Жаңалықтар

Бір жылдан бері еңбекақы алмаған аниматорлар наразылыққа шықты

Бір жылдан бері еңбекақы алмаған аниматорлар наразылыққа шықты
Фото: Facebook/Kazakfilmstudios.kz 17.07.2024 11:00 687

«Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері бір жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айтуларынша, бүгінде басшылықтың 500 млн теңгеге жуық берешегі бар.

KTK телеарнасының ақпаратынша, берешегі көбейген басшылық кейін келе анимация бөлімін жауып тастаған.

Аниматорлардың қара терге батып бірнеше жыл бойы істеген туындыларының бірі — «Алтын адам» атты толық метрлі мульт жобасы былтыр толық аяқталыпты. Бірақ мемлекеттен бөлінген тиісті қаражат әлі күнге дейін қызметкерлерге берілмеген. Еңбекақысын күте-күте қарызға белшесінен батқан өнер адамдары бұл былықты басшылықтың ұйымдастырып отырғанына сенімді.

Қызметкерлердің базыназын тыңдаған телеарна тілшісі «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Азамат Сатыбалдымен жүздеспек болған. Алайда, оның орнына орынбасары келді.

Оның айтуынша жобаны тапсырыс берушілер қабылдамаған.

Негізі «Алтын адам» жобасы бойынша жағдай былай. Бізде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталғымен келісімшарт болды. Олар мультфильмге 2020 жылы тапсырыс берген. Біз туындыны 100 пайыз жасап жібергенбіз. Бірақ тапсырыс беруші қабылдамады. Қазір осыған қатысты сот ісі жүріп жатыр, - дейді «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Айдар Омаров.

Тілші толықметраж мультипликаци жобасына тапсырыс беріп, кейін қабылдамай қойған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен де тілдеспек болған, бірақ орталық өкілдері байланысқа шығудан бас тартыпты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға