Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ төңірегінде топтасқан – Қазақстан
Елбасымыз Н.Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын ұсынған болатын. Жолдауда мемлекетімізді алып шыңға шығаратын негізгі бағдарымыз – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын орындаудың бес жылдық кезеңді қамтитын маңызды міндеттерін де президентіміз атап көрсетті. Әр кезең сайын экономиканың жаңа белестерін бағындыру әрбір бес жылдықтың нақты нәтижесі болып табылады. Әсіресе, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салалары осы Жолдаудың ең салмақты тұстары екені сөзсіз.
Биылғы жолдауда мемлекетіміздің нақты бағыттары мен мақсаттары айқын көрініп тұр. Мемлекет басшысы мемлекетімізді мәңгілік ететін «Мәңгілік Ел» идеясын көтерді. Онда Мәңгілік Елдің егемендігін тұғырлы ету мәселесіне назар аударды. Мемлекетіміздің болашағын дұрыс бағдарлап, қазіргі замандағы даму үрдістерінен қалып қоймай, әлемдегі өзіміздің лайықты орнымызды иеленуге тиіс екендігімізді атап өтті. Бұдан кейін тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді сәт сайын нығайта беруіміз керектігін ескертті. Мемлекет басшысы бұл Жолдауында ол мақсатқа жетудің жолдары мен тетіктерін көрсетіп, кезеңдерін белгілеп берді. Енді Үкімет пен Парламент палаталары, сондай-ақ басқа да қоғамдық ұйымдардың бәрі осы Мәңгілік Ел идеясының қасынан табылып, кемел келешек жолына жұмылатынына кәміл сенеміз.
ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз: белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтары бар ел екені даусыз. Ол үшін бірегей білім беру жүйесі мен денсаулық саласының жұмысын жақсарту мәселесі жолдауда көтерілген. Осы орайда заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну аса қажет екенін Жолдауда айтқан Елбасымыздың жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек деген ойы бәріміздің көңілімізден шықты. Ендігіде білім және ғылым министрлігінің мойнында зияткерлік мектептерде жинақталған озық ойлар мен тәжірибені еліміздің мектептеріне тарату жүгі тұр.
Биылғы Елбасының жолдауын жарқын болашақты айқындайтын жолдау деп айтуға әбден болады. Жолдауда 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру мақсаты көзделген. «Бұл үшін елімізде барлық мүмкіндіктер: ресурстар, білімді адамдар, жұдырықтай ұлт бар», – дейді көшбасшымыз. Құдайға шүкір дейік, егеменді ел болып, етек-жеңімізді жинадық, әл-әуқатымыз жақсарды. Әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдық, халықтар достығы мен саяси тұрақтылығы берік ел атандық. Ендігі жол – өсу жолы, алдымызға айқын мақсаттар қойып, болашаққа сеніммен қарау, экономикасы дамыған, жаһандану кезеңінде кез келген қауіп-қатерге төтеп бере алатын, алапауыт мемлекеттердің қатарына ену.
Еліміздің болашағын 2050 жылға дейін өркендетудің жан-жақты жолдарын қамтыған бағдарлама жеті бағыттан тұрады. Олар: экономикалық саясат, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік қамтамасыз ету, білімді өркендетіп, мемлекеттілік пен демократияны дамыту және сыртқы саясат пен қауіпсіздікті нығайтып, елдегі патриотизмді күшейту. Елбасы ұсынған елімізді өркендетудің жеті бағыты өте маңызға ие.
Бағдарламада Елбасы бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі ел бірлігі мен тілге баса назар аударды. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктері мен алған шыңдары бірліктің арқасы. Сондықтан, қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет», – деген Елбасы тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек. Елбасы Жолдаудың соңында: «Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары ерік-жігер мен еңбек сүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», – деп келешектің кемелдігіне нық сенімін білдірді.
Бейбіт өмірі жарасымды діні мен салт дәстүрлері әртүрлі көп ұлтты мемлекетіміздің бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елбасы халқымыз бір болып еліміздің жан-жақты дамуына ауқымды серпіліс жасап, жолдаудағы көрсетілген мақсаттарға жететінімізге сенім артады. Қазіргі таңда қазақ елін әлем мемлекеттері танып отыр. Соның бірі Ұлыбритания еліндегі болған олимпиядадағы еліміздің спортшыларының көрсеткен жетістіктері мен Халықаралық «ЕХРО -2017» көрмесінің Астанада өткізілуінің жоспарлануы. Бұл үлкен көрме жобасының өтілуі мемлекет экономикасының бір үлкен серпіліс жасауына себеп болады.
Дінмұхамед Аязбеков