Жаңалықтар

Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде кадрлық потенциалды нығайту қалай жүріп жатыр

Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде кадрлық потенциалды нығайту қалай жүріп жатыр
Фото: El.kz / Артем Чурсинов 03.06.2024 07:49 580

Қазақстан биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында кадрлық потенциалды нығайтуды басты бағыттарының бірі ретінде белгілеп отыр. Бұл бағытта кәсіби мамандарды даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ғылыми зерттеулерді қолдау арқылы биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге ұмтылуда. Елдің денсаулық сақтау жүйесі мен ұлттық қауіпсіздік саясатының ажырамас бөлігі болып табылатын биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ ғылым департаментінің директоры Нұргүл Сихаевамен сұхбаттасып, биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқыладық.

El.kz: Биологиялық қауіпсіздік дегеніміз не және оның маңызы қандай?

Нұргүл Сихаева: Биологиялық қауіпсіздік дегеніміз бұл адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (яғни атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер бетінің және топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуының, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін жай-күйі болып саналады. Биологиялық қауіпсіздіктің маңыздылығы құқықтық нормаларды, санитарлық-гигиеналық және санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді, технологиялық және ұйымдастырушылық-техникалық талаптарды сақтай отырып, адамдарды, жануарлары мен өсімдіктерді жұқпалы аурулармен жұқтырудың алдын алуға, азайтуға және жоюға бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралармен анықталады.

El.kz: Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қазіргі жағдайы қалай?

Нұргүл Сихаева: Мемлекет басшысы коронавирустық пандемиямен байланысты ағымдағы биоқатерлерді ескере отырып, Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеуді тапсыруына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заң жобасын 2022 жылы 20 мамырда әзірледі Биологиялық қауіпсіздік туралы заң өсіп келе жатқан және алуан түрлі инфекциялық аурулардан халықты қорғау мен тиімді реттеуді қамтамасыз ету үшін құрылды. Негізгі себептерге трансшекаралық табиғи ошақтардың алдын алу, қауіпті инфекциялардың транзиттік әкелінуі және ықтимал биотерроризм актілері, сондай-ақ инфекциялық аурулардың өсуі, биологиялық материалмен жұмыс істейтін объектілердегі апаттар және биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрлардың жетіспеушілігі сияқты ішкі факторларды басқару қажеттілігі жатады. Бұл заң ұлттық биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстанда және халықаралық деңгейде саланың ғылыми-өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Үкіметтің 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №910 қаулысымен оның құрамына бірқатар ғылыми ұйымдарды бере отырып, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы құрылды. Холдинг қызметінің негізгі міндеті - биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биофармацевтикалық нарық инфрақұрылымын орнықты дамыту және жетілдіру, биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіптің дамуын ынталандыру, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімге қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жарғылық капиталдарына мемлекеттік қатысу үлестері Холдингтің иелігіне және пайдалануына берілген заңды тұлғаларды тиімді басқару болып айқындалды.

El.kz: Биологиялық қауіпсіздік саласында кадрлық потенциалды нығайту үшін қандай шаралар қолданылады?

Нұргүл Сихаева: Биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту үшін ғылыми және өндірістік мамандарды дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Біріншіден, ірі ғылыми жобалардың жүзеге асырылуы, бұл білікті кадрларды тартуға және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға ықпал етеді. 2023 жылы Холдингтің еншілес ұйымдарының ғылыми қызметкерлері Web of Science халықаралық базасына кіретін журналдарда 77 және Scopus базасына базасына кіретін журналдарда 81 мақала жариялады, бұл ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейін және халықаралық ғылыми коммуникацияға қатысуын көрсетеді.

Екіншіден, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ еншілес ұйымдарының ғылыми қызметкерлерінің штаттық саны 2024 жылға 687 бірлікті құрайды. Олардың ішінде 35 ғылым докторы, 121 ғылым кандидаты, 62 PhD докторы, 60 профессор және 254 магистр бар. Жоғары білікті мамандар тәлімгер және жетекші қызметін атқара отырып, жас ғалымдардың өсуіне айтарлықтай ықпал жасауда. Мәселен, академикалық дәрежесі бар қызметкерлердің тәжірибесі мен білімі жас ғалымдарға үлгі болып, олардың ғылыми дағдылары мен жұмыс әдістерін дамытуға көмектеседі.

Үшіншіден, Холдинг жас ғалымдарға тренингтерден, курстардан және басқа да біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өтуге мүмкіндіктер жасайды. Мысалы, 25 жас маман ДДҰ және Оңтүстік Кореяның Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі қолдайтын Global Training Hub for Biomanufacturing бағдарламасы аясында біліктілігін арттырды. Сондай-ақ Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының оқу базасында 198 маман биологиялық қауіпсіздік саласында біліктілікті арттыру бойынша оқудан өтті.

Бұл шаралар биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға кешенді көзқарасты көрсетеді, ғылыми кадрларды дамыту және олардың кәсіби өсуі мен біліктілігін арттыру үшін жағдай жасайды.

El.kz: Осы саланың мамандарын даярлау барысында қандай қиындықтар кездеседі?

Нұргүл Сихаева: Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлауда бірнеше негізгі аспектілер бойынша қиындықтар кездеседі. Ең алдымен, мамандандырылған бағдарламалар мен оқу материалдарының жетіспеушілігі байқалады. Оқу орындарында биологиялық қауіпсіздік бойынша мамандандырылған курстар саны шектеулі, әрі ұлттық тілдегі оқу материалдары мен ресурстардың тапшылығы байқалады. Сонымен қатар, практикалық тәжірибенің болмау мәселесі де орын алуда. Шынайы жағдайларда практикалық тәжірибе алу және зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері шектеулі, ал жетекші халықаралық орталықтармен тәжірибе алмасу және тағылымдамалар жеткіліксіз.

Қаржылық шектеулер де елеулі қиындықтардың бірі болып табылады. Білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер жеткілікті қаржыландырылмайды, ал зертханаларды жаңғыртуға және қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражаттар шектеулі.

Әртүрлі мемлекеттік органдар мен оқу орындары арасындағы әлсіз үйлестіру мен өзара әрекеттесу биологиялық қауіпсіздік саласында кадрларды дайындауды күрделендіреді және биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды даярлау бойынша бірыңғай стратегия мен іс-қимыл жоспарының болмауы бұл мәселелерді тиімді шешуді қиындатады.

El.kz: Биологиялық қауіпсіздік саласында халықаралық тәжірибені қалай пайдаланасыз?

Нұргүл Сихаева: Биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибені қолдану бірнеше негізгі аспектілерді қамтитын кешенді тәсілді талап етеді. Біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) және Еуропалық биоқауіпсіздік агенттігі сияқты жетекші халықаралық ұйымдар әзірлеген озық тәжірибелер мен стандарттарды енгізу қажет. Бұл стандарттар мен хаттамалар биологиялық агенттермен және материалдармен жұмыс істеу кезінде қорғаудың және бақылаудың жоғары дәрежесін қамтамасыз етеді.

Екіншіден, халықаралық конференцияларға, семинарларға және тағылымдамаларға белсенді қатысу арқылы білім мен технология алмасуды жолға қою маңызды. Мұндай іс-шаралар әртүрлі елдердің мамандарына тәжірибе алмасуға, биологиялық қауіпсіздік саласындағы соңғы жетістіктерді талқылауға және ортақ мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді. Халықаралық форумдарға қатысуды қолдау ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен бірлескен жобаларға әкелетін байланыстар мен серіктестіктерді орнатуға да ықпал етеді.

Үшінші маңызды элемент – бірлескен зерттеулер мен жобаларды жүргізу үшін шетелдік ғылыми мекемелермен және ұйымдармен ынтымақтастық. Бұл ынтымақтастық ғылыми деректермен алмасуды, бірлескен эксперименттерді және биоқауіпсіздік саласындағы жаңа технологияларды әзірлеуді қамтуы мүмкін. Мұндай серіктестіктерді орнату ресурстар мен білімді үлкен нәтижелерге қол жеткізу үшін біріктіруге мүмкіндік береді.

Биологиялық қауіпсіздікті басқарудың сәтті халықаралық үлгілерін жергілікті жағдайларға бейімдеу де маңызды рөл атқарады. Халықаралық стандарттарды енгізу кезінде елдің мәдени, экономикалық және экологиялық ерекшеліктерін ескеру маңызды. Бұл биологиялық тәуекелдерді неғұрлым тиімді және тұрақты басқаруды қамтамасыз етуге көмектеседі. Сонымен қатар, мамандардың біліктілігін арттыру үшін халықаралық сертификаттау және аккредиттеу бағдарламаларын қолдану кәсіби дағдылар мен білімнің дамуына ықпал етеді.

El.kz: Кадрларды даярлау және қайта даярлау үшін қандай бағдарламалар мен курстар ұйымдастырылады?

Нұргүл Сихаева: Масғұт Айқымбаев атындаңы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы, Биолгиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институты  аясында оқу орталығы бар. Орталықтың негізгі мақсаты – биологиялық қауіпсіздік бойынша оқу орнынан кейінгі білім беру, кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыру болып табылады.

Сонымен қатар, 2023 жылы Холдинг Астана медициналық университетімен, Асфендияров атындағы медициналық университетімен, Семей және Марат Оспанов атындағы жоғары медицина университеттермен биологиялық қауіпсіздік бойынша магистратура мамандығын оқыту бөлімін ашу жайлы келіссөздер жүргізген болатын. Сонымен қатар, Холдинг Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп «Биотехнология және биологиялық қауіпсіздік» мамандығы бойынша жаңа магистрлік білім беру бағдарламасын бастады. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама бойынша 9 адам мемлекеттік грант негізінде оқуды жалғастыруда.

El.kz: Биологиялық қауіпсіздікке қатысты қандай жаңа технологиялар мен әдістер қолданылады?

Нұргүл Сихаева: Жаңа технологиялар мен инновациялық әдістер зертханалар мен зерттеу нысандарында қауіпсіздік хаттамаларын, анықтау мүмкіндіктерін және тәуекелдерді басқаруды жақсарту билогиялық қауіпсіздіктің алдын алу шараларының негізгі құралы деп айтуға болады. Елімізде биологиялық қауіпсіздік ұғымы енді ғана арнайы орнын тауып, дамып  анықталып жатыр.

Жаңа тәсілдерді тек қана технология мен зерттеулерге ғана қажет етпейді, сонымен бірге страгиялық болжамдау, қауіптерді бағалау және мониторинг, мамандардың біліктілігін арттыру және білім беру саласы да қажет етеді. Осы мақсаттарға жетудің механизмінің бірі – QazBioPharm сияқты ғылыми-өндірістік кластер құру. Инновациялық өнімдерді (иммунобиологиялық препараттар, диагностикалық тест-жүйелер және адам мен жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге арналған дәрілік заттар), білімді Холдинг және оның еншілес ұйымдары негізінде жаңа технологияларды таратудың кеңістігі құрылуда. Мысалы, казіргі кезде заманауи high tech технологиялар, ГИС технолгиялары, CRISPR технологиялары, биоөндіріс технологиялары  т.б. қолданылуда.

El.kz: Қауіпті биологиялық агенттерді анықтау және алдын алу бойынша қандай зерттеулер жүргізілуде?

Нұргүл Сихаева: Қоздырғыштардың таралуын қадағалау үшін биомониторинг және эпидемиологиялық зерттеулер жүргізіледі. Қауіпті биологиялық агенттерді анықтау және алдын алу бойынша зерттеулер генетикалық, серологиялық тәрізді бірқатар диагностикалық әдістер қолданылады. Жаңа вакциналар мен емдік препараттар әзірленуде. Биологиялық қауіпсіздік және биоқауіпсіздік техникасы зерттелуде, соның ішінде зертханалық хаттамалар мен жеке қорғаныс құралдарын жетілдіру. Иммундық жауаптың механизмдері зерттелуде және иммуномодуляциялық препараттар жасалынуда. Патогендерді талдау үшін биоинформатика және геномика саласында зерттеулер жасалынуда. Зооноздық инфекциялардың алдын алу үшін қоздырғыштардың табиғи резервуарлары зерттелуде.

El.kz: Биологиялық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру үшін қандай ұсыныстарыңыз бар?

Нұргүл Сихаева: Биологиялық қауіпсіздік саласында мамандар бүкіл еңбек жолында біліктілігін арттырып отыруы қажет. Себебі заманның және қоғамның дамуына сәйкес әр бір сала да дамып отырады және жаңа кедергілер пайда болып тұрады.

Биологиялық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру үшін үздіксіз білім беру және оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру қажет, соның ішінде кәсіби даму курстары, семинарлар мен вебинарлар арқылы жаңа технологиялар мен әдістер туралы білімдерін жаңарту, сондай-ақ, халықаралық тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету мақсатында шетелдік мамандармен және ұйымдармен бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру маңызды. Сонымен қатар, мамандарды ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатысуға ынталандыру, зерттеу жұмыстарын жүргізуге және жариялауға қолдау көрсету қажет.

Биологиялық қауіпсіздік мамандарының біліктілігін арттыру денсаулыққа және қоршаған ортаға қауіп-қатерге тиімді әрекет етуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұған биологиялық қауіпсіздік негіздерін, тәуекелді бағалау әдістерін және биологиялық агенттермен қауіпсіз жұмыс істеу процедураларын қамтитын курстар мен тренингтер құру арқылы қол жеткізуге болады. Сертификаттау және лицензиялау бағдарламаларын әзірлеу өнімділік стандарттарын жақсартуға көмектеседі. Модельдеу үлгілерін пайдалана отырып, практикалық оқытуды қамтамасыз ету және онлайн өздігінен білім алу ресурстарын құру да маңызды. Халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу әртүрлі елдердің мамандарына озық тәжірибені үйренуге көмектеседі, ал ғылыми зерттеулерді қолдау осы саладағы жаңа әдістер мен технологияларды дамытуға ықпал етеді. Білім беру мекемелерімен серіктестік орнату және мамандандырылған департаменттер немесе агенттіктер құру да биоқауіпсіздік дағдыларын жақсартуға көмектеседі.

El.kz: Қоғамдық және жеке секторлардың биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі қандай?

Нұргүл Сихаева: Биологиялық агенттермен тек қана қоғамдық секторлар ғана емес жеке секторлар да бірқатар жұмыс жасайды. Жалпы, қай жерде тіршілік көзі бар сол жерде биологиялық агенттер, биологиялық құбылыстар болады. Олар өз кезегінде адамдарға, мал мен егінге зиянын тигізеді. Сондықтан елімізде барлық секторлар биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіуі қажет.

Қоғамдық сектор, яғни үкіметтік органдар мен мемлекеттік мекемелер, биологиялық қауіпсіздік стандарттарын әзірлеу, нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау және олардың орындалуын бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін жауап береді. Олар сонымен қатар ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және білім беру бағдарламаларын қолдау арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жеке сектор, өз кезегінде, инновациялық технологиялар мен өнімдерді әзірлеуде, оларды коммерцияландыруда және биологиялық қауіпсіздікке қатысты заманауи шешімдерді енгізуде басты рөл атқарады. Жеке компаниялар жаңа диагностика құралдары, вакциналар мен терапевтикалық препараттар жасап шығарып, олардың кеңінен қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға