Жаңалықтар

«Бір әннің тарихы»: «Сүйіктім» үшін сотқа да бардым

«Бір әннің тарихы»:  «Сүйіктім» үшін сотқа да бардым
Фото: Жеке мұрағаттан 28.02.2025 13:00 333

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы «Өнер» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, негізінен жыр-терме класының мұғалімі болған Жарқынбек Тұрымбетовтың бұл әні басында «Махаббат мұңы» деп аталған еді. Кейін оны орындаушылар біресе «Сүйіктім», біресе «Қимаймын» деп, өздеріне ыңғайлы етіп өзгертіп алды. Бұған ақын-сазгер ренжіген жоқ, тек әннің халыққа танылып жатқанын құптады, деп El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мәлімдейді.

Содан халық арасына кеңінен тараған ән хитке айналды. Той-томалақ ол әнсіз өтпейтін жағдайға жетті. Бірақ авторы белгісіз, соны пайдаланып, кейбір азаматтар өз атына аударып алғысы келді. Жалпы ән кімге арналған, ол қалай шықты, халыққа қалай тарады? Мұны Жарқынбек Жаулыбайұлының өз аузынан естиміз.

El.kz:  Сіз өнер адамысыз. Десе де ән мен сөзін бір кісі жазу сирек құбылыс. Соған қарамастан өзіңіз өрнектеген «Махаббат мұңы» жүректі қалай жарып шықты?

Жарқынбек Тұрымбетов: Бұл әннің шығу тарихы өте қызық. Ауылда өзімнен бір сынып төмен, ал, өнер мектебінде жырау Шамшат Төлепова класында бірге оқыған қызға көңілім кетіп, сол ару сұлу сезіміме себеп болды. Мектеп бітіргесін жоғары оқу орнына барғаным сәтсіз аяқталып, бір жыл ауылда еңбек етуге тура келді. Келесі жылы әлгі қызбен бірге (есімін атамауды жөн көрдім) Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, Алмас Алматовтың «халық әндері» кафедрасында бірге оқыдық. Мектептен бергі таныстығымыз достыққа, одан махаббатқа ұласып, ғашықтық ғаламаттың енді басталған сезімдері алаудай ыстық еді. Өкініштісі сол, бірінші курстың аяғында қыз басқаға тұрмысқа шықты. Жол екіге айырылды. Әннің тууы осыдан басталды.

El.kz: Мұндай күтпеген жағдай өнер адамына ауыр тиіп, соққы болатыны рас. Осының ақыры не болды?

Жарқынбек Тұрымбетов: Алдымен әннің бастапқы әуені аудитория қабырғасында, қайырмасы каникул кезінде ауылға барып, пішен шабу барысында шаң берді. Ал, енді егіс даласында қағаз-қалам жоқ, әуенін ұмытпас үшін іштей ыңылдап, қайталай беремін. Әйтеуір кеш болып, ауылға қайттық. Үйде «Романтик» магнитафоны болатын, дереу кассетаға жазып алдым.

Күз келіп, оқу басталды. Аудиторияда өзіммен-өзім әнді қайталап отырғанмын. Қасымдағы досым Асылбек Тәңірбергенов байқап қалды да: «Мынауың жаңа ән секілді. Кәне, маған бере ғой» деп досым алғашқы тыңдаушым әрі орындаушым болды. Мен оны баянмен орындайтынмын.

Бірде төменгі және жоғары курс студентерінің арасында кеш өтті. Осы кеште «Махаббат мұңы» бірінші рет орындалды. Оны Асылбек нақышына келтіре орындап, сезімге толы сазына көпті елітіп жіберді. «Сәті келген істің салмағы жеңіл» демекші, бағы ашылған ән факультеттен асып, басқа оқу орындарының жастарына жетті. Жатақханада жастар жиналып, бірлесе шырқап жатты. Мұны естігенде және көргенде марқайып қалатынмын. Кейін университетті бітіріп, ауылға қайттық. 1996 жылы отан алдындағы борышымды өтеуге шақырып, Қызылорда қаласына облыстық әскери комиссариатқа келдік. Жолай «Жайна» базарына соққанмын. Сол жерде менің әнім сайрап тұр екен. Кассетаны қолға алып қарасам, «Сұлтанмұратов» деген «автордың» атын көрдім. Оны тергейтін уақыт тар болды. Поезд жүру алдында еді. Сонымен әскерге кеттім. 

El.kz: Жарқынбек, әскерден келдің. Ән тағдыры не болды?

Жарқынбек Тұрымбетов: Есейдік, үйлендік. Отбасы болғасын өз алдымызға жеке үй тұрғызуға кірістік. Содан құрылыс материалы жетпей базарға барғанмын. Сол жерде менің бұрыңғы оқушым дискі сатып тұр екен. «Ағай, сіздің әніңіз дискіге шыққан» деп ол бірін қолыма ұстатты. Ән эстрада жанрында орындалған, әуені шамалы өзгеріпті. Дискінің бетіне «Әннің авторы баяғы Ө. Сұлтанмұратов, сөзін жазған Р.Оразымбетов» деп қойыпты да, оны орындаған Индира Расылхан депті.

Мұны көріп көңілім су сепкендей басылды. Әлі өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Амалсыздан дискіні сатып алып, үйге  келдім. Ойлана-ойлана, ертесіне аудандық сотқа жүгіндім. Олар облыс орталығына, Әділет департаментіне баруды айтты. Осындағы зияткерлік меншік бөлімі қызметкерлеріне жолықтым. Жас жігіттер екен, мені қолдап, қуаттап кетті. Барлық құжаттарымды өткізіп, ән туралы мәліметті тапсырдым. Бұл деректің әнге араша болуға дәлелі аз, толықтыру керек деді. Енді не істеймін? Қайтадан үйге келдім. Жеке мұрағатымды ақтарып отырып, Асылбек Тәңірбергеновтың баянмен орындаған кассетаны және ән мәтіні жазылған алғашқы нұсқаны таптым. Сондағы қуанғаным-ай! Осылардың бәрін нотариуспен куәландырып,  әлгі бөлімге өткіздім. Облыстағы қазақ авторлар қоғамының филиалына тіркелдім.

Ән тағдырымен алдымен Қызылорда, сосын Алматыдағы мамандар айналысып, не керек, арада бір жылдай уақыт өтті. Уақыт ұзап бара жатқан соң өзім Алматыға барып, «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы Марал Ысқақбайға жолығып, жағдайды өзіне толықтай жеткіздім. Ол кісі: «Соттасып, бір-біріңізді қаралаудың қажеті жоқ. Мұндай жағдай Шәмшінің де, Әбләхат Есбаевтың да басында бар. Қазақпыз ғой, түсіністікпен қараған жөн» деп жұбатқан болды. Десе де сенімді нықтау үшін маған «ән авторы» деген куәлік керек екенін ескерттім. Сонан кейін теледидар мен радио қорында ән авторы Ө.Сұлтанмұратов, орындаған И.Расылхан болып сақталды. «Әннің болашағы қалай болады?» деген сауал қойдым.

Қоғам төрағасы маған ән авторы деген куәлік беріп, ал сауалыма былайша жауап қатты. «Бұрыңғы автор сол күйі сақталады. Алдағы уақытта ән авторы ретінде өзіңнің аты-жөнің айтылатын болады. Қазір радиоға барып, авторлық куәлігіңді көрсетсеңіз ән авторын түзеп береді» деп дұрыс жол сілтеді. Сосын ол көмекші қызды шақырып, бір бума қағазды алдыртты. Сөйтсем «Қимаймын» әніне байланысты іс екен. Ішінде Ө. Сұлтанмұратов пен Р.Оразымбетовтың түсініктемесі бар. Екеуі де ересек кісі, Оңтүстіктің Қазығұрт ауданының тұрғыны екен. Телефон арқылы байланысып көргенімде Ө. Сұлтанмұратов студиядан кеткен қателік деп ақталды. Ал, Р.Оразымбетовтен балалар ақыны екенін, лирикаға, махаббат тақырыбына мүлдем қалам тербемегені белгілі болды. Осылай істің ақ-қарасын ашып алдық.

El.kz: «Қимаймын» әнін соңғы кезде кімдер орындады?

Жарқынбек Тұрымбетов: Белгілі әншілер Бейбіт Сейдуалиева, Қанат Үмбетов пен Әлия Әбікен, Айгүл Иманбаева, Айзат Қарабек, Ғазизхан Шекербек орындады.

El.kz: Жарқынбек, ән туралы жұбайың жақсы білетіні анық. Қызғаныш болмады ма?

Жарқынбек Тұрымбетов:Ер жігіттің басында не болып, не қоймайды. Ол жастықтың белгісі ғой. Жалпы, жарым Жанар өнерімді құрметтейтін, ерін төбесіне қоятын кең жүрек жан. Біз 2000 жылы бас қостық. Қазір үш ұлымыз, бір қызымыз бар. Бәрі өнер мектебінің түлегі, өнер десе ішкен асын жерге қояды.

Сөзімді әріден бастасам, атамыз Салқынбайұлы Тұрымбет жырау кісі болған. Оның «Күміс-ай» жырын атақты жырау ағамыз Алмас Алматов Париж сахнасында орындады. Әкем де өнерден құр алақан емес. Біз тоғыз ағайындымыз, бәрі де өнерге жақын. Жалпы, тегімізде өнердің киесі сақталған. Өзімнің 20-ның үстінде әндерім, 2-3 күйім бар. Биыл «Туған жер» шығармашылық кешім өтті. Аймақтан шыққан айтулы өнер шеберлері қатысты. Жақсы бағасын берді. Шабытқа қанат бітірді.

Жалпы айтқанда, әндерімнің ішіндегі «Сүйіктім» – сезімнің, «Қимаймын» – төзімнің тілегі сияқты болып тұрады. Сондықтан бұл ән маған өте ыстық.

ҚИМАЙМЫН

Әні мен сөзі: Жарқынбек Тұрымбетов

Сүйіктім,
Лағындайсың киіктің,
Көркіңнен сұлу күй ұқтым,
Кетейін қалайша қиып тым.
Жүрегім,
Соғады сен деп білемін
Тапсаңшы өзің бір емін
Көңілдің жайнаған гүлі едің
Қайырмасы:
Қимаймын, қимаймын,
Дүниеге сенсіз сыймаймын,
Әнімді саған сыйлаймын.
Дүниеге сенсіз сыймаймын,
Әнімді саған сыйлаймын.
Қарағым,
От болып лаулап жанамын,
Сырыңды ұқпай барамын,
Қалайша жалғыз боп қаламын.
Ұғарсыз,
Есіңе алып тұрарсыз,
Айдында жүзген сыңарсыз,
Тағатым таусылды жыр – әнсіз.
Қайырмасы:
Қимаймын, қимаймын,
Дүниеге сенсіз сыймаймын,
Әнімді саған сыйлаймын.
Дүниеге сенсіз сыймаймын,
Әнімді саған сыйлаймын.
Қимаймын, қимаймын,
Дүниеге сенсіз сыймаймын,
Әнімді саған сыйлаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға