемлекеттер арасындағы бейбітшілікті сақтауға кепілдік беретін жаңа ұйымның жобасы жасалды, оған 51 мемлекет қол қойды. Сөйтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Декларациясы 1945 жылы 24 қазанда Сан-Франциско конференциясына қатысушы мемлекеттердің құжатты ратификациялауымен қабылданған болатын. Содан бері 24 қазан БҰҰ-ның құрылған күні саналады. 192 мемлекет мүшелік ететін алып ұйымның Бас кеңсесі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан.

Осыдан жетпіс жыл бұрын әлем 65 миллион адамның өмірін қиған дүниежүзіндегі ең жойқын соғысты бастан кешірген болатын. Тұтас бір ұлттың жойылып кету қаупін тудыратын осындай соғыстарды болдырмау мақсатында құрылған ұйым өз алдына адамдардың құқығын қорғау, әлеуметтік дамуды қолдау сынды жаһандық міндет артқан еді. Алайда өзінің 70 жылдығын тойлап отырған ұйым бүгінгі таңда Сирия, Ирак, Ауғанстан, Украина, Йемен сынды елдердегі шиеленістерді тоқтатуға, терроризм мен экстремизимді түп тамырымен жоюға қауқары келмей отыр. Оның өзіндік себептері де бар. Бірақ, БҰҰ кедей мемлекеттердегі аштықпен күресу, босқындарға көмек көрсету, экологияны сақтау бағытында едәуір жұмыстар атқарып жатқанын атап өту керек.

Жетпіс жыл аз уақыт емес, адам жасымен есептегенде бір ғұмыр. Жетпіске таянған адам өзінің өткеніне шолу жасап, өз-өзіне есеп беретін, өміріне баға беретін шағы. Ендеше, жетпіске толып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымының да жұмысына баға беретін уақыт бұл.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун «БҰҰ-70» кампаниясының басталуында айтқан Жолдауында: «Біріккен Ұлттар Ұйымы жүрген жолына, артына бұрылып қарар болса, отаршылдықты тоқтату, аса қатерлі ауруларды жою, халықаралық құқықты ілгерілету және планетамыздағы тұрақсыз аймақтарда бейбітшілікті сақтау, сондай-ақ әрбір адамның ажырамас құқығы саналатын еркіндік, теңдік пен арының сақталуын қамтамасыз ететін келісім шарттарды жасасу барысындағы бірталай әріптестерінің БҰҰ-мен көпжылдық қарым-қатынасымен мақтана алады,» - деген болатын. Бұл біріккен ұлттар ұйымының талай жылғы жұмысына берілген әділ баға еді.

Қазақстан 1992 жылдың 2 наурызынан бастап осы ұйымға мүше болды. Қазақстанның дүниежүзіндегі бірінші мемлекет болып ядролық қарудан ерікті түрде бас тартуы және әлемде бірінші болып ядролық полигондарды жабуы БҰҰ тарапынан жоғары бағаланды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға