Жаңалықтар

Білімдіге бес сауал/Жамбыл Артықбаев

Шәкәрімнен қалған сауалдарға Жамбыл Артықбаев жауап берді
Білімдіге бес сауал/Жамбыл Артықбаев
14.04.2017 11:24 8387

Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітәбінан дәлел көрсет деймін, (демеймін ?  Ж.Ж) тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен. Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын бәрібір, бірақ жауап қазақ тілімен жазылсын, яки, қазақша тәржіме етілсін. Бірлі-жарым араб, парсы, яки, орысша сөз кірсе, қазақша тәржімесі жазылса екен. Жауап неғұрлым ұғымды, қысқарақ сөзбен жазылса екен һәм не «Айқап» арқылы, не тура өзіме төмендегі адрес бойынша хатпен жіберілсе екен. Екеуінің қайсысына жазылса  да, қол қойылған болып, адресі көрсетілу тиіс, себебі, құдай жеткерсе, бұл туралы жазылған сөздердің бәрін жинап кітап қылып бастырмақ талабым бар. Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын. Ол ойымды дұрыс көрсеңіз жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміт етемін.

Бес сауал мынау:

Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Ең жақсы адам не қылған кісі?

Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?

Шаһкарим Хұдайберді оғлы

Адрес:

Ст. Аркат, Семипалатинская обл. Чингизской волости,

Шахкариму Худайбердину

(«Айқап». 1912.  №5,  96-бет)

Шәкәрім атамыздан аманатқа қалған бұл бес сауалының мәні мен маңызы қазіргі заманда да артпаса кеміген жоқ. Сол бес сұрақты біздің заманның білімділері  мен ұлт зиялыларына қоюды жөн көрдік. Сұрақтарға тарих ғылымының докторы, Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Жамбыл Омарұлы Артықбаев жауап берді.

─ Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

Әбілғазы баһадүр хан «Құдай тағала адамды жаратар болғанда, Жәбірейіл ғалаиссаламды жер бетінен топырақ алып кел деп жұмсады. Ол жерден топырақ алмақ болғанда, жер хәл тілінде одан не қылғалы жатырсың деп сұрады. Жәбірейіл келген жұмысын айтып еді, жер: «Менен топырақ алмаңыз, өйткені ертең адам перзенттері көбейгенде, бірі кәпір, бірі залым, бірі күнәһар болып, құдайдан азап шегер» - деді. Жәбірәйіл қайтып келіп, Құдай тағалаға жердің айтқанын жеткізді. Құдай тағала Мәкайыл ғалаиссаламды жіберді, ол да сол сөзді айтып келді.Одан соң Құдай тағала Исраиыл ғалаиссаламды жіберіп еді, ол да топырақ алмай, естігенін айтып келді. Одан кейін Құдай тағала Әзірейіл ғалаиссаламды жіберді. Жер оған да жоғарыдағы айтқандарын айтып еді, Әзірейіл «сенің айтқаныңнан Құдайдың хұкімі күштірек» деп, қазіргі қағба тұрған жерден топырақ алып келді. Құдай тағала өзінің құдіретімен ол топырақты қамыр қылып, одан адамның суретін жасап, отыз тоғыз күн Мекке мен Таифтың арасына қойды. Қырық күн дегенде оған жан бітірді. Ібілістің адамға сәжда қылмағаны, адамның бейішке барып, одан бұл дүниеге қайтып келгені айдан анық, күннен мәшһүр болғандықтан, оның несін айтайын» деп әрі қарай адамзат тарихын таратып әкетеді.

Шәкәрім «атамыз Адам пайғамбардан бері қарай атадан атаға үзілмей жазылып келген шежіре ешбір жұртта жоқ” дейді, яғни  Алланың адамды не мақсатпен жаратқанын анықтау мүмкін емес және қажеті де жоқ. Бұл жерде біз Мәшһүрдің «адамның жете білуіне көнбейтұғын нәрсе – Алла тағаланың заты, жаратушы Құдай тағаланың қандайлығын, нешік екендігін ойы, білімі меңгеріп біле алмайды» деген сөзін жетекшілікке алуымыз керек.

─ Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Бұл жерде Абайдың «Тіршіліктің несі сән – тереңге бет қоймаса» деген ғақлият сөзін жетекшілікке алуымыз керек.

─ Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Адамның менікісі өледі, мені қалады, яғни дене өледі, рух қалады.  Рахат – бейнетті көретін рух! Тіршілікте қылған ісіне де о дүниеде рухтың жауап беретіні сөзсіз. Мен өз басым осылай есептеймін.

─ Ең жақсы адам не қылған кісі?

Иманды кісі ! Бұл жерде  сопылықтың мына шарттары есте болуы керек:

Біріншіден ақиқат  ол шындықпен болмақ,

Екіншіден – жақсы менен жаманды танымақ.

Үшіншіден  ұлық іске бұрын қол салмақ,

Төртіншіден  Алланың ісіне разы болмақ,

Бесіншіден  өзінің нәсібіне разы болмақ («Кәлима хақиқат»).

─ Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Қай заманда болмасын адамзат баласы ақырзаманды күтіп, өз заманына  риза болмай отырады. Адам сол қалпы, бәз баяғы қалпы! Қатты өзгерген жоқ деп есептеймін.

Атамыздан қалған аманат сұрақтарға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға