Жаңалықтар

Бір аптада 3 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады

Бір аптада 3 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады
Фото: dreamstime.com 24.03.2023 19:34 1561

19 наурыз күні сағат 18:15-те Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы Мұхамеджанов шағын ауданында екі жасар бала 5-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен. Қайғылы сәтте баланың анасы басқа бөлмеде болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ-ге сілтеме жасап.

Ауыр жарақат алған бала Балқаш қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Сол жақ жамбасында ашық сынығы бар, баланың жағдайы ауыр.

Шымкентте көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінің терезесінен бес жасар қыз құлап түсті. Жазатайым оқиға туралы ақпарат 23 наурызда сағат 14.50-де «103» қызметінен Шымкент қаласы, ТЖ департаментінің Дағдарыс жағдайларда басқару басқармасына түсті. Оқиға Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, 16 шағын ауданындағы көпқабатты № 18 тұрғын үйде орын алған. Көп пәтерлі 5-қабатты тұрғын үйдің 4-қабатында орналасқан пәтердің терезесінен ата-анасының қарауынсыз қалып, 2018 жылы туған қыз терезеден құлап түскен. Ол тез арада ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. 

Оқиғаның мән-жайын Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері анықтауда. Қазіргі таңда қызға операция жасалынды,.

Сондай-ақ, Астана қаласында ағымдағы жылдың 21 наурызында "103" жедел медициналық жәрдем станциясынан тұрғын үйдің терезесінен баланың құлап түскені туралы хабарлама келіп түсті.

21 наурыз күні сағат 18.55-те Әуезов көшесінде бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан ересектердің қарауынсыз қалған 2014 жылы туған қыз терезеден құлап түсті. Қыз бала ауруханаға жатқызылды, жағдайы орташа.

Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы ересектердің, ата-аналардың салғырт қарауының, балалардың жүріс-тұрысын бақыламауының, терезелерде блокаторлардың болмауының, жиһазды дұрыс орналастырмаудың салдарынан болды. Ал жиһазды дұрыс орналастырмау балаларға терезелерге өз бетінше көтерілуіне мүмкіндік береді.

Осыған байланысты ТЖМ  ескертеді!

Балалардың терезелер мен балкондардан құлауына жол бермеу үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар:

- кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз;

- кішкентай бала терезенің алдына шыға алмау үшін жиһаздың барлық түрлерін терезенің жанынан алып тастаңыз;

- москит торына сенбеңіз! Олар құлаудан қорғауға арналмаған;

- балаға терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштерді қойыңыз;

- ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балаларға түсіндіріңіз;

- егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет болған жағдайда орнатыңыз.

Барлық оқиғалар мен ТЖ туралы 112 немесе 101 телефондары бойынша хабарлаңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға