Жаңалықтар

Бір сағатты артқа жылжыту денсаулығымызға оң әсер етеді - ғалым

Бір сағатты артқа жылжыту денсаулығымызға оң әсер етеді - ғалым
Фото: instagram.com/kuat_amir 01.03.2024 09:30 28077

Биотехнолог-ғалым Әмір Қуат бірыңғай уақыт белдеуіне байланысты зерттеулер жүргізген. Ғалымның айтуынша, 2020 жылдан бері бір уақытқа көшу бастамасы ұсынылған. Одан бері  астрофизик, генетик, медициналық қызметкерлер мен хронобиологтар мәселенің анық-қанығын зерделеп, маңызды шешім қабылдады. Міне, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап еліміз бір уақыт белдеуіне көшті. Бүгін осы бастаманың басы-қасында жүрген Әмір Қуатпен сұхбаттастық.

El.kz: Әмір мырза, Қазақстан бір сағат – бір белдеуге көшті. Мұның ең басты артықышылығын және ғылым түрінде қаншалықты дұрыс екенін айтып бере аласыз ба?

Әмір Қуат: Ең бастысы, ол – адамдарға өзінің табиғи уақытын қайтарып беру. Өкінішке қарай, адамдардың көпшілігі шатасып жүр. Күннің атысы мен батысын есептеп жүр. Бірақ негізгі ғылым түріндегі есептеу бойынша адамның циркадтық ритмдері мен табиғи ритмге сәйкес келетін күндегі тал түс уақыты 12-ге келуі керек. Қазіргі кезде UTC +6:00 сағаттық белдеуінде тұрған қалаларда тал түс уақыты сағат 13:00-ге қарай түседі. Біз UTC +5:00-ке көшкенде түс кезі 11:56, 11:58- секілді уақыттарға келеді. Адамдарға өздерінің табиғи уақыттарын қайтарып беру тек қана қолайлы жағдайларға алып келеді. Ең басты артықшылығы деп осыны айтуға болады. Адамдардың ағзасына, өмір сүру қалпына пайдасы зор.

El.kz: Сіз бұған дейін адамның биологиялық ритмі жөнінде зерттеп жүрдіңіз. Осы орайда, халыққа үйренісу, күнделікті ритмдегі өзгеріске бой үйрету қиын болмай ма?

Әмір Қуат: Егер де бірыңғай уақытқа көшкенде түн ұйқысын 1 сағатқа қысқартатын болсақ, джетлагқа 3-4 күндей уақыт керек. Ал біздің жағдайымызда, адамның түн ұйқысы керісінше 1 сағатқа ұзарып жатыр. Көбісі осы құбылысты бірден түсіне бермейді. Мысалы, сіз күн сайын таңғы сағат 7-де тұрасыз деп ойлайық. Бір кезде сіз 6:45-те оянып кеттіңіз де, 15 минут бар екенін біліп, тағы мызғып алуға шешім қабылдайсыз. Бірақ, дәл сол мезгілде сағаттың уақытын 1 сағат артқа қарата айналдырып тастаймыз. Сіз 1 сағат ұйықтайсыз да, қайта 6:45-те оянасыз. Демек, сіз 1 сағат артық ұйықтадыңыз. Сондықтан, адамның ұйқысын қандырып, бірыңғай уақытқа көшу өте қолайлы деп айтар едім. Қарт адамдарға, сырқаты бар адамдарға сәл қолайсыздықтар тудыруы мүмкін, дегенмен, 3-4 күннің аралығында бәрі нормаға келеді. Одан ешқандай кедергі көрмейміз.

El.kz: Қостанай, Шығыс Қазақстан тұрғындарымен де кездесіп үлгердіңіз. Ол жақтың халқы таңғы 2-лердің шамасында күн рауандап атады дейді. Жалпы шығыс өңірлердегі уақыт қаншалықты тиімді болмақ?

Әмір Қуат: Біріншіден, түнгі сағат 2-де таң атады деген жалған ақпарат. Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстанда таң 4-тен өте таң ата бастайды. Уақытты 1 сағатты артқа жылжытсақ, 3-тен бастап таң атады. Біз ғалым ретінде салыстырмалы түрде қарауымыз керек қой. Қасында тұрған Алматы қаласы бар, Павлодар делік. Солардың бәрін салыстырған кезде, айырмашылық небәрі 30-40 минутқа әкеледі. Сондықтан, критикалық жағдайды тудырады дегенге келмейді.

El.kz: Бір сұхбатыңызда уақыт белдеуіңін өзгеруі – ауру-сырқау мен ажырасуды көбейтеді деген екенсіз. Мұны қалай түсінуге болады?

Әмір Қуат: Адамның ұйқысы маңызды процес екенін бәрі біледі. Адамның циркадтық ритмдері күннің табиғи ритміне сәйкес келмегендіктен, адамның ағзасы десинхронозға ұшырап жатыр. Десинхроноз дегеніміз - ағзадағы ритмнің бұзылуы, тәуліктік ырғақтардың десинхронизациясымен жүретін патологиялық синдром. Ырғақтың бұзылуы артық салмақ секілді және психикалық тұрғыдан қатты әсер етеді. Оны эксперимент ретінде өткізуге болады. Мысалы, күніне 7 сағат ұйықтайтын болсаңыз, оны 1 сағатқа кемітіп тастаңыз. Осылайша үнемі 7 сағат ұйықтап жүрген сізге 6 сағаттық ұйқы қалай әсер етеді? Әрине, кері әсерін береді. Бірінші күннен-ақ көңіл-күйдің бұзылғанын сезесіз және өзіңді жайсыз сезінесіз. Ұйқысы қанбаған адам психо-эмоционалдық тұрғыдан өте тұрақсыз болады. Сондықтан, біз бұл сағат белдеуінде адамның ұйқысы ретіне келеді, жүйке жүйесіне жақсы әсерін тигізеді, отбасындағы қарым-қатынастарға ықпал етеді деп түсіндіреміз.

El.kz: Биологиялық ритмнің санаға әсері қаншалықты маңызды? Бұған дейінгі зерттеулердегі деректермен бөліссеңіз.

Әмір Қуат: Биологиялық ритмдер адамның ағзасындағы 300-ден астам процестерді қадағалайды. Оның ішіндегі, ең бастысы – ұйқы процесі, метоболизм, гормоналдық фон. Гормондар адамның әр процесіне жауап беретіні бесенеден белгілі. Агрессияға адреналин, адам бойындағы сенімділікке - окситоцин, қуаныш пен бақытты сәттерге - сератонин, дофамин жауап береді. Сондықтан адамның санасына әсеріне ықпалы зор.

Адамдардың көпшілігі маған «Неге 30 жыл бойы осылай бір сағат белдеуінде тұрып, бір сәтте адамның ағзасын ойлай бастайды, неге өзгертіп жатыр?», - деп сұрақ қояды. Бәріміз күтіп жатқан Жаңа Қазақстан емес пе? Жақсы нәрсені қабылдауды қиындатпай, қуана-қуана қабылдау керек деп ойлаймын. Қаншама ғалымдар бұл ұсынысты зерттеп, осындай шешімге келуді дұрыс деп тапты, өзара талқылады. Ғалымдардың пікіріне сену керек деп айтқым келеді.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға