«Билл Гейтс па? Илон Маск па?». Төтенше хабарламаны неліктен тек Android қолданушылары алды
Мәжілістің жалпы отырысында байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша заң жобасы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Заң жобасына қатысты мәжіліс депутаты Сергей Пономарев төтенше жағдай кезінде халыққа біркелкі хабарландыру тарату мәселесі қалай шешілетінін сұрады.
Кешегі Алматыдағы жер сілкінісі халыққа ескертіп, хабар беретін дабыл жүйелерінің жұмысын айқын көрсетті. Алматыдағы жер сілкінісі Қазақстанның бірқатар аймағында, Өзбекстанда, Қырғызстанда сезілді. Google Android арқылы алматылықтарға хабар берген екен. Неге екені белгісіз, біз хабарламаны өзіміздің операторлар мен ТЖМ қызметкерлерінен алудың орнына, халықаралық жүйе арқылы алдық. Осы жерде мынадай сұрақ туады. Осындай төтенше жағдайда біздің жағдайымызды кім ойлауы керек? Билл Гейтс па? әлде Илон Маск па? Неліктен байланыс каналдары уақытылы жұмыс істемеді? Заң жобасы аясында біз қандай шешім таба аламыз?, - деді мәжілісмен.
Екатерина Смышляеваның сөзінше, қазіргі таңда хабарландыру жүйесіндегі ақауға кім кінәлі екені тексеріліп жатыр.
Ақпарат көзі уақытылы мәліметті жолдамаған немесе кей жерлерде құлақтандыру жүйесі қосылмаған шығар. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңда байланыс операторының қысқа хабарламаларды жіберу бойынша міндеттері бар. Алайда қысқа хабарламаларды жіберу бойынша мерзімде шектеу жоқ. Олар сол күн ішінде жіберілуі мүмкін дегендей. Тиісінше біз бұл жағдайды қайта қарастырып, шұғыл хабаламалар немесе хабарламаларды бірден жіберу ұғымын енгізудің қажеттігін көріп отырмыз. Яғни ТЖ кезінде хабарламалар қысқа әрі барлық пайдаланушыға тез жіберілуі керек. Сондықтан да заң жобасы аясында осы міндеттеме бойынша жұмыс жүргізуге болады. Екіншіден, қазіргі таңда жіберілімдердің кең көлемде хабар тарату технологиялары бар. Олар өнеркәсіптік эксплатуацияға енгізілмеген, тек пилот ретінде ғана қолданылды. Меніңше, бұл технология бойынша да жұмыс істеуге болады, - деп жауап берді Екатерина Смышляева.