Жаңалықтар

Биологиялық қауіпсіздік саласында заманауи технологтарға сұраныс артты

Биологиялық қауіпсіздік саласында заманауи технологтарға сұраныс артты
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 26.03.2024 17:20 1410

Елімізде биологиялық қауіпсіздік саласының мәселелері туралы қызу талқылаулар ұйымдастырылып жатады. Соның ішінде мамандар биотехнология, биомедицина, ветеринария саласында маман дайындау мәселесіне назар аудару керек екенін айтады. Тіпті, сұраныстағы білікті мамандарды даярлау үшін арнайы оқу бағдарламалары дайындалады. Осы орайда Қазақстанның жоғары оқу орындарында «Биологиялық қауіпсіздік» мамандығы бойынша мамандар дайындау жұмыстары туралы «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы бас директорының биологиялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Дәулет Алдынгуровты сөзге тарттық. Дәулет Қадырұлы ғылымға деген қызығушылықты бала кезден қалыптастыру керек дейді.

El.kz: Еліміздегі жоғары оқу орындарында «биологиялық қауіпсіздік» мамандығы бойынша оқыту қашаннан бастап жүргізілуде? Бағдарламаны ашу маман тапшылығынан туындады ма?

Дәулет Қадырұлы: Биологиялық қауіпсіздік саласындағы кадрларды даярлау әртүрлі бағыттар мен мамандықтарды қамтиды. «Биологиялық қауіпсіздік» саласы бойынша мамандарды даярлау – уақыт талабы. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы негізгі мамандықтар - биология, ветеринария, медицина, қоғамдық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық іс, биотехнология, биомедицина және тағы басқа.

2023 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында 7М05105 – «Биотехнология және биологиялық қауіпсіздік» жеке білім беру магистратура бағдарламасы әзірленді. Ол экспертиза мен аккредитацияның барлық сатыларынан өтіп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі болон процессі орталығының білім беру бағдарламаларының тізіміне енгізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – биотехнология мен биоқауіпсіздікті дамыту үшін тиісті білімі мен дағдылары бар, биологиялық қорғау саласындағы ғылыми және өндірістік секторлардың мәселелерін талдауға және шешу жолдарын табуға қабілетті заманауи технологтарды дайындау. 2023 жылдан бастап магистратураға алғашқы студенттер қабылданып оқытылып жатыр, оларға оқуды аяқтаған соң академиялық магистр дәрежесі беріледі.

Биологиялық қауіпсіздік саласында заманауи технологтарға сұраныс артты

El.kz: «QazBioPharm» ұлттық холдингінің жоғары оқу орындарымен бірлесіп ашқан білім беру бағдарламасы бойынша оқыту процесі қалай жүріп жатыр?

Дәулет Қадырұлы: Білім беру бағдарламасының мазмұны негізінен оқытудың түпкілікті нәтижесіне қол жеткізуге бағытталған. Яғни, өндірісте жұмыс істеуге қабілетті магистратураның түлегін дайындау болып табылады. Сондықтан магистранттарға сапалы білім беру үшін білім беру бағдарламасы университет пен ғылыми институттардың базасында бірлесіп жүзеге асырылады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тәжірибелі профессорлық-оқытушылық құрамы және «QazBioPharm» ұлттық холдингінің жетекші ғылыми қызметкерлері студенттерді биотехнология, микробиология, вирусология, биомедицина, биоқауіпсіздік және тағы басқа ғылыми теориясы мен тәжірибесіне терең бойлайтын кафедраларда және ғылыми зертханаларда оқытуды жүргізеді. Яғни, бағдарлама микробиология, тамақ, ауыл шаруашылығы, фармацевтика өнеркәсібі және басқа да көптеген салалардағы ғылыми-зерттеу институттарының, өндірістік кәсіпорындардың биологиялық объектілерімен жұмыс істеуге дайын болуға бағытталған.

El.kz: «Биологиялық қауіпсіздік» мамандығы бойынша сұраныс қандай? Биыл қанша студент білім алуда?

Дәулет Қадырұлы: Елде және жалпы әлемде биологиялық қауіпсіздік саясатын табысты жүзеге асыру және дамыту үшін осы саладағы мамандарды даярлау ерекше маңызды және уақыт талабы. Бүгінгі таңда алғашқы 8 студент оқитын магистратураның білім беру бағдарламасы биоқауіпсіздік пен биоқорғауды дамытудағы маңызды қадам болып табылады.

Келер жылы білім алушылар саны артары анық. Болашақта бізге эксперттік деңгейдегі мамандар қажет, сондай-ақ бұл мамандық бойынша докторантура да жақын арада сұранысқа ие болады деп күтілуде.

El.kz: Студенттер іс-тәжірибеден холдингтен немесе холдингтің еншілес ұйымдарынан өту мүмкіндіктері бар ма?

Дәулет Қадырұлы: Әрине, оқу бағдарламасында теориямен практика қатар ұштастырылады. Білім алушылар іс-тәжірибені Холдингке бағынысты ғылыми институттардан, университеттегі зертханалардан өтеді. Бұл студенттердің тәжірибелерінің артып, кәсіби маман болып шығулары үшін үлкен мүмкіндік.

El.kz: Мамандық бойынша оқуын аяқтаған жас мамандар холдингке немесе еншілес ұйымдарға жұмысқа тұра ала ма? Жас мамандарды ынталандыру үшін қандай мүмкіндіктерді ұсына аласыздар?

Дәулет Қадырұлы: Бұл мамандықты тәмәмдаған түлектер холдингтің өзінде немесе ведомстволық бағынысты ғылыми-зерттеу ұйымдарында жұмысқа тұру мүмкіндіктері бар. Біздің бұл мамандықты ашу себебіміз де осы. Өзіміздің базамызда мамандарды даярлап, еліміздің жетекші ғылыми қызметкерлеріне айналдыру. Сондай-ақ Холдинг және еншілес ұйымдардағы ғылыми қызметкерлер шетелдің жетекші ғылыми-зерттеу институттарында біліктіліктерін арттыруда.

El.kz: Жас мамандардың осы сала бойынша ғылымға деген қызығушылықтарын қалай оята аламыз?

Дәулет Қадырұлы: Елдегі негізгі міндеттердің бірі жас мамандарды ғылыммен айналысуға ынталандыру. Айта кету керек, ғылыми жұмысқа деген қызығушылықты орта мектептен, студенттік шақтан ояту керек. Бұл бір қалыптасқан жүйені қажет етеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында тұр. Дәл осы жерде ғылыми, ғылыми-техникалық және ғылыми-инновациялық қызметтің өзекті әлеуметтік, кәсіптік және стратегиялық мәселелерін шешудің, жас ғалымдарға, ғалымдар мен академиктерге әлеуметтік жеңілдіктерді қоса алғанда, ғалым мәртебесін көтерудің жаңа тәсілдерін заңнамалық тұрғыдан бекіту, жалпы ғылыми қызметті дамытудың қолайлы жағдайларын жасау және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асырудың қаржылық-инфрақұрылымдық жағдайларын жақсарту ұсынылады. Әр бағыттар бойынша жас зерттеушілерді тарту мен дайындауға сөзсіз басымдылық беріледі.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға