Жаңалықтар

Біреуге – күлкі, біреуге – қайғы

Табиғатынан жабайы болып жаратылған тіршілік иелері өзінен әлсіз адам баласына қалай бағынышты болып кетті?
07.04.2016 04:37 8819

Бала кезде цирктің өмірі барлық адамға қызықты болып көрінеді. Барабанның дүрсілі, отқа оранған шеңберден секіретін айбатты арыстандар, велосипед тебетін аюлар көрерменнің назарын бір сәтте жаулап алатыны рас. Алайда, таяқтың екі ұшы бар дегендей, әдемі перденің ар жағында не болып жатқанын тек цирк қызметкерлері ғана біледі. Табиғатынан жабайы болып жаратылған тіршілік иелері өзінен әлсіз адам баласына қалай бағынышты болып кетті? Көрермендерді таң қалдыратын қиын әдістерді жануарлар шын мәнісінде қалай орындайды? Міне осы сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғауды жөн көрдік.

Біреуге – күлкі, біреуге – қайғы


"Жануар-әртіс" деген атау тартымды болып естіледі. Себебі әртістік дегеніміз әрдайым шығармашылық пен романтика әлемінде өмір сүру дегенді білдіреді. Бірақ адамдарға қарағанда жануарлар өз кәсіптерін өздері таңдай алмайды. Торға түскен жануарлар толықтай бостандықтан айырылады. Олар уақыттарының 95 пайызын тар тордың ішінде өткізеді. Ол тордың ішінде тігінен тұрып, қозғалуға мүмкіндік болмағандықтан жануарлар өз денелерін қасақана зақымдайды, яғни өздерін тістейді, торға бастарын соғады және т.б.

Жануарлар үшін ең азаптысы – жылжымалы шапито-цирктері. Оларды мүлдем желдетілмейтін, ауасы тар трейлерде тасымалдайды. Жануарлар дәрет алмау үшін қызметкерлер оларға тағам мен су бермейді. Сол себепті жануарлардың түрі шаршаңқы және жүдеу тартады. Кішкентай пілдің 136 килограмға дейін азып кеткен жағдайы тіркелген. Бұл — жануарларды тексеретін ветеринарлық қызметтің болмауының кесірі. Тағы бір белгілі жайт, қауіпсіздік шарасы ретінде жануарлардың тістерін, тырнақтарын жұлып алып, психотроптық заттарды егеді.

Біреуге – күлкі, біреуге – қайғы

Үйретуші хайуандардың жан досы бола ала ма?

Цирк әдістері жануарлардың болмысына толықтай керіағар. Сондықтан кейде тіпті тәттілер үшін де жануарлар бұл әдістерді орындамайды. Хайуандарды тек аштан қатырып, қорқыныш ұялату арқылы ғана бағындыруға болады. Мысалы, аюларды сым үстімен жүргізу үшін үйретушілер оларды қаны шыққанша темір таяқтармен ұрады екен. Жануарлардың көбісі невроздан басын торға соғып, ал кейбіреулері «жаттығуларға» шыдамай өледі.

Пілдердің қатысуымен болатын қойылым кезінде үйретушінің қолында міндетті түрде қамшы болады. Оның бір басы әдемі гүлмен әшекейленген. Ал оның астындағы үшкір ілмекті ешкім де байқамайды. Сол қамшы арқылы үйретушілер пілдерге тапсырмалар беріп, көрермендердің көңілін көтереді. Егер жануар тыңдамаса, үйретуші қамшының үшкір ілмегін құлағына қадайды. Пілдердің құлақтары өте сезімтал келеді.

Ал аюларды шегелер арқылы твист билеуге үйретеді. Үйретушілер қолына үшкір басты екі таяқ алып, аюдың аяғынан түрткілейді.

Цирктағы жолбарыстар табиғи әдеттері бойынша пілдердің үстіне секіреді. Бұл әрекеттерді болдырмау үшін  пілдің арқасына ұшты тікенектерге толы жамылғы кигізеді. Сол себепті жолбарыстар жарақаттанып жүреді.

Бақылаулардың нәтижесі бойынша мысық тұқымдастардың жартысы қойылым алдында алаңға шықпай, қарсылық көрсетеді. Міне осы кезде оларды таяқпен ұрып қорқытады.

Жануарлардың денсаулығына аса көңіл бөлінбейді. Мысалы, аяғы жарақаттанған жылқыны одан бетер жегіп, ақсайтындығы көрінбеу үшін әдеттегіден жылдам жүгіртеді.

Біреуге – күлкі, біреуге – қайғы

Сахналық ғұмыры аяқталған жануарлардың кейінгі өмірі қандай болады?

Сүйікті әртісі дүниеден озғанда көрермендері қайғы жамылады. Ал сүйікті жануарлардың өмірі мүлдем ондай емес. Көп жағдайда сахнадан кеткен соң, олар адамдардың өзге қажеттілігін өтейді, яғни, олардың еті мен терісі пайдаланылады. Қалғандарын аң аулау шаруашылықтарына сатады. Қысқаша айтқанда, цирк алаңына түскен жануардың тағдыры күндерінің соңына дейін азаппен өтеді.

Қарсы шабуыл

Әбден қорлық көрген жануар мүмкіндігі туған кезде үйретушісіне шабуыл жасайды. Сол туралы бірнеше мысал келтіре кетейік. Мәскеу маңындағы циркте Флора есімді піл екі үйретушісін қатарынан жарақаттады. Ал арыстандар екі жыл бойы цирктен қашуға әрекет жасаған екен. Олар бірінші рет қашқан кезде бір қыздың қолын жұлып алады. Тағы бір рет қашқан кезде Сергиев алаңында бірнеше адамды талап тастайды. Тағы бір қайғылы оқиға Бразилияда болды. Қойылым кезінде арыстан 6 жасар баланы жеп қояды.
Бұл оқиғалардың барлығында жануарлар адамға жәбірленуші ретінде шабуыл жасайды.

Әлемдегі цирк жануарлары

Қазіргі таңда адамзат жануарларды үйретудің зұлымдығын түсінуде. Әлемнің дамыған елдерінде жануарлардың қатысуымен болатын қойылымдар азаюда. Швеция, Үндістан, Финляндия, Швейцария және Дания елдерінде циркте жануарларды қолдану шектеулі немесе толықтай тыйым салынған. Бұл заң британдық Колумбияда (Канаданың елдімекені) қойылым кезінде арыстан отқа оранған шеңбердің астында қалғаннан кейін қабылданды. Ал Бразилияда аталмыш заң кішкентай сәби жануардың кесірінен көз жұмғаннан кейін енгізілді.

Біреуге – күлкі, біреуге – қайғы

Назарларыңызға 2015 жылы болған өзгерістердің тізімін ұсынамыз:

- Шотландияда өткен қоғамдық сауалнама нәтижесі бойынша халықтың 98 пайызы циркте жабайы жануарларды қолдануға тыйым салыну керек деп ойлайды;

- Латвияда мал дәрігерлері мен ауыл шаруашылығы комитеттері жануарларды циркке қатыстыру мәселесін көтеріп бастады;

- АҚШ-тағы кеңінен танымал The Ringling Brothers and Barnum & Bailey циркі көрермендердің сұрауы бойынша пілдер қатысуымен болатын қойылымдарды алып тастады;

- Гавайи – жануарларды циркке қатыстырудан бас тарту мәселесі қарастырылып жатқан АҚШ бойынша бірінші штат;

- Германияда 50-ден астам қала аталмыш заңға қол қойды. Олардың қатарында Берлин, Лейпциг, Дюссельдорф, Кёльн, Мюнхен, Потсдам, Штутгарт және т.б.;

- Мексика көшпелі дельфинарийлерге тыйым салды;

-  Канада косаткаларды ұстауға тыйым салды;

-  Варшава жануарларды қойылымдарға қатыстыруға тыйым салды;

- 2015 жылдың тамызында Испанияда жануарларды үйретуден бас тартқан қалалардың саны 189-ға жетті.

Жыл сайын 17 сәуір күні әлемнің 10 шақты елінде цирктегі зұлымдыққа қарсы акция өтеді. Науқан барысында көрмелер, жиындар, веложарыстар және өзге де шаралар ұйымдастырылады. 


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

 Мақала бойынша сілтеме

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға