Жаңалықтар

Бір арман, бір үміт

Көп балалы аналарға көрсетілетін көмек ауадай қажет
Бір арман, бір үміт
22.04.2019 11:13 7441

Ақпан айында «Nur Оtan» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бюджет шығындарының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын, оның үстіне қоса әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдауды күшейту қажет екенін айтқан болатын. Сондай-ақ қоғамда қызу талқыланған, әбден пісіп жетілген проблемалардың бірі  - көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін нақтылаған еді.

«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, атап айтқанда, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көп балалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын», - деді сөзін нақтылап Н. Назарбаев - "Осы орайда, бұл жұмыс тез әрі қағазбастылықсыз жүргізілсе екен дейміз. Тұрғындар бір қағазды алу үшін бірнеше кабинетке барып жүгіріп жүрмесін".

Елбасын алаңдатқан мәселе қазір әбден ширығып, пісіп жетілген проблемалардың бірі. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек елімізде 230 мыңнан астам көп балалы ана тұрады екен, олардың көпшілігі кедейлік шегінен төмен жағдайда өмір сүреді. Алысқа шықпай-ақ, "Шапағат" қайырымдылық қоры өкілдерімен бірлесіп астана маңындағы елді мекендерде тұратын көп балалы аналардың жағдайымен танысқан едік.

- Бұрындары қорымызға материалдық көмек көрсету туралы сұраныстар айына 3-4 рет келетін. Кейін аптасына 3-4 отбасы жағдайының мүшкіл екенін айтып, көмек сұрайтын болды. Қазір аптасына 7-8 сұраныс түседі, олардың шындыққа жанасатынын тексеру үшін, өз көзімізбен көріп, жағдайымен танысып кетеміз, - деді "Шапағат" халықтық жобасының жетекшісі Нұрдәулет Оразханов.

Гүлден

Гүлден 36 жаста. Үш баласы бар: үлкені 6 сыныпта оқиды, кішісі 4 жаста.  Жолдасымен ажырасқан, одан алимент алмайды, себебі ол наркодиспансерде емделуде. Гүлденнің мамандығы акушер. Алайда қазір мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істейді. Жалақысы 67 мың теңге. Түске дейін жұмыста, түстен кейін көршілерге тастап кеткен қызына жүгіреді. Жекеменшік жатақханадағы қуықтай бір бөлмені 35 мың теңгеге жалдайды. Шындап келгенде Гүлденнің үйіне келе жатып сүреңсіз көріністі көрем бе деп келе жаттым. Иә, тап-тар бөлме, алайда тап-тұйнақтай. 15 шаршы метр бөлме. Бір бұрыштар тамақ істейтін пеш, одан әрі азық-түлік салатын қорапша, шағын үстел, оған тіркескен тумбада балалардың оқулықтары, бір есігі жұлынған шкафта кітап сөресіндей жинақы киім-кешек, төсек-орын жабдықтары. Бағалы заттары жоқ шағын, жұпыны бөлмеде есесіне мейірім мен қамқорлық тұнып тұр. Қабырғадағы қолдан жасалған сөреде балалардың алған грамоталары, медальдері, марапаттары тұр. Тоғыз жасар ұлы таэквондоға барады. Жаттықтырушы "болашақта үміт күттіретін мықты спортшы болады" деген соң айына 20 мың теңге төлеп спортқа баулып отыр. Қызы сыныптағы үздік оқушы.

- Жақсы оқығаны үшін 2 жыл бұрын Назарбаев лагеріне барып келді, - деді Гүлден мақтанышпен. - Математикадан қалалық олимпиадада үздік атанып, қаладағы интеллектуалды физика-математикалық орталығының грантын ұтып алды. Аптасына үш рет сабағына қатысып тұрады.

Біз сөйлесіп болғанша кішкентай қызы анасының етегіне тығылған күйі тұрды.

- Жатақхана қабырғасынан тыс шыққан емес, танитыны біз бен көрші әйелдер ғана. Бөтен адам көрсе, жатырқайды. Жағдайым келсе балабақшаға беріп, өзім жұмыс істер едім ғой көмек сұрамай, - деп көзіне жас алды.

Мектепте жүріп тапқан 67 мың теңгесін пәтер ақыға, балалардың ас-суы, киім-кешегі, үйірмесіне, оған қоса банктен алған несиеге тартқыштайды. 67 мың теңге жалақысы ай сайын банкке төлейтін  68 мың теңге несие ақысына да жетпейді. Наурыз мерекесіне орай 8 мың теңге сыйақы алыпты.

- Одан да берілмегені жақсы еді. Үш балаға атаулы әлеуметтік көмек алуыма сол 8 мың кедергі болып, табысымыз ең төменгі мөлшерден артық болып шыға келді. 

- Мұндай жағдайда несиені қалай алып жүрсіз?

- Балалардың мектепке киетін киімі болмады. Күн суып кеткенде мектепке жібермей отырмаймын ғой. Еріксіз алдым. Демалыс күні балаларды үйде қалдырып, жалданып жұмыс жасаймын. Қолымнан бәрі келеді, үй тазалау, сылау, құрылысқа көмектесу. Арманым балаларымды жеткізу, осылардың адам болғанын көру. Ол үшін бәріне төземін...

"Шапағат"қорының төрайымы Назгүл Мақжан кәсіпкерлерге хабарласып, кіші қызды балабақшаға беру қамын ойластыруда. Гүлденнің үйінен ұзамай, жақсы хабар келді. Бір қалталы жомарт жан ай сайын балабақша ақысын өз мойнына алуды уәде етіп, алғашқы жарнасын шотқа жіберіп үлгерді. Сөйтіп бұл үйде үміт оты тұтанғандай болды...

Алмагүл

Алмагүл 31 жаста. 3 баласы бар: үлкені - 9, кішісі - 4 жаста. Кіші ұлдың сөйлеу қабілеті нашар, психикалық дамуы кешеуілдеген. Кішкентай жертөленің бір бөлмесін 20 мыңға жалдайды. Қыста суық, жазда жауын жауғанда қуыс-қуыстан су тамшылап, көгеріп кетеді. Тар терезесінің өзі жарық. Үй-іші сыз тартып, күндіз қараңғыланып тұр. Балалардың ойында ештеңе жоқ, бір-бірін тартқыштап мәз. Әрине, кішкентай кезде балалардың сұранысы да аз. Бірақ сол сұраныстың өзін табу жалғыз басты анаға ауыр тиеді. Күнкөріс көзі - 54 мың теңге жәрдемақы.

- Жағдайым осылай болады деп ойлады дейсіз бе? Жолдасым дәнекерлеуші болып қызмет ететін. Сәл шыдасақ армандаған болашағымызға жететіндей едік. 2012 жылы күйеуім жол апатынан қайтыс болды. Жетегімде екі балам, кенжеме аяғым ауыр. Көмектесер туған-туыс жоқ. Бастапқыда жолдасымның ағайындары қарайласып тұрды. Бірақ олардың да жағдайы мәз емес-тін. Көмектері ұзаққа созылмады. Жағдайың бір құлдыраса лезде екен. Жарымнан айрылып, жоқтауға да мұрша болмады. Кіші ұлдың денсаулығы сыр берді. Баламен қолым байлаулы. Бұларды асырау керек. Содан бері күніміз осы. Үміт пен үрей аралас, қалт-құлт етіп келеміз. Аз қамтылған отбасы ретінде үйдің кезегіне жазылдым. 16 мыңыншы болып тұрмыз. Бар тілегім балаларымды бұл қиындықтан аман-есен алып шығу. Атаулы әлеуметтік көмекке үміт артамыз. Сондықтан ешқандай көмектен бас тартпаймын, намыстанатын жағдайда емеспін.

Мая

Мая 29 жаста. 4 баланың анасы. Бесіншіге аяғы ауыр, айы-күні жақындап қалған. Азаматтық некедегі жолдасы хабарсыз кеткеніне біраз болды. Кіші екі баласы үйде қалың күртешемен жүр. Өзіндей бірнеше отбасы паналаған ұзын жертөледен жалға алған бөлмесі суық. Бөлме ішіндегі ең құнды дүние жалпақ ескі теледидар. Анасының артына тығылған балалардың жәудіреген жанары, тар бөлменің ауыр көрінісі, дастархан үстіндегі кешкі ас болатын бір бөлке нан еңсеңді басып, ауыр күрсіндіреді.

- Мамандығым программист. Дипломым бар. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс істеп үлгермедім, - деп балаларына нұсқағандай болды. -  Декретке шыққанша автобус кондукторы болып жұмыс істедім. Енді алдағы уақытта жұмысқа мүмкіндік болмайды-ау. Қазір атаулы әлеуметтік көмек аламыз 70 мыңдай. Бірақ жәрдемақы жетсін бе? Балабақшаға да, үй иесіне де бірнеше ай төлей алмай қарыз болып қалдық. Балаларды балабақшаға апарамын. Тым болмаса екеуі дұрыстап тамағын ішіп жүрсін. Жақында әкімшіліктен жалгерлік баспанаға құжат тапсыру туралы хат келді. Үйдің кезегіне тұрып, баспанаға қолымыз жетіп жатса жақсы болар еді...    

Әсел

Әсел 32 жаста. 5 баласы бар: үлкені 12 жаста, кішісі 1 жастан енді ғана асты. Жолдасымен ажырасқан, балаларын жалғыз асырайды. Өзінің де туған-туысқандары жоқ.

-  Бұрын біз де бақытты отбасы едік. Ауылда тұратынбыз. Жолдасым да, мен де мұғалімбіз. Балалар өсіп келе жатқанда жолдасым екеуміз астанаға көшуді ұйғардық. Қалай дегенмен мұнда мүмкіндік көп қой.

Балалары үшін елордаға көшкен отбасының өмірі бастапқыда үмітке толы еді. Қала мектептерінің біріне орналасқан отағасы азды-көпті табысын әкеліп тұрды. Ауылдағы ата-енесі мүмкіндігінше көмектесетін. Бірақ көп ұзамай ауылдан қаралы хабар келді. Ата-енесі қайтыс болды. Үлкен үйге қайын ағасы көшіп келді. Содан бері ауылмен байланыс үзілді. Әсел кішкентай балалармен үйде. Мұғалім күйеуінің жалақысы бірде жетсе, бірде жетпейтін. Ол да қиындыққа шыдамады. Жұмыста маза жоқ. Жалақы аз. Үйде шиттей-бала шаға мөлиіп отыр. Ақырындап ішкілікке салына бастады. Кейін үйге қонбайтынды шығарды. Апталап жоғалып кетеді. Жұмыстан да шығып кетті.

- Жағдайымыз күрт нашарлап кетті. Балалардың берекесі кетіп, ауыра бастады. Әкесі үйге келсе ақша емес, ұрыс-керіс әкеледі. Шыдамадым, ажырасатын болдым. Ішім бір нәрсені сезгендей екен. Күйеуім мүлдем жоғалды. Не тұратын жеріміз, не нан алатын ақша жоқ. Бастапқыда балаларымды арқалап аналар үйіне бардым. Онда үш ай паналап, кейін сол жақта тұрған аналар арқылы мына жертөлені таптым.

Қиын-қыстауда бір нанды бөлісіп жеген қыз-келіншектер қамқоршыл келеді емес пе. Біреуі баласын бағысып, бірі үйінде паналатады. Әсел жалданып анда-мында жұмыс жасап азын-аулақ тиын тебен табады. Құжаттарын рәсімдеп жәрдемақыға қол жеткізеді. Сөйтіп жүргенде қыста біреу қоңырау шалады. Бұрынғы күйеуін сұрайды. Тергеуші екен. Бұрынғы күейеуінің бір қылмысқа қатысы болып іздестіруде жүргенін айтты. Әсел енді ешкімге арқа сүйей алмайтынын сезіп, одан сайын беки түсті.     

- Ең қиыны "пропискаға" тұру. Бізді кім тұрғызсын, еріксіз соңғы тиынымызды беріп біреулердің үйіне тіркеуге тұрамыз. Жарты сағат өтпестен ол тіркеуден шығарып тастайды. Қайта хабарлассаң танымайтынын айтады. Қандай қиындықтар болса да шыдаймын, тек балалар аман болса екен. Жертөлеміз суық болып, балалар қыс бойы ауырды. Жақында мектепте екпе жасағанда балалардың қолы ісіп кетіпті. Енді анықтама әкелмей, мектепке кіргізбей жатыр. Тексеруден өтудің өзі ақша. Бір айналдырса шыр айналдырады деген рас екен. Осындай отбасылар қайдан пайда болады, неге топырлатып балаларын туа береді демеңіз. Мұндай боларын кім білген...

Өкінішке қарай мемлекеттің қолдауына зәру мұндай отбасылар аз емес. Әрқайсының оқиғасы әртүрлі. Бірақ проблемалары, армандары, үміті бір. Елбасы үкіметке аманат еткен әлеуметтік көмек аналардың мұңлы көздеріне үміт, балалардың жәудіреген жанарларына қуаныш сыйлайтыны анық.

Қазақта "Адамның күні адаммен" деген қағида бар. Ежелден ата-бабаларымыз жетімін де, жесірін де жылатпаған. Қазір елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты түрлі бағдарламалар іске асырылуда. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "Қайырымдылық" дерекқорын құрып, көмек беруде. Шапағат сияқты халыққа қажет жобалар біртіндеп  қалыптасуда.  Әлеуметтік көмекке мұқтаждық масылдыққа әкелмейді. Қайта "аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес" дегендей қайырымдылық жалғасын табады.

- Бізде қалталы азаматтар көп қой. Көбінесе мейрамханаларда, ойын-сауық орталықтарында 10-20 мың теңгені бір отырғанда тастап кетеді. Ал бұл отбасылар үшін бұл қомақты ақша. Біздің "Шапағат" қайырымдылық қоры кәсіпкерлерден, қайырымды жандардан жылу жинап, осындай отбасыларға қолдау көрсетеді. Егер жағдайы келетін әрбір азамат қол ұшын созатын болса, жұмылып көтерген жүгіміз жеңілдер еді, - деді  Назгүл Мақжан.     

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға