Жаңалықтар

Әбілмансұр Серіков: «Елбасының рөлі мені қанаттандырды!»

«Балалық шағымның аспаны» фильмінде Елбасының 15-16 жасар кезін сомдаған жас актер Әбілмансұр Серіковпен «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті» қарсаңында кішігірім сұхбат құрдық.
28.11.2014 14:03 14247

«Балалық шағымның аспаны» фильмінде Елбасының 15-16 жасар кезін сомдаған жас актер Әбілмансұр Серіковпен «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті» қарсаңында кішігірім сұхбат құрдық.

Әбілмансұр Серіков: «Елбасының рөлі мені қанаттандырды!»

–  Бұл рөлге қалай бекітілдіңіз?

– Кастинг арқылы келдім. Бірақ кастингке барған кезде фильмнің Елбасы жайлы екендігінен хабарым болған жоқ. Бірнеше рет шақырды. Сөйтіп барып жүрдім. Түрімді ұқсатты. Кейіпкерге ұқсастық іздейді ғой енді. Сондықтан қатты іріктеу болды. Суреттерімен салыстырып көрді. Киімдерді кигізіп көрді, видео байқау өткізді.  Кастингтен өткеннен кейін іздене бастадым. Елбасының кітаптарын оқыдым. Елбасының балалық шағын сомдайтын болғаннан кейін балалық шағы туралы қарастырдым. «Қалай шығарсам екен, аға», – деп режиссер Рүстем Әбдірашевпен ақылдасып отырдым. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы кішкентай кезінде-ақ белсенді, беделді болған екен. Өз-өзін ұстауының өзі бір әңгіме. Режиссермен әрдайым талқылап, кеңесіп, әңгімелесіп отырдық.

– Осы рөлге бекітілгендігіңізді естігенде қандай сезімде болдыңыз?

– Оны бірден айтқан жоқ. Себебі, бұл рөлге біраз адам таластық. Ең соңында бес адамның ішінде мені таңдады. Әрине, қуанышты болдым. 15-16 жасар кезін сомдадым. Жігіттік шағына мені алғысы келген. Оған дене бітімім келмеді. Бір аптаның ішінде қалай толамын? (күліп). Нұрлан Әлімжан ағамыз жігіттік шағын сомдады. Түрі де ұқсас, дене бітімі де келіп тұрды.

– Кинодағы алғашқы рөліңіз бе?

– Жоқ. Оның алдында «Шолпанның күнәсі» (режиссері Болат Шәріпов) фильміне түскенмін. Сондай-ақ Рымбек Әлпиевтің «Ангелочки» сериалына түскенмін. Бірақ «Балалық шағымның аспаны» арқылы көзге түскендігім рас. Себебі, оның айналымы көп болды. Еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілді, телеарналарынан да берілді. Жылына отандық арналардан екі-үш рет көрсетіледі. Көрермені көп фильм.

Әбілмансұр Серіков: «Елбасының рөлі мені қанаттандырды!»

– Түсірілім кезіндегі қызықтар мен қиындықтар болса оқырмандарға айта отырсаңыз.

– Әрине, ондай сәттер болады. Актер болғаннан кейін де түсірілім алаңында да еркелеп, қалжыңдасқың келеді. Бірақ Елбасының рөлін ойнағаннан кейін, оның бәрі «арман». Бала болғаннан кейін көп нәрсеге шектеу жоқ қой, десе де ол кісі бала кезінде қатты еркелемепті.  Қызықтар көп. Тікұшақпен ұшып бара жатқанда жердегі құрт-құмырсқаның бәрі аузыма кіріп, айтатын сөзімді зорға айтқанмын. Әткеншекпен айналғаннан басым айналып, қан қысымым көтеріліп кеткен кездер де болды. Сондай қызықты сәттер. Керемет табиғатты көрдім. Көп қызғалдақтардың арасында жүрдік.  Ыстықта да, суықта да түсірілім болды. Бәрін көрдік қой (күліп). Дәл сол кезде өзімді актер ретінде толық сезіндім деп айта алмаймын. Бірінші курсты бітірген кезім болатын. Кейде балалармен қыдырып кетіп, ұйқым да қанбай қалған сәттер болды.

Әбілмансұр Серіков: «Елбасының рөлі мені қанаттандырды!»

– Бұл фильм сізге не берді, не үйретті?

– Жаңа бастамаларға жол ашты. Мені қанаттандырды. Жылы лебіздер естідім. Нұржұман Ықтымбаев, Ержан Жарылқасынов секілді ағалармен бірге түстім, олардың ақыл-кеңестерін тыңдадым, ақпарат алмастық. Сол кісілерден тәжірибе жинадым. Режиссермен тіл табысу, режиссермен жұмыс істеу дегеннің  өзі  бір жұмыс. Рүстем ағадан үлкен тәлім-тәрбие алдым. Ол өмірде де, өнерде де жарап жатыр.  Жаңа ұжыммен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет. Жаңа достар таптым. Және жауапкершілік артты. Көп жерде Елбасының рөлін сомдаған актер деп қарайды. Еңсеңді тік көтеріп жүру керексің.

– Елбасының өзімен кездестіңіздер ғой?

– Иә. Астанада бірінші рет жабық түрдегі фильмнің ашылу салтанаты болды. Сол премьера кезінде кездестік. «Көңілімнен шықтыңдар, керемет сомдадыңдар»,   – деп біткеннен кейін әрқайсымыздың қолымызды алып жылы лебізін білдірді. Содан кейін сол жерде бірге дастархандас болдық. Елбасының өзінен бір ауыз лебіз сөз естудің өзі бір мәртебе! Ол әрине біздерді қанаттандырады, шабытымызға шабыт қосады. Кейін «Қазақфильмге» келіп бәрімізге «Алғыс хатын» тапсырды.

Әбілмансұр Серіков: «Елбасының рөлі мені қанаттандырды!»

– Өзіңізге берілген рөлді алып шықтым деп айта аласыз ба?

– Ол жағын мен айта алмаймын. Оны көрерменнен және режиссерден сұрау керек.

– Сол рөлден кейін басқа киноларға шақыртулар көп болған шығар?

– Шақыртулар болды. Бірақ оқуыма, дипломдық спектакліме байланысты уақытым болмағандықтан, мұғалімім рұқсат етпегендіктен көбінен бас тартуға тура келді.  Бұйырған рөлдерді сомдай жатармыз әлі.

– Ұстаздарыңыз кімдер?

– 2009-2013 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының театр факультетінде оқыдым. Ұстаздарым: Рахилям Машурова, Роза Рымбаева, Айдын Сахаманов, Есләм Нұртазин. Осы кісілерден дәріс алдым. Сол кісілерден тәлім алып,  шыңдалып, шынығып, пісіп шықтық. Біздің курстың түлектері көбі өнерде. Театрда да, кинода да бар. Бірінші Аллаға, сосын сол кісілерге мың алғыс айтамыз. Өзім Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызметтемін. 

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан – Элеонора Әмір. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға