Жаңалықтар

«Бір-біріне мүлде келмейтін». Салтанаттың ағасы Қуандықпен қалай танысқанын айтты

«Бір-біріне мүлде келмейтін». Салтанаттың ағасы Қуандықпен қалай танысқанын айтты
Фото: t.me/Jogargy_sot 29.03.2024 11:26 914

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Салтанат пен Қуандық Бишімбаевтың қалай танысқанын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сот отырысында Айтбек Амангелді қарындасы Салтанатпен сырлас болғанын және олар бір-бірінен ешнәрсе жасырмағанын айтты.

2022 жылдың тамыз айында бір адаммен танысқанын және ол Салтанатқа астрология бойынша кеңес алу үшін жазылғысы келгенін айтты. Бірақ Салтанат астрология бойынша ер адамдарды қабылдамайтын. Сондықтан Қуандықты қабылдаудан бас тартты. Бірақ ақырында бір әйел қабылдауға жазылып, оның орнына Қуандық барған. Осылайша Салтанаттың ұялы телефонының нөмірін алып, оған хат жазып жүреді. Салтанаттың маған көрсеткен хаттарында Қуандық оған «Мен туралы тез шешім қабылдамаңыз, алдымен екеуміз танысып көрейік. Мен туралы жазылғандардың барлығына сене бермеңіз. Өз ойыңызды жинақтап көріңіз. Мен сіздің қабылдауыңызға барып көрейін» деп жазған. Мен ол кезде бұл жағдайға аса мән бермедім. Менің білуімше, осы хаттардан кейін Бишімбаев Салтанаттың қабылдауына барған. Салтанат оны қабылдаған. Себебі Қуандықтың тарапынан белсенділік пен қысым болған, - деді Салтанаттың ағасы.

Сөзінше, сол сәттен бастап олар жиі сөйлесе бастаған. Бірақ Салтанат Қуандықты өзінің болашақ жары ретінде көрмеген. 2022 жылдың қыркүйек айында Бишімбаев Салтанатты және анасын концертке шақырған. Бірақ анасы барудан бас тартты. Бірақ Салтанат өзінің құрбысы Аиданы бірге алып барған.

Салтанат өзінің ағасына Қуандық оның талғамына келмейтінін және ортақ қызығушылықтары жоқ екенін, сондай-ақ астрология бойынша бір-біріне мүлде келмейтінін айтқан.

Бірақ 2022 жылдың қазан айында Салтанат Әзербайжанда тұратын құрбысы Анджелиға барып-келгеннен кейін ол маған Қуандықты жақсы көретінін айтып, оны үнемі мақтап жүрді. Бұл сапар Салтанаттың ойын өзгертуге септігін тигізді, - деді Айтбек Амангелді.

2022 жылдың қазан айының соңында Қуандық Салтанатқа үйленуге ұсыныс жасаған. Бірақ бұл хабарды ағасы instagram желісі арқылы білген.

Салтанат бізге бұған дейін Қуандықтың жазықсыз сотталғанын айтып, оның кінәсіз екеніне сендірді. Сондықтан ата-анамыз олардың үйленуіне өз келісімін берді. Салтанат 31 жастағы ересек адам болғандықтан, оның шешімін қолдадық. Дегенмен ақыл-кеңесімізді де айттық. 2022 жылдың 17 қарашасында құдалық өтті. Құдалыққа дейін Қуандықтың өзімен жеке танысқым келді, бірақ ол үнемі кездесуге уақыты болмай, бос емес екенін айтып жүрді. Сондықтан Қуандықпен құдалық күні ғана таныстық, - деді ағасы.

2022 жылдың 21 қарашасында сырға салу рәсімі өткен. Қыз ұзатудан кейін Салтанат пен Қуандық Астана қаласына көшіп кеткен.
Айтбек Амангелді 26 қарашада отбасымен Астана қаласына барғанын және Қуандықтың ата-анасы қонаққа шақырғанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға