Жаңалықтар

«Бір әннің тарихы»: Төреғалидың орындауындағы «Найзағай болып» әнінің түпнұсқасы туралы

«Бір әннің тарихы»: Төреғалидың орындауындағы «Найзағай болып» әнінің түпнұсқасы туралы
Фото: Коллаж El.kz 05.02.2024 16:40 26196

Әнмен егіз жаратылған халықпыз. Шыр етіп өмірге келген сәттен жер қойнына кіргенше әр сәтті әнмен бейнелеуге шеберміз. Қуансақ та, қайғырсақ та көңілдегі мұң мен сырды ән арқылы шығарамыз. Біз үшін тіршіліктің бар тынысы әнмен астасып жатады. Көңілдің төрінен ойып тұрып орын алған әндер де баршылық. Ал сол әндердің халыққа белгісіз тарихы мен беймәлім бір сыры болады. Оны авторлар кейде айтса, кейде құпия қалғанын құп көреді. «Бір әннің тарихы» атты жаңа айдарымызда ел арасында таралған танымал әндердің оқиғасын баяндамақпыз.

Осыдан 8 жыл бұрын әнші Төреғали Төреәлі халыққа «Найзағай болып» атты жаңа әнін ұсынды. Лезде хитке айналған бұл әннің оқиғасын білуші ме едіңіз? 2017 жылы Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов жары Қарагөз Сүлейменованың 50 жас мерейтойында аталмыш әнді орындаған. Сол қуанышты тойда актер әнді «Төреғали Төреәлінің әні» деп таныстырған еді. Алайда, ел арасына «Төрештің» әні ретінде таралған танымал әннің авторлары басқа.

«Найзағай көңіл»

Түпнұсқасы бойынша әннің негізгі аты «Найзағай көңіл». Әнін жазған – Үкітай Ернияз, сөзін жазған – Әл-Фараби Бекарысұлы. Сазгер, музыкант Үкітай Айжігітұлы Қызылорда қаласы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс деген шағын ауылың тумасы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген Үкітай өнер жолына бала күнінен қадам басқан.  

Ата-анамның айтуынша, 6-7 жасымнан домбыра ұстап жүрген екенмін. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде оқыдым. Сол білімімді жалғастырып, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін домбыра мамандығы бойынша бітірдім. Ән жазу Қызылордада колледжде оқып жүрген кезімнен басталды, - дейді Үкітай Ернияз.

Ал әннің шығуына себепші болған әнші Әл-Фараби Бекарысұлы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев ауылында дүниеге келген.

Өнер ең бірінші Алла, сосын ата-анамнан дарыған деп ойлаймын. Өйткені, әкем де, анам да баянда ойнаған. Анам баянды кәсіби меңгерген, әкем бойдағы дарынымен ойнай білген. Анамның ақындық өнері де болған. Мендегі қабілет ата-анамнан дарыған деп ойлаймын, - дейді Әл-Фараби Бекарысұлы.

«Өзімнің өмірімнен өріп жазғанмын»

2003 жылы Әл-Фараби Бекарысұлы бір сәтте ата-анасынан айырылып, бауырларымен жалғыз қалады. 14 жаста шаңыраққа ие болып қалған бозбаланың «жұлдыз» болсам деген арманы мәңгі орындалмас сағымға айналғандай болады.

«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали атамыз айтқандай, бұл өлеңді өзімнің өмірімнен өріп жазғанмын. Айтпаса сөздің атасы өледі дейді. 14 жасымда бір күнде, бір сәтте жол апатынан ата-анам қайтыс болды. Артында 4 қыз, 1 ұл қалғанбыз. Екі әпкем, екі қарындасым бар. Ата-анам өмірден өткен кезде 14 жаста едім. Екі әпкем күйеуге шықты, екі қарындасым интернатта оқыды. Мен 9-сыныптан кейін Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне оқуға түстім, - дейді Әл-Фараби.

Колледжді бітіретін жылы Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясынан шақырту алады.

Актер мамандығы бойынша Әбілқасым Сәрсенбаев деген ағамыз шақырту жіберген еді. Ол кісі менің беташар тойды жүргізгенімді көріп қалған екен. Демеу беретінін айтып, дауысым мен болмысымды актерлік оқуға сай деп танып, көмектесетінін айтқан еді. Колледжің дипломын алып, Шиеліге келдім. Қара шаңыраққа келсем, қаңырап бос тұр. Адам тұрмағаннан кейін тозып кеткен. Сол қара шаңыраққа қарап отырып, ешқайда бармайтынымды түсіндім. Осы отанға еге болу керегін, төрт қызға төркін болуым керегін түсініп, арман қала Алматыға бара алмадым. Тоқ етерін айтқанда, жұлдыз болып бағым жанбады, - дейді ол.

Осылайша арманына жете алмай, іштей булығып жүргенде әннің сөзі қағаз бетіне түседі.

Өзімді де, өнерімді де жоғалтып жүрген кезде іштегі жан айқайдан туындаған бұл өлеңнің тереңіне үңілген жан машақатты да, махаббатты да, тағдырмен тартысты да, өмірмен күресудің мәнін түсінеді. Өйткені, екінші шумағында «Жан айқайымдай жаңғырған әнім, Бойымда барда алғыр талабым, Бұғаулы қолмен бұзып шығармын, Шойын қақпалы тағдыр қамалын», деп жазғанмын. Алматыға бармасам да, жұлдыз болып жанбасам да, найзағайдай жарық етейінші деп ауылға сыймай, тұншығып жүрген кезде өз-өзімді қайрап жазған өлең болатын, - дейді автор.

Әл-Фараби Бекарысұлы қиналып жүрген сәтінде сазгер Үкітай досы хабарласып, өлеңнің мәтінімен танысады.

Менің өмірден көріп, басымды тауға да, тасқа да соғып, түсінген тағдыр-тауқыметімді Үкітай Ерниязов досым өзінің сезімтал жүрегімен, терең таным, биік парасатымен ұғынып, әнін шығарған болатын. Ән пианиномен жазылған нұсқада диктофонға басылып шықты. Сол аудиожазба халықтың арасында тарап кетті. Барлығы жақсы қабылдап, ұнатты, - дейді Әл-Фараби Бекарысұлы.

Төреғали Төреәлі әнге қалай құда түскен

Дегенмен, қос өнерпаз өздерінің авторлық әнін орындауды бір уақ ұмыт қалдырған екен. Осылайша, Астанада сазгердің орындауындағы әсерлі әнді тыңдаған Төреғали Төреәлі бірден ұнатып қалады.

Қазір өзіміз шығарған әндерді айтып жүрміз. Бірақ сол жылдары өз әнімізді орындау ойға да келмепті. Жөн сілтейтін адам да болмаған еді. Сол шақтарда Төреш ініміз (Төреғали Төреәлі) Үкітаймен Астанада кездескен екен. Үкітай менің «Найзағай көңіл» деген әнімізді орындап бергенде, Төреш қолқалап, сұрап алған екен. Содан біршама уақыттан кейін әні шықты. Өзгертіліп шыққан екен. Үкітай Төрешке хабарласып, сөзін неге өзгерткенін сұраған екен. Төреш «Мен ескерттім деп ойлап қалдым. Ренжімеңіз», - деп жауап берген. Үкітай болса «Әннің сөзін жазған тағдырлы жігіт еді. Досым, бауырым еді. Шиелдегі ауылында, сен сонымен сөйлес, алдынан өт», - деп түсіндіреді, - дейді Әл-Фараби Серікұлы.

Ал Төреғали Төреәлі әннің сөзін Аян Сейітовке өзгертіп, жаңа нұсқасын шығарған. Дегенмен, әннің сөзін жазған авторға хабарласып, жағдайын түсіндірген екен.

Төрештің өзі маған хабарласып, «Осылай-осылай болып қалды,аға» деп айтты. Әрине, мен де іштей күйіндім. Төрештің өзіне де айттым. «Өлең өзіңнің ішіңнен шыққан балаң сияқты емес пе? Бұл қалай болғаны? Баласының бұзылып кеткенін кім қалай? Басқа біреу иеленіп кеткенін кім қалайды», - дедім. Өлеңнің мәтінін Аян Сейітов өзгерткен екен. Алғашында ол туралы мүлде білмейді екенмін. Зерттеп, зерделеп қарасам, ол да жастайынан анасынан айырылған тағдырлы азамат екен. 13 жасында айтыста волга мінген талантты жігіт екен. Таланттың тағдырын білген соң, өкпелеп, кек тұтқан жоқпын, - дейді түпнұсқа әннің авторы.

Танымал актер Досқан Жолжақсыновтың жұбайына арнап айтқанда «Төреғали Төреәлінің әні» деп таныстырғаннан соң жұрт бірден Төрештің әні деп қабылдап кетеді.

Кейінірек Досхан Жолжақсынов ағамыз Қаракөз Сүлейменоваға арнап, Төреғали Төреәлінің әні деп хабарлап жіберді. Төреғали Төреәлінің орындауындағы ән деу керек еді.Енді Досхан ағамызға сын айтатын адам емеспін. Өйткені бала кезден «Бандыны қуған Хамиттен» бастап ағамыздың киноларын сүйсініп, көріп өстік. Қате кеткеннен кейін жұрттың барлығы Төреғалидың әні деп түсініп қалғаннан кейін Шиеліден Қызылордаға барып, Қызылордадан Алматыға арнайы ұшып бардым. КТК арнасына сұхбат беріп, бұл өлеңнің газет бетіне жарияланған нөмірін тауып, көрсеттім, - дейді автор.

Әл-Фараби Бекарысұлы әннің сөзін жазғанын өзі екенін айтып, авторлығын дәлелдеп, дегеніне жетеді.

Эстрадалық бағытта шықпай тұрған кезде газетке жариялағанымды көрсетіп, авторлығымды дәлелдедім. Ол кезде Қазақстан атворлар қоғамының жұмысы көш ілгеріде еді. Сонда бір кісілер біраз кеңес айтты. «Төреғалиды сотқа бер, пәлен-түлен ақша өндіресің», деп ақыл айтты. Бірақ, мен ондай сотқа-отқа барған жоқпын. Себебі, Төреғали да, мен де сыр ананың, бір ананың омырауын еміп өскен бала болғандықтан ертеңгі күні «Мына қызылордалықтар бір-бірінің етін жеп жатыр демесін» деген сөзге қалмайық деп жаңсақ қадамға бармадым. Әннің тарихы, оқиғасы көлемді. Қысқа-нұсқа осылай айтып, жеткізгенімді қабыл алыңыз, - дейді әннің авторы.

Осылайша,  «Су астында жатқан тас, су толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» дегендей шермен шыққан өлең халықтың хит әніне айналған екен.

Бүгінде Үкітай мен Әл-Фараби бірлесіп, бірнеше әнді жарыққа шығарған.

Үкітай бауырым жан-дүниемді алыста жүріп түсінеді. Мен Қызылордада, ол Астанада болғанмен, көңілі-ниеті жақын адамға жолдың алыстығы білінбейді екен. Көбінесе, мен тебіреніп-толғанып сөзін жазсам, сол сәтте Үкітай да дайын отырады. Бір-бірімізге жолдаймыз. Сазгер адам даңғазаның арасынан әдемі әуен іздеп жүрсе, ақын адам балшықтың ішінен гүл іздеп жүретіні сияқты ғой. Үнемі ізденіс үстінде жүреміз, - дейді Әл-Фараби Бекарысұлы.

Ақын ән арқылы елді тәрбиелеуді мақсат еткенін де атап өтті.

«Өлеңге әркімнің ақ бар таласы бар» дейді Абай атамыз. Дегенмен, көп өлеңнің авторлары, мәтін жазатын кісілер сол жерін ғана оқып, «Әннің де естісі бар, есері бар» дегенді оқымайтын сияқты. Біз қандай ән мен сөз жазсақ та, ішіне тәлім-тәрбие беретін дүние қосуға тырысамыз. Қазір жеңіл ән мен сөзге әуес болып жүрген шығар. Уақытша нәрсе ғой. Болашақта бұрынғы саф өнерді қалпына келтіреміз деп жұмыс істеп жүрміз, - дейді Әл-Фараби Бекарысұлы.

 

Ендеше, ән сүйер тыңдарман қауым, әннің түпнұсқасы бойынша жазылған сөзі мен әннің бейнесін назарларыңызға ұсынамыз.

НАЙЗАҒАЙ КӨҢІЛ

(Түпнұсқа)

Әні: Үкітай Ерниязов

Сөзі: Әл-Фараби Бекарысұлы

Сезімнің қуат күшіне ердім,

Өмірдің сынақ ісіне көндім.

Аңсаумен талай шаршаулы едім,

Ақыры сені түсімде көрдім.

 

Қайырмасы:

Жүруші ем сені айнала торып,

Алды артымды да болжамай толық.

Қашанғы бұлттай жабырқай берем,

Жарқ етейінші найзағай болып.

 

Жан айқайымдай жаңғырған әнім,

Бойымда барда алғыр талабым.

Бұғаулы қолмен бұзып шығармын,

Шойын қақпалы тағдыр қамалын.

 

Аққуы болсаң шалқар көлімнің,

Өзіңе үлкен артар сенімім.

Жанартау жүрек жарыла жаздап,

Дариядай тасыр дархан көңілім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға