Билли Джин Кинг кубогы: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды

Әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы D тобына түсіп, Аустралия және Колумбия командаларымен бақ сынайтын болды. Матчтар осы жылдың сәуір айында өтеді.
2025 жылы Билли Джин Кинг Кубогының форматы өзгерді: турнир 12 команда қатысатын финалдық кезеңнен сегіз командаға ауысты. Іріктеу топтарында жеңіске жеткен алты командаға Қытай (турнир өткізілетін ел) және 2024 жылғы әлем чемпиондары Италия қосылады.
Әр топта 2-3 орын алған командалар аймақтық топтық турнирлерден үздік шыққан құрамалармен бірге плей-офф кезеңінде бақ сынайды. Ал 2026 жылдан бастап іріктеу және плей-офф кезеңдерінде «үйдегі/қонақтағы» ойындар форматы қайта енгізіледі.
