«Бір әннің тарихы»: «Сен – менің бақытымсың» әні қалай хитке айналды?

«Ұнатып ем жалғыз сені, самалды жел кешінде. Саған деген махаббатым, бір көргенде келді ме?» деп басталатын ән жолдары талай тыңдарманның санасында сан мәрте жаңғырып, жүректерде жатталып қалған шығар. Қаншама жастың алғаш сезіміне саундтрек болған «Сен – менің бақытымсың» әні – жай ғана музыкалық шығарма емес, шынайы махаббаттан туған сырлы әуен. Ғашығына деген сезімін жеткізетін бұл әннің авторы, композитор әрі орындаушысы – «Жігер» тобының мүшесі Қанат Елікбаев. Бүгін хит болған дәл осы әннің қалай дүниеге келгенін толығырақ автордың өз аузынан естіп-білген едік.
Әннің шығуына не себеп болды?
«Сен – менің бақытымсың» әні Қанат Елікбаевтың жеке өміріндегі ерекше сәттер мен сезімдерден туған дүние. Әннің шығу тарихы мен оның жазылу барысы, шын мәнінде, махаббат пен шабыттың үйлесімін көрсетеді.
Қанат Елікбаев Тараз қаласында өскен. Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, кейін 2002 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан ашылған колледжге «актер өнері» мамандығына қабылданады. Сол жылдары колледжде бірінші курста әртүрлі мамандықта оқитын студенттер бірге білім алды. Бір күні Қанатқа бір жігіт программист мамандығында оқып жүрген қызды сыртынан ұнататынын, бірақ таныса алмай жүргенін айтқан.
Ол жігітке «әй, таныса алмай жүргені несі? Маған айт, өзім сенімен таныстырамын. Ұялма, ыңғайсызданба. Оның кім екенін маған көрсет» дедім. Сыртынан көрсетті. Енді түр келбетін дұрыстап қарай алмадым. Бірақ шаш үлгісі мен киімін жаттап алдым. Сөйтіп, «бір ыңғайы келгенде танысып алып, сосын сенімен таныстырамын ғой» дедім, – деп еске алды Қанат.
Әншінің айтуынша, Құдай өзі сәтін салды ма, кешке үйге қайтып бара жатқан кезде әлгі қыз тура алдынан шығыпты.
Суреттер: Қанат Елікбаев
Қыздың қасындағы группаласы Гүлжан – менің көршім. Екеуі бірге қайтып бара жатыр екен. Сонымен көршіме «құрбыңмен таныстырсаңшы» дедім. Ол таныстырмай қойды. Сонымен барлығымыз студенттер мінетін №17 деген автобусқа міндік. Жаңағы қыздың тұратын жері маған жақын екен. Мен сегізінші шағын ауданда, ол жетінші шағын ауданда тұрады. Сонымен автобуста қолынан қысып, танысудың амалын жасадым. Бірақ ол қашқақтап, жақтырмайтын ыңғай танытты. Мен де қайтпадым. Сонымен қасына әйтеуір адам көп болса да қысылысып барып, жақындап есімін сұрадым. Есімі – Айнұр екен, – дейді сазгер.
Осылайша Қанат Айнұрмен танысып алғаннан кейін сабақтан бірге қайтуды әдетке айналдырған. Осы бір жақындық жігіттің бойындағы ғашықтық сезімін оятса керек. Көп ұзамай «Сен – менің бақытымсың» әні дүниеге келеді.
Мәтіні мен әуені қалай жазылды?
«Сен – менің бақытымсың» әнінің мәтіні мен әуенінің жазылу процесі де өте ерекше болған.
Бір күні «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен лекция жүріп жатқан. Бәрі тыныш, сабақ өз ырғағымен өтіп жатыр. Бірақ менің ойымның бәрі Айнұрда еді. Сол сәтте, сол сезіммен, партаның артында отырып, өлеңнің алғашқы шумағын жаза бастадым. Ұстазым мұны кенеттен байқап қалып, «сен неге лекция жазбай отырсың?» деп сұрады. Мен бұрыннан апайдың ашық сабақтарында ән айтып беретін, көмектесетін ерке оқушысы едім. Сөйтіп, «апай, ренжімеңізші. Мен лекцияны кейін көшіріп аламын. Қазір шабытым келіп, өлең жазып отыр едім» дедім. Ұстазым бұған түсіністікпен қарап, «ой, өлең жазған жақсы ғой. Жарайды, шабытыңды бұзбайын» деп рұқсатын берді, – деді Қанат Елікбаев.
Үйге барған соң да, әннің сөздері Қанаттың санасынан кетпей қояды. Ол қолына гитарасын алып, әннің әуенін құрастыра бастайды.
Жаңа ғана жазылған шумақтарға шынайы сезімнің әуені өздігінен келді. Сол сөздердің ырғағына сүйене отырып, ән туды, – дейді ол.
«Жігер» тобы қалай құрылды?
«Сен – менің бақытымсың» әні «Жігер» тобының құрылуына үлкен септігін тигізді. Қанат Елікбаевтың айтуынша, «Жігер» тобы басында дуэт болуды жоспарлаған екен.
Сурет: Қанат Елікбаев
Бастапқыда «Жігер» деген атымыз қойылмаған. Сол кезде қасымдағы досым Болатбек Досыбаев екеуміз бірге жүргенбіз. Осы «Сен – менің бақытымсың» әнін жазамыз деген жоспар болды. Жазуын жазып, екі шумағы бар, үшінші шумақты келтіре алмай жүрдім. Ақын емеспіз, оның үстіне әлі де жас баламыз. Содан кейін Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында маған ұстаз болып, білім беріп, тәрбиелеген Шахризада Өсерова деген апайыма үшінші шумағына көмектесіп жіберіңізші деген өтінішпен бардым, – деді ол.
Сөйтіп, Қанат досы Болатбекпен мектепке барып, сол жерде он бірінші сыныпта оқып жүрген Данияр Жүнісалиевті кездестіреді.
Мектептегі акт залына барсақ, Данияр деген жігіт сабағынан қашып, концертке дайындалып отыр екен. Сонымен «осындай бір өлең шығарып едім, соның үшінші шумағын Шахризада апайыма жолығып, жазуға көмектесіп жіберіңізші деп айтуға келдік» деп едім, ол «қандай ән?» деп сұрады. Әнді сол жерде орындап бердім. Данияр қолындағы аспабына салып тартты. Ән Даниярға да қатты ұнап қалды, «жігіттер, үшеуіміз бірге айтайықшы, трио болайықшы» деді. «Әке-шешем медицина саласына оқуға түс деп жатыр. Бірақ мен өнер жолын қимаймын. Егер үшеуіміз бірге топ ашсақ, мен өнер жолына түсемін» деді, – дейді әнші.
Сурет: Қанат Елікбаев
Сөйтіп, Қанат Болатбек екеуін таныстырды. Болатбек басында Даниярды танымаған соң, топқа қосуға қарсы болыпты. Бірақ кейіннен оның жақсы жігіт екенін түсініп, келісімін берді.
Біз де «Музарт» тобы секілді Таразда құрылған топ болайық дедік. Осылайша үшеуіміз трио болып кеттік. Әнді дайын болғанда барып жаздырдық. Әнші Ғани Мәтебаев әнді құлпыртып әрлеп берді. Дауысты Шымкентке барып жаздырдық. Бәрі дайын болғаннан кейін алғаш рет Тараз қаласында бір концертте орындап шықтық. Сосын университеттіегі түрлі шараларда орындап жүрдік, – деп есіне алды әннің авторы.
Әннің клипіне Қанаттың музасы түсті ме?
Қанат Елікбаев клипке өзінің ұнатқан қызын түсіре алмаған. Өйткені ол Алматы қаласында болса, Айнұр сол сәтте нағашыларына Қызылордаға кетіп қалған.
2005 жылы сазгер, ақын Бауыржан Есебаев ағамыз бізге продюссер болып, Алматыға алып келді. Бауыржан ағамызбен бірге біраз жұмыс істедік. Одан кейін Шолпан Жүнісәлі деген апайымызбен жолықтық. Ол кісі бізге демеуші болады. Кейіннен Бауыржан Есебаев өзі жеке әнші болғысы келетінін айтып, топтан бөлініп шықты. Біз Шолпан Жүнісәлімен бірге қалдық. Ол кісі «әрі қарай өзім продюссер, әрі демеуші боламын» деп бізге «Сен – менің бақытымсың» әніне клип түсіріп береді. Оған кастингтен өткізіп, балет академиясынан бір қызды алып келеді. Актрисаны Шолпан Жүнісәлі мен режиссер екеуі таңдайды. Сонымен клипке сол қыз түседі, – дейді ол.
Халық әнге қандай баға берді?
Әншінің сөзінше, ән шыққан бойда халыққа тез тарап кеткен.
Біз Тараз қаласынан Алматыға «Сен – менің бақытымсың» деген кассетамызды шығарып әкелдік. Бірден тез тарап кетті. Таразда жүргенде сабақтан шыққасын самса жейтін жеріміз болатын. Бірде самса жеп отырсақ қасымызда кассета сататын жерде біздің ән шырқалып тұр. Қуанғаннан әлі сатушыға барып «мына әнді біз айтамыз» десек сенбеді. Болмағасын кассетаны ашып, суретті көрсеткенде барып таңырқап қарады, – деді ол.
Қанат Елікбаев әнді көбі жақсы тыңдап, ұнатқанымен, сын айтқан адамдар да болғанын айтты.
Дегенмен де сөзге деген қаталдық жақсы болатын. «Сөзің – жас баланың сөзі, шала. Сен – ақын емессің. Сөз жазба, композитор бол. Ән әдемі, жақсы екен. Сол әндерді шығарып отыр да, сөзін ақындар жазсын» деген сөздерден кейін әнге сөз жазуды қойдым. Шамасы өзіме деген сенімділікті жоғалтып алсам керек. Бірақ ән жазуды тоқтатпадым. Әрі қарай Мұқағали Мақатаевтың кітаптарын оқып, оның сөздеріне біраз әндер шығардым. Сөйтіп, ақындармен ғана жұмыс істеп, композитор болып қаламын деп шештім, – деді әнші.
Айнұр Елікбаева әнді қалай қабылдады?
Қанат Елікбаев бастапқыда Айнұрдың әнді оған арнағанына сенбегенін айтты.
Ән алғашқыда жарыққа шыққан кезде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Журналистика факультетінде оқып жүргендер менен сұхбат алып, студенттердің журналына шығарады. Сол сұхбатта әннің шығу тарихын, ғашығымның есімі Айнұр екенін айттым. Оны басқа студенттер Айнұрға жеткізген. Жас, студент болғаннан кейін алып-ұшып жүрген кезіміз ғой. Айнұр басында сенбеді. «Қойшы, кім біледі қай қызға арнағаныңды» дейтін. Расында да мен көп қыздармен жүретінмін, бірақ сол бір Айнұрды ғана шын сүйдім, – дейді әнші.
Суреттер: Қанат Елікбаев
Сөйтіп, Қанаттың сүйіп қалған қызы Айнұр Елікбаева – өзінің жұбайы болды.
Қанаттың жары қыздардан қызғанды ма?
Әншінің сөзінше, ән жарыққа шыққанда оған біраз қыздар ғашық болып, жұбайы қызғанған.
Айнұр мінезі тұйықтау болатын, сыртына қатты білдіре бермейтін. Бірақ қызғанбайтын адам жоқ қой. Сүйгеннен кейін қызғанады. Оның үстіне үнемі сапарлатып сыртта жүрдім. Концерттен кейін қыздар топырлап келіп суретке түседі , – деді Қанат Елікбаев.
Сурет: Қанат Елікбаев
Жары Айнұр әншінің таңдаған жолына барынша қолдау білдірген.
Басында отбасы қарсылық білдірді. Себебі әншінің үйде болғаннан түзде болғаны көп. Ертең арада қызғаныш сезімі болады. Сондай сәттерде араларың қиындап кетеді деген күдіктері болған Бірақ Айнұр осының барлығына төтеп берді. «Өзімнің қалауым, өзімнің таңдағаным» деп бәріне көнді ғой, – деді әнші.
Әнші қазір қайда?
Әнші бүгінде отбасымен тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Сурет: Қанат Елікбаев
2009 жылы әке-шешемді Алматыға көшіріп алдым. 2011 жылы жер үй салып, қара шаңырақ көтердім. Қазір үш перзентім бар. Үлкен ұлымның есімі – Нұрахмет, он бес жаста. Осы тоғызыншы сыныптан кейін Алла қаласа, колледжге түсейін деп жатыр. Екіншісі қыз бала жетінші сыныпты бітіріп жатыр. Есімі – Аяжан. Үшінші кенжеміз қыз бала. Ол бірінші сыныпты бітіріп жатыр. Есімі – Еркежан. Аллаға шүкір барлығымыз осы Алматы қаласында тұрып жатырмыз, – деді Қанат Елікбаев.
Сөзі мен әні: Қанат Елікбаев
